Атырау, 29 наурыз 17:50
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Дүйсембаев өмірбаянындағы «телефон ізі»

3 296 просмотра

Image 0Атырау облысы әкімінің орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВТЫҢ Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тұрған кезіндегі телефонмен сөйлесуі екі жылдан астам уақыт бойы «Жайықжылуэнерго» АҚ қаражатынан төленген, - деп мәлімдеді БҚО мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет департаментінің басшысы Серік МҰСТАФИН.

ОРАЛ ҚАСЫМЫЗДА

Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі деректері бойынша, өткен жылдың мамырында «Жайықжылуэнерго» АҚ бас директоры Ринат НҰРЫШЕВҚА қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құрған және кәсіпорын қаражатын қымқырған деген айып тағылып, үкім шығарылды. Ол басқарған ҰҚҰ 140 млн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырып, қолды қылған. Сот оған мүлігін тәркілеу және 10 жыл қатаң режимді колонияға бас бостандығын айыру үкімін шығарып, 5 жыл мемлекеттік мекемелерде лауазымды жұмыс атқаруға тыйым салды. Сол жылдың шілде айында Батыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы жазаны өзгертті: «сотталушы Р. Нұрышевтың шығындардың қомақты сомасын – шамамен 18 миллион теңгені өтеуіне байланысты» (апелляциялық алқаның шешімінен үзінді) жазаны жалпы режимдегі колонияда 6 жыл бас бостандығынан айыруға өзгертті.

Орал қаласының соты оған қатысты ҚР ҚК-нің 176-бабы («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету») бойынша қылмыстық істі қарауды бастағанда Нұрышев бір жылдан аса уақыт жазасын өтеп жатқан еді. Орал қаласының прокуратурасы мен Нұрышев кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процессуалдық келісімге келді. Нұрышев «2011 жылдан 2013 жыл аралығында бөтен мүлікті ысырап ету, яғни, иелену мақсатында өз қызметтік жағдайымды пайдаланып, ЖЖЭ АҚ қаржысы есебінен Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғ.И. Дүйсембаевқа тиесілі 8701...21 абоненттік номердің ұялы байланыс қызметіне төлем жасау туралы заңсыз өкім бердім. Осылайша Дүйсембаевтың абоненттік номері шотына заңсыз 299 795 теңге аударылды...», - деп атап өтті.

Осы тергеу және қарау жағдайлары бойынша таңғаларлық іс бойынша БҚО-ның бас жылу берушісі 5 жылға бас бостандығын айыру жазасына кесілді. Алайда ҚР ҚК-нің 58-бабына («Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау») сәйкес, бұл мерзім бұрынғы қатаңдау үкімнің ішіне кіріп, Нұрышевтың 6 жылдық жазасы сол күйінде қалды.


«МАРАПАТТАЙ ДА, ОТЫРҒЫЗА ДА АЛАДЫ»

Осы қылмыстық іске тек куәгер ретінде ғана қатысқан біздің әкімнің орынбасары, үкім мәтініне сәйкес (іс материалдарында одан жауап алудың хаттамасы бар), өз телефонына 2011-2013 жылдар аралығында түскен барлық қаражатты қайтарған.

Бұл жерде біз үшін осы бір таңғаларлық ерекше іске (елдегі миллиардтаған сома шығын келтірілген сыбайлас жемқорлық жанжалдармен салыстырғанда) Ғұмар Исламұлының қатысуы қызықты болып отыр. Нұрышевпен ол бұрыннан да жақсы таныс екенін сеніммен айтуға болатын шығар. Өйткені, 2007 жыл мен 2012 жыл аралығында Дүйсембаев Батыс Қазақстан көлемінде энергетика мәселелеріне жетекшілік етті. Ал Нұрышев 100% акциясы Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне тиесілі «Жайықжылуэнерго» АҚ-тың директоры лауазымына 2009 жылы отырды.

Елімізге өте танымал астаналық заңгер бұл мәселеге кәсіби шектеулеріне сілтеме жасап, түсінік беруден бас тартты: «Үкім шығарылды, сондықтан да баға беруге құқым жоқ».

Мен нақты осы үкімге байланбай, мәселен, бюджетке қатысы бар кәсіпорынның бастығы әр ай сайын қала әкімінің абоненттік шотына 20 мың аударып отырған жағдайды сараптауын сұрадым:

- Бір лауазымды адамның екінші лауазымды тұлғаға, ерікті түрде болса да, тұрақты түрде төлем жасап тұруы заңнамада қалай тұжырымдалады?

- Бір жақсысы, бізде бір жасалған әрекетің үшін нақты жағдайларға байланысты марапаттай да, соттай да алады, - деп жауап берді фейсбук жұлдызы.

Біз бұл үкімге түсінік беруді Ғұмар Исламұлының өзінен сұрауды жөн көріп, оған ресми сұраныс жібердік. Біз, сондай-ақ, оған сотталушы Нұрышевпен қарым-қатынастары жөнінде де бірнеше сұрақ қойдық. Материал басылымға дайын болған сәтте облыстық әкімдіктен өзін таныстырмаған бір әйел телефон соғып, әкімнің бірінші орынбасары кезекті еңбек демалысына шығып кетті деп хабарлады. Ол басшысының жұмысқа қайта шығу уақытын дәл айта алмай, бір айдан кейін шығар деп болжам жасады. Күтеміз.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

22 мамыр 2015, 20:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.