Атырау, 28 наурыз 16:17
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Жайыққа қалай шығуға болады?

3 405 просмотра


Фейсбук әлеуметтік желісінде Атырау тұрғындары арасында «Доступная набережная» (осы атаумен топ та құрылды) науқаны жүріп жатыр. Оның белсенділері, бір топ жастар, жұртшылықты Каспий ықшамауданындағы «президенттік» деп аталатын резиденция маңында Жайық жағалауына кедергісіз шығу құқығына қол жеткізуге шақыруда. Қазір жағалаудың осы бір үлкен бөлігі екі жағынан үлкен шарбақпен қоршалып тұр.

Жол «американдық қалашықтан» асқаннан құрылысы аяқталмаған «Шағала» котедж қалашығы аумағына дейін бітелген. Осының кесірінен АМУ-ға, қалалық және облыстық әкімдікке дейін барғысы келетіндер немесе велосипедпен орталық көпірге және одан әрі қарай серуендегісі келетіндер Сәкен Сейфуллин көшесі бойындағы тар жолмен Каспий ықшамауданының жеке меншік секторы арқылы немесе бірнеше автокөлік жолдарын кесіп өтіп, Абай көшесі арқылы айналып шығуға мәжбүр болып отыр.

Атырауға анда-санда бір келетін президенттің қауіпсіздігі үшін мұнайлы астананың тұрғындарын жағалау бойымен еркін қозғалу мүмкіндігін шектеудің не қажеттілігі бар деп сұрақ қояды топ ұйымдастырушылары Светлана ЮГАЙ мен Шынар НҰРҒАЗИЕВА.

Облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ пен қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВТЫҢ атына жазылған хатта балама ретінде Астанадағы жағдайды мысалға алған: бас қалада қалалықтар Ақ Орда орналасқан Есіл өзенінің жағалауында, тіпті, оның нақты аумағында еш шектеусіз серуендей алады. ФБ-дағы топтың мекенжайы: https://www.facebook.com/groups/364958160377322/?fref=ts. Сол жерде әкімдерге жазылған үндеумен танысып, www.change.org ресурсында қолдаймын деп қол қоя аласыз.

Бұл мәселеге «АЖ» бірнеше рет көңіл бөлген еді («Жайыққа қарай өте алмай...» мақаласын қараңыз). Қоғамдық белсенді Макс БОҚАЕВТЫҢ айтуынша, жаяу жүргіншілер үшін жағалауды жауып тастау бастамасын осы жергілікті билік көтерген еді. 2013 жылы ол ҚР президент істері басқармасына сұрау жіберді. Ал олар резиденциядан бірден ат-тондарын ала қашты. Істерді басқарушының міндетін атқарушы Д. ІҢКЕРБАЕВТЫҢ қолымен белсендіге келген хатта Атырау қаласындағы осы аталған резиденция баланстарында еместігі көрсетілген. Сол кездегі Атырау қаласы әкімінің орынбасары Жұмабай ҚАРАҒАЕВ М. Боқаевқа қазіргі үндеуде көрсетілген нысандар Атырауға іссапармен келген қорғалатын тұлғалардың уақытша тұруына арналған деп жауап берді: «Қорғалатын тұлғалар тұратын нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету арнайы қызметтер талаптарына сәйкес жүзеге асырылады және барлық мекемелер мен кәсіпорындар үшін міндетті. Резиденция нысаны (Р-1) бойынша қауіпсіздік талаптарының бірі сыртқы параметрді қорғау және режимді аймаққа бөтен тұлғаларды жібермеу болып табылады. Осы іс-шараны қамтамасыз ету қорғалатын тұлғалар мен нысандардың қауіпсіздігін ұйымдастыру бойынша шаралар кешенінде қаралған». Осындай жауап ҚР өңірлік даму министрлігінен де келді.

Алайда Атырау қалалық прокуратурасының Боқаев сұранысына берген жауабында жүргізілген тексеру қорытындыларына сәйкес, резиденция орналасқан жер телімінің жалпы аумағы құқық иеленушінің құжаттарында көрсетілген аумақтан асып кеткен деп көрсетілді. Осыған байланысты, прокуратура Атырау облыстық жер инспекциясы мен Атырау қалалық әкімдігіне заңнамалардың бұзылуын жою бойынша ұсыныс жіберді.

