Атырау, 20 сәуір 00:22
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

«Мақат» - футболдан облыс чемпионы

2 207 просмотра

Image 1Аққыстау поселкесінде әуесқойлар арасында футболдан облыстық чемпионат өз мәресіне жетті.

Оған барлық жеті ауданнан және Атырау қаласынан келген командалар қатысты. Алдын ала өткен ойындардан соң жартылай финалға Атырау қаласының, Құрманғазы, Мақат және Исатай аудандарының командалары шықты. Барлық матчтар былтыр күрделі жөндеуден өткен 600 орындық жайлы стадионда өтті.

СОҢЫНА ДЕЙІН ҚАЛАЙ КҮРЕСУ КЕРЕК?

Image 2

Алғашқы ойында «Құрманғазы» мен «Атырау» командалары кездесті. Бұл матчта қалалықтар басым түсті. Қарсылас та осал емес, тартысты ойын өрнегін салуға барын салған команда. Бірінші тайм 1:1 есебімен аяқталды, ал екіншісінде құрманғазылықтар 84-ші минутта алға шығып, жеңетіндей болып көрініп еді, алайда, 89-шы минутта олардың қақпаларына 11 метрлік соққы дарыды да, атыраулықтар гол салып жіберді. Есеп 2:2 болды. Қосымша 30 минуттық таймда да гол соғылмады. Осы кезде бәрі матч соңындағы пенальти шешті. Онда «Атырау» басым түсіп, ақтық сынға жолдама алды.

Жартылай финалдың екінші кездесуінде «Мақат» пен «Исатай 1» командалары бір-біріне қарсылас болды. Жергілікті команданың қайта-қайта шабуыл жасауы сәтсіз болды, осы сәтте жанкүйерлерден маза қашты. Есесіне «Мақат» 1-ші таймда-ақ қарсы шабуылға шығып, гол салды.

Екінші таймда исатайлықтар «Мақат» қақпасына бір доп енгізді. Бірақ, санаулы минуттар ішінде өз қақпаларына бірінен соң бірі екі гол соғылды. Ойын қыза түсті, алаң иелері пенальти жасап, есепті 2:3-ке жеткізді. Осы сәтте қорғанысты ұмыт қалдырған команда уақытты ұтымды пайдалануға кірісті... Сөйтіп, қарсы шабуылда екі гол соғылып, «Мақат» пайдасына шешілді. Есеп - 5:2. Бұл тартысты да қызықты өткен матч осылай аяқталды.

Келесі күні исатайлықтар 3-орын үшін «Құрманғазы» командасымен тартысқа түсті. Кез келген дәрежедегі турнирлердің «қола» үшін өтетін плей-офф матчында әдетте қызықты сәттер болмайды. Қатысушылар жартылай финалдың қызығынан шыға алмайды, өткен матчтардағыдай талап та жоғары емес... Еуропа чемпионаттарындағы матчта үшінші орын үшін тартыс мүлдем өтпейді, жартылай финалдарда жеңіліс тапқан екі команда қола медальдарын алуы бекер емес. Мәселен, 2008 жылы Ресей мен Түркия секілді.

Бірақ, Аққыстауда өткен «қола» үшін тартысты кездесуде қарсылас командалар терезесі тең дәрежеде ойын өрнегін көрсете білді. Қай-қайсысы да жеңісті қолдан бермеу үшін барын салды. 90 минут ойын 0:0 есебімен тең түсіп, қосымша берілген уақытта алаң иелері алға шығып, соңғы сәтте гол соғып, жеңіске жетті. Осылайша «Исатай 1» командасы облыс чемпионатының қола жүлдегері атанды.

ЖІГЕРЛІ «АТЫРАУ» ЖӘНЕ МЫҚТЫ «МАҚАТ»

Ақтық сында алаңға «Атырау» және «Мақат» командалары шықты. Жеңімпаз анықталар тұста мақаттықтардың да жарысқа жайдан жай келмегендігі айқын болды. Қарбалас сәттердің бірінде әуелеген допты қақпашының басынан асыра лақтыра алдап өткен команда шабуылшысы ашық қақпаға енгізе салды. Бірінші таймды өз пайдаларына шешкен мақаттықтар қорғанысқа көп көңіл бөліп, қарымта шабуылға ғана иек артты. Сондай сәттердің бірінде есепті еселеген олар жеңіске бір табан жақындағандай болды. Алайда қарымта шабуылдардың бірінде қақпаны дәл көздеген «Мақат» ойыншылары есепті 3:1-ге апарғанда кездесу тағдыры шешілгендей көрінген. Олай болмай шықты. Ойынның қалған бөлігінде барын салған қалалық команда екі доп соғып, таразы басын теңестірді. Төреші белгілеген қосымша таймда да жеңімпаз анықталған жоқ. Осылайша бір-бірінен айласын асыра алмаған қос команда матч соңындағы пенальтиге жүгінді. Ал он бір метрліктен мықты болып шыққан «Мақат» жарыс жеңімпазы атанды.

Image 0

Жарыс барысында стадионды лық толтырып, өз командасына жанкүйерлік танытып қана қоймай, әр ойынды кірпік қақпай тамашалаған тұрғындардың да аталмыш спорт түріне деген ыстық ықыластары мен қызығушылықтары ерекше байқалды.

Чемпионаттың жабылу салтанатында сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Н.Ермұханов облыстық жарыстың жоғары деңгейде өткенін айтты. «Исатай 1» командасына 150 мың теңге ақшалай сыйлық, «Атырау» командасына 250 мың теңге ақшалай сыйлық берілсе, «Мақат» командасына 400 мың ақшалай сыйлық пен кубок тапсырылды.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

3 маусым 2015, 23:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.