Атырау, 20 сәуір 13:38
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Кәсіпкерлер Кедендік одаққа разы емес

3 821 просмотра

«Атамекен» Одағы» Қазақстан Ұлттық экономикалық палатасының кедендік істер жөніндегі сарапшысы Хаким САБИРОВ Атыраудағы бизнесті баяу деп есептейді және оны қызу белсенділікке шақырады.

 

ЖЕЛІЛІК САУДА БАСЫМДЫ СЕКТОРЛАР ТІЗІМІНДЕ

«Бизнес қарқынды болуы тиіс. Ол қазір әкімшілік кедергілерді жоюға қатысты селқостық танытып отыр. Біз барлық нормативтік шешімдердің жобаларын осында жолдаймыз, бірақ олар бойынша ескертпелер аз болады. Ал бізде мемлекет кәсіпкерлерден не қажет деп сұрайтындай жағдай қалыптасты ғой» - деп атап өтті ол Атыраудағы кәсіпкерлердің «Бизнестің жол картасы 2020» деп аталатын аймақтық конгресінде.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Атырау филиалының директоры Ербол ҚАЙРАНБАЕВ«Жол картасы» бағдарламасындағы өзгерістер туралы әңгімеледі. Ол үш бағыттағы: жаңа бизнес бастамаларына қолдау көрсету, кәсіпкерлік орталықты сауықтыру, экспортты-бейімделген өндірісті қолдау міндеттерін шешуге бағытталған. Облысымызда бірінші және екінші бағыт бойынша екі жобадан субсидиялау мақұлданды. Өзгерістер айналым құралдарын толықтыру несиелеріне қатысты болып отыр: бірінші бағыт бойынша - несие сомасының 30 пайызынан аспайтын, үшінші бағыт бойынша – несие сомасының 100 пайызына дейін. Бағдарламаның екінші бағытына қатысуға өтініштер беру мерзімі 2011 жылдың аяғына дейін ұзартылды. Екінші бағыт бойынша өтініштерді қабылдау процедурасы жеңілдетілді. Тағы бір өзгеріс желілік саудаға қатысты – енді ол бағдарламаның басымды секторларының тізіміне енгізілген. Ал негізгі үш бағытқа «Кәсіпкерлік мүмкіндікті күшейту» деген төртінші бағыт қосылған. Ол бизнесті жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған.

14 ПАЙЫЗ КӨПТЕУ БОЛАДЫ

Кәсіпкерлеріміз Х.Сабировтің пікірімен келіспеді. «Бізде шешілмеген мәселелер баршылық, олардың ішіндегі маңыздысы – қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді субсидиялау. Банктердің шарттары – жылдық 14 пайыз, бұл бізге қымбатқа шығады. Банктер қайта сақтандырылады, кепілдік мүлігін бағалау кезінде оның нақты құны өте көп төмендейді. Кәсіпкерлердің көпшілігі банктерге баруға беттерінен басады. Салық қызметкерлерінің есеп-шоттарды жауып тастауына қатысты қиын жағдай туындап отыр – тіпті 500 теңге бережағы болса да шотты жауып тастауы мүмкін. Шотты ашуға кем дегенде 10 күн уақыт кетеді», - дейді облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрайымы Әлия БЕКҚОЖИЕВА. Бизнесмендер Атырауда үнемі белгілі бір проблемалармен бетпе-бет келіп қалып жатады: ереже бойынша арақ-шарап өнімдерін сататын нысандар балалар мекемесінен 100 метрден көп қашықтықта орналасуы керек. Атырауда жер тапшы болып тұрғандықтан, мұны жасау өте қиын. Келесі мәселе – электронды сатып алу жүйелерінің жетілдірілмегендігі. Бағасы сапасына қарағанда қымбат тұрады. Бұдан басқа, мұнай өлкесінің бизнесмендері шетелдік жер қойнауын пайдаланушылардың серіктестері тізіміне «енгенде», үлкен қиыншылықтарды бастан өткереді. «Біздің негізгі проблемаларымыз кедендік одақ енгізіліп, көптеген кеден қызметін салық қызметкерлеріне бергеннен кейін басталды», - дейді бизнесмендер. Кедендік одаққа кірген уақытта Қазақстанның кедендік заңнамасы Ресеймен және Белоруссиямен салыстырғанда озық болатын. Бүгінде бұл мәселе бойынша 10 жылға кейін шегінгендей болып отырмыз. Біз үшін әрбір жеткізілім проблемаға айналатын болды.

КЕЛІСІМГЕ КЕТКЕН БІР ЖАРЫМ ЖЫЛ

Кәсіпкер Кенжетай РАМАЗАНОВ бір жарым жылдан бері жаңа жобаны іске асыру үшін қажетті «бегунок» деп аталатын келісім қағазына қол жеткізе алмай келеді. «Бегунокта» «келісім» беретін 16 мекеме бар. «Мен оны 18 ай бұрын толтыра бастаған едім. Бір қызығы: алтыншы нөмірлі мекемедегі шенеунік әуелі жетінші нөмірде тұрған мекеме қол қойсын дейді. Ал әлгі жетінші өз кезегінде сегізінші орындағы мекеменің қолын талап етеді. Әрі қарай солай кете береді, - дейді К.Рамазанов. – Осы уақыт ішінде мен түрлі 35 арыз, өтініш, хаттар және т.б. жаздым. Белгілі бір мекемеге 14 мәрте баруға тура келді». Оның пікірінше, шенеуніктер әрі итеріп, бері жықпас үшін осы құжатты толтыру тәртібін өзгерту керек.

«Коррадо» заң қызметінің директоры Татьяна ВРАНЧЕВА өзіне кәсіпкер-клиенттерінің қандай мәселелермен келетінін және өзінде де кездесіп қалатын мәселелер туралы әңгімеледі. Біріншіден, бұл жалған кәсіпкерлер контрагенттерінің есеп-шоттарын жабу. Ешқандай кінәсі жоқ адал серіктестерінің шотына түрлі жағдайларға апарып соғатын тыйым салынады. Екінші проблема – кәсіпорынды ашудың мерзімі мен шарттарының өзгеруі. Бұрын бұл процедураларды 3 күн ішінде аяқтауға болатын еді. Құжаттар сенімхат бойынша толтырылатын. Бүгінде «бір терезе» әдісі бойынша рәсімдеу бір аптаға созылады. ХҚО-да жалға алу келісім-шартын талап етеді. Ал мұның болашақ кәсіпорын қожайынында болуы мүмкін емес, өйткені әлі оның мөрі де жоқ. Кәсіпкерлерге ашықтан ашық жалған келісім-шартты ұсынуға кеңес береді, бұл туралы бәрі де хабардар. Жер-жерде тек құжаттардың түпнұсқалары талап етіледі, заңгердің сенімхатымен шектелуге болмайды, бизнесменнің өзі қатысуы керек. «Менің есеп-шотым 1 ай 17күн жабық болды. Мәселе мынада, мен қағаз құжат бойынша жұмыс істеймін. Алайда салық қызметіндегілер, неліктен екені белгісіз, мені электронды құжатты пайдаланады деп ұйғарған. Олай емес екенін дәлелдеу үшін тіпті тәжірибелі заңгерге де әжептәуір уақыт қажет болды», - деп әңгімелейді Татьяна Вранчева.

Шамасы осы ескертпелердің барлығы Хаким Сабировқа аз болмаған секілді. Енді таяу уақытта «Атамекенге» айналысатын шаруа табылды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

5 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.