Атырау, 26 сәуір 01:54
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

​Маэстро Топчевскийдің бір сәті

3 499 просмотра

Image 0Роальд ТОПЧЕВСКИЙ (суретте) – белгілі композитор, ақын, педагог және облысымыздағы рояльдің күйін келтіретін жалғыз маман. Бір таңғаларлығы, бұл кәсіп бүгінде коммутатор операторы сияқты керек емес болып қалған жоқ, керісінше, ұрпақтан ұрпаққа тарап, дамып келеді.

Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық колледждегі оның кабинетіне кіргенде алғаш көргенім – үлкен жалтыраған концерт роялі: есіктің кішілігі мен терезенің стандартты көлемін есепке алып, ол мұнда тек бір сиқырдың көмегімен әкелінгендей сезім оятады. Кабинет иесі Роальд Борисовичтің өзі де ерекше адам. Рояльдың жанында жазу үстелі тұр. Осы үстелдің басында нота партитураларының қоршауында сазгер отыр, бас жағында белгілі композиторлардың суреттері ілінген.

Ақ шашты, кең маңдайлы, қалың қасты, күлім көзді, жастарша жеңіл киінген, бір сөзбен айтқанда, алты түрлі сиясы бар қаламынан бастап сирек кездесетін есіміне дейін бұл жерде бәрі ерекше екендігі көзге ұрып тұр.

Менің сұрақтарымның алдын алған музыкант өзінің 76 жылға созылған ұзақ да бай өмірбаянын он бес-жиырма минутқа сыйғызып берді.

- Осындай ерекше есіміңізді қайдан алып қойған?

- Өзім өмірімде осындай аты бар екі адамды ғана кездестірдім, оларды жеке танымаймын. Кезінде ата-анамнан бұл туралы сұрадым. Анам мен әкем маған Роальд Амундсеннің атын берген екен. Бұл кісі ең алғаш рет Оңтүстік полюске жеткен адам, ол планетамыздың екі географиялық полюсында да болған, көптеген ұлы істер жасаған.

Өз балаларын Роальд деп атаған ата-аналар оның ерекше тұлға болып қалыптасуын қалаған шығар және бұл ойлары жүзеге асты деп сеніммен айтуға болады, өйткені, Топчевскийдей адам Атырауда жалғыз, енді болмайды деп те қорқамын.

- Рояльдың күйін келтіру туралы не айтасыз? - деп консерваторияда оқығаны және жас Роальдті музыканы сүюге баулыған ленинградтық көршісі туралы ақпараттар ағынының ортасында өзімді қызықтырған басты сұрақты тықпалауға тырыстым.

- ...Бірінші кезекте мен композитормын, содан кейін ғана аспап күйін келтірушімін, - деп аздап өкпелеп қалды. Шынымен де, Роальд Топчевскийдің талантынан жүздеген музыкалық шығарма туындаған. Жеке және ансамбльдік әндер, сүйемелденген a'capella хорлары (балалар, әйелдер, еркектер және аралас), эстрадалық оркестрлерге арналған аспапты пьесалар, спектакльдер мен балалар қойылымдарына музыка, қазақ ұлт аспаптар оркестріне арналған әуендер... Барлығын санап шыға алмайсың. Алайда...

- Аспаптардың күйін келтірумен көп айналыстыңыз ба?

Роальд Борисович көнгендей болып, рояльға отырып, жеңіл әуенді тарта жөнелді.

Керемет әуен, аспаптың күйін келтіру туралы ұмытып, тыңдап отырмын, жіңішке саусақтары клавиштер бойымен қалай жүгіретініне тамсана қараймын, музыкант та әбден берілгені соншалық, бәрін ұмытқандай. Соңғы аккорд... Әбден риза болдым.

- Бұл қандай әуен? Қалай аталады?

- Бұл импровизация. Мен мұны бір рет орындадым, енді қайталанбайды.

- ...Әр аспапты иесінің жан дүниесіне сәйкес күйге келтіру қажет, - деп мен қойған сұраққа оралды. – Бұрын жұмыс көп болатын, алайда қазір де аз емес. Атырауда рояльдары мен пианиноларының күйін келтіретін он бес шақты адам бар. Сонымен қатар, әр аудан орталығында музыка мектептері бар, яғни, онда музыкалық аспаптар бар деген сөз, оларға кезеңдермен «жедел жәрдем» көрсетіп отыру керек... Соңғы клиенттерімнің бірі жақында керемет рояль алды. Алайда ойнап та, нота да білмейді.

- Неге алған екен? Әдемілік үшін бе?

- Үйренемін деді, ойнауға деген құштарлығы қатты екен... Сондай-ақ, біраз уақыт бұрын маған Алматының балабақшасынан рояль алып келді. Осы бір үлкен аспапты алысқа не үшін жібергенін білмеймін, өздерінен аспап күйін келтірушілер таба алмады ма екен? Бірақ Атырау облысында мұны жалғыз мен істейтінімді сеніммен айта аламын... Бірнеше жыл бұрын екі адам бар едік, алайда ол кісі бақилық болып кетті.

- Сонда сізден кейін ешкім қалмайды ма?

- Бір қыз бар, Сәуле ЖҰЛҚАШЕВА, біздің музыкалық колледжде оқиды, рояль мен пианиноның күйін келтіруді қатты үйренгісі келеді. Мен оны оқытып жатырмын. Жалпы, бұл әйелдердің жұмысы емес, өте ауыр, алайда ол өте сабырлы, бірбеткей және талантты қыз... Міне, өзі де келді, - деп қуанды маэстро.

Жасөспірім қыз есікті ашып қарады да, кері дәлізге шығып кетті.

- Менің енді біразға дейін қолым босамайды, түсінесіз ғой...

Әрине! Түсінемін. Маэстромен өткізген әр сәт алтынмен бірдей, оқысын.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген автор

28 мамыр 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.