Атырау, 25 сәуір 09:32
 ашықВ Атырау +26
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Байшонас биыл да бүрсеңдей ме?

5 069 просмотра

Мақат ауданы Байшонас ауылының  биыл тағы көштен қалғаны белгілі.  Облыс   әкімі  мұндағы 350 үйдің  2012-13 жылдары көшетінін айтады.  Алайда қыста ауыл не істемек?  Оған «Ембімұнайгаздан» көмек бола ма?

 

Өткен жылы алты ай қыс бүрсеңдеген байшонастықтар ауылды тастап, Доссорды сағалап кетті. Өйткені қақаған қыста екі жылу орталығының бірінің қазандықтары істен шықса, екіншісінің жұмысы да мардымсыз болды. Балабақша жабылып тынса, мектеп оқушылары сырт киіммен шықты.

- Келін-кепшікті жас балаларымен қосып, туысқандардың үйіне жібердік. Қарттар да сол күйді кешті. Себебі бізде онсыз да газ жоқ қой, батареялар салқын күйінде болды. Ал биыл жылу қалай болатыны алаңдатып отырғаны сондықтан, себебі өткен жай қайталанбасына кім кепіл? Және биліктің жаттанды сөздері бізді әбден шаршатты, - дейді байшонастықтар.

Соңғы екі жылдың өзінде «Байшонас Жылу» орталығы 112 млн теңгеге бережақ болып қалған. Бұл мұнайға жұмсалған қаржы еді. Берешекті өтеу жөнінде аудандық соттың шешімі шыққан. Бірақ әлі күнге дейін бұл қарыздар өтелместен тұр, сонда жылуға қажетті мұнай мәселесі қалай шешілмекші?

 Біз тұрғындардың алаңдауын жақсы түсініп отырмыз. Қарызды өтейтін сома жергілікті билікте жоқ қой. Ал биылға қажетті мұнайды алу үшін облыс басшылығы «Ембімұнайгаз» ӨФ-мен келісімге келуде. Біз қалай еткенде де уақытында жылуды беретін боламыз, - дейдіМақат ауданы әкімінің орынбасары Жарылғасын ИСМАҒҰЛОВ.

Байшонаста 380 үй бар. Жалпы 2040 халық тұрады. Халық  су мен жылу және жолдың азабын бірнеше жылдан тартып келеді. Ал мұны қанағаттандыру үшін қомақты сома қажет. Облыс әкімі Бергей Рысқалиев пен мұнай алпауыттарының айтуынша 2012-2013 жылдары ауыл көшірілмек.

- Оған қазірден қам жасалып, қажетті құжаттар жинақталып жатыр. Тұрғындар көшкісі келетіні жөнінде арыздарын жазуда. Жуырда өткен жиналыста ауыл түгел көшетіні жөнінде келісімге келді, - дейді аудандық мәслихаттың депутаты Жандарбек ЕРМҰХАНОВ.

Аудан әкімінің орынбасары Жаңабай САҒИЕВТІҢмәлім-деуінше, Ескене мен Байшонас ауылдарын көшіру қамы жасалуда.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

12 қазан 2011, 18:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.