Атырау, 23 сәуір 20:30
 ашықВ Атырау +16
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Атырау Хьюстоннан үйренеді

3 991 просмотра

Image 0Экономиканы әртараптандыру тәжірибесін зерделеу үшін Атырау қаласының делегациясы АҚШ-тың «мұнайлы астанасы» - Хьюстон қаласына барып келді. Хьюстон мэрі Аннис ПАРКЕР мен Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ қол қойған қалалар арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум сапардың басты қорытындысына айналды.

ШИКІЗАТ ИНЕСІНЕН СЕКІРДІ

Хьюстонның тәжірибесіне келер болсақ, 1970 жылғы мұнай дағдарысына дейін мұнай секторының кірісі қала экономикасының 87 пайызын құраған, ал соңғы 25 жылда оның экономикасы денсаулық сақтауға, ақпараттық технология мен аэроғарыш өнеркәсібіне бағытталған. Нәтижесінде Хьюстон бюджетіндегі мұнай секторынан түсетін кіріс үлесі 40 пайызға дейін төмендеді. Атырау делегациясы жыл сайынғы Дүниежүзілік энергетикалық қалалар серіктестігі (WECP) конференциясына қатысты. Біздің қала 2010 жылдан бері WECP мүшесі болып табылады.

Әртараптандыру (диверсификация) – (латынша diversus – түрлі және facere – жасау) - шығарылатын өнім түрлерін кеңейту және өткізу нарығын қайта бағдарлау, өндірістің жаңа түрлерін игеру.

Бұл ұйым 1995 жылы құрылған, бүгінде оған 15 елдің 18 қаласы кіреді.

– Біздің Хьюстоннан үйренеріміз бар. Үлкен Хьюстонның елді мекендер шоғырының жалпы ішкі өнімі 2013 жылы 533 млрд долларды құрады. Бұл Норвегияның, Польшаның немесе Бельгияның жалпы ішкі өніміне қарағанда көбірек және Қазақстанның жалпы ішкі өнімінен екі есе асып түседі, - деді қалалық қаржы бөлімінің басшысы Мұрат АЙТЖАНОВ: - Хьюстон өңірінде жылына 116 млн тонна шикізат өңдейтін тоғыз МӨЗ, химиялық және пластмасса бұйымдар шығаратын 719 кәсіпорын (39 пайызы – АҚШ-тағы полиэтилен тауарларын, 36 пайызы – поливинилхлорид, 48 пайызы – полипропилен өнімдерін шығарады) бар. Қазақстанның Хьюстонмен тауар айналымының көлемі 2013 жылы 673,3 млн доллар құрады.

– Хьюстон технологиялық орталығындағы кездесуде біз инновациялық және ғылымды қажет ететін жобалар үшін сыртқы қаржыландыру көзін тарту мәселесін талқыға салдық. Ол 1999 жылы құрылған сәттен бастап қалалық технология және кәсіпкерлік орталығына, қуатты бизнес-инкубаторға айналған. Онда мұнай-газ секторының, медицинаның мұқтаждығы мен НАСА-ның аэроғарыш жобалары үшін бағдарламалық қамту жасап, дамытушы мыңнан астам компаниялар жұмыс істейді, - деп әңгімеледі М.Айтжанов.

Біздің делагация сондай-ақ Хьюстонда Абердин мэрі (Шотландия) Джордж АДАММЕН және Ставангер (Норвегия) мэрі Кристина САГЕНМЕН, конгрессмендер Рэнди УЭБЕРМЕН және Стив СТОКМАНМЕН іскерлік кездесу өткізді.


«БІЗДІҢ ЧЕМПИОНАТТА «БАВАРИЯНЫҢ» ОЙНАҒАНЫН ЕЛЕСТЕТІҢІЗ»

Келіссөздер барысында Атыраудан инновациялық және жоғары технологиялық жобаларды қолдау үшін Houston Technology Center мен мемлекеттік Atyrau Innovations компаниясының бірлескен венчурлік қорын құру туралы алдын ала келісімге қол жеткізілді.

Atyrau Innovations компаниясы 2014 жылдың мамырынан бастап жұмыс істейді, активінде бес инвестициялық жоба, инновациялық гранттардың екі мақұлданған өтінімдері және мемлекеттік-жеке серіктестік саласында екі жобасы бар.

Айта кету керек, венчурлік қорды құру туралы мәселені шешу үшін қолданыстағы ҚР заңнамасына өзгерістер енгізу қажет болуы мүмкін. Өйткені жобалардың бірен-сараны ғана табысты болуы мүмкін, сондықтан мемлекеттік компанияның қаржыларын бірнеше жобаларға жұмсау бюджет қаржыларының жұмсалу тиімділігі жөнінде мәселе тудырады (тіпті егер бір жоба бүкіл сәтсіз жобалардың шығындарын ақтап шықса да). Нұсқалардың бірі -Технология орталығының мемлекеттік компания капиталына кіруі және алғашқы кезеңдерде қарыз капиталы қаржысынан қаржыландыру болуы мүмкін.

– Біз үшін бұл сапар өте нәтижелі болды. Біз Хьюстон университетінің Мұнай инженерия институтымен ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойдық. Алдын ала үш мәселені талқыладық. Университет профессорлары мен оқытушыларды бізге Атырауға шақыру туралы. Бұл «Бавария» ойыншыларын Қазақстан чемпионатына шақырғанмен бірдей, - деп бейнелеп сөйледі Атырау мұнай және газ институтының ректоры Әли ӘБІШЕВ. Атырау мұнай және газ институтының студенттеріне біздің және американдық қос диплом