Тағы бір қызықты жайт, мекенжай анықтамасына сәйкес, бұл нысан «қорғалатын» мәртебесіне қарамастан 2013 жылы «Тұрғын үй қоры» санатына жатқызылған (кадастрлық номері 04-066-014-127).

Өзімізді қызықтыратын барлық мәселелер, соның ішінде нысан кімнің балансында тұр және оны қамтамасыз етуге қанша бюджет қаржысы жұмасалатыны туралы сұранысымызды қалалық және облыстық әкімдік аппараттарына, қалалық қаржы бөлімі мен облыстық қаржы және бюджеттік жоспарлау басқармасына жолдадық.

Ал қалалықтар жағалауға шығатын жол Асылан МУСИН облыс әкімі болған кезде жабылып, келесі әкім Бергей РЫСҚАЛИЕВТІҢ отставкасынан кейін ұзақ уақыт бойы қоршалып тұрды деп еске алады.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Атырау облысының әкімі Б.С. Ізмұхамбетовке, Атырау қаласының әкімі Н.Ж. Ожаевқа

Қазір дүние жүзінде саламатты, яғни, белсенді өмір салты идеясы насихатталуда. Бүгінде Атырауда жүгірумен, велоспортпен айналысатын, жай ғана жұмысқа дейін жаяу баруды қалайтын адамдар көбею үстінде. Балаларға ашық далада ойнаудың пайдасы туралы көбірек айтылуда. Қала әкімшілігі осы салада үлкен жұмыстар жасап жатыр. Мәселен, қаланың барлық жерлерінде, көппәтерлі үйлердің аулаларында, сондай-ақ жағалаудың түрлі учаскелерінде спорт алаңдары орнатылды. Бұл орындар жергілікті тұрғындардың жас ерекшеліктеріне қарамастан көп жиналатын жерлеріне айналды.

Жайық өзенінің екі жақ жағалауы да көпшілік үшін демалатын жер болып табылады. Өкінішке орай, еуропалық жақта демалушылар Каспий ықшамауданы, 28 үй мекенжайында орналасқан президент резиденциясы тұсында салынған қоршаудың кесірінен кедергіге тап болып, өз серуендерін жалғастыра алмауда. ҚР Президенті істері басқармасының жауабына сәйкес, бұл нысан олардың балансында тұрған жоқ. Алайда жергілікті әкімдік Атырау қаласына іссапармен келген жоғары қызметтегі тұлғалардың қауіпсіздігін қорғауды сылтауратып, жағалауды бітеп тастау құқығын өзіне қалдырып отыр. Бұған келісуге де болар еді, алайда астана тұрғындары қалайша Есіл өзені жағалауында еркін жүріп, Ақ Орданы жақыннан тамашалай алады?

Бұл резиденция маңындағы тұйық аймақ әсіресе қарт, мүмкіндігі шектеулі адамдарға және балаларын серуендеткен аналарға үлкен ыңғайсыздық тудырады. Өйткені темір шарбаққа тірелген адамдар не кері бұрылуы керек, не айналып өтуі қажет. Резиденцияны айналып өту де қауіпті, себебі тұрғын үй массивінің арасынан өтесіз, ал бұл жерлердегі жеке меншік аулаларда қабаған иттер бар және көлік жолына шығасыз.

Сонымен қатар, жағалаудағы осы жолды ашу адамдар көп жүретін, қазірдің өзінде сыймай жатқан азиялық жағалауды аз болса да босатар еді.

Біз қаладағы жүргіншілер жүретін жолдардың осы басты күре тамыры барлық адамдарға да қолжетімді болып, қаланың екі ауданын, Авангард/ Жеңіс саябағы және Х. Досмұхамедов атындағы университет/ әкімдік аралығын қосу маңызды мәселе деп есептейміз.

Біз қалалықтардың демалыс жағдайын жақсартуды және саламатты өмір салтын ұстануды қолдаймыз!

Құлақ асады және бізді түсінер деген сеніммен

Атырау қаласының тұрғындары

22 мамыр 2015, 18:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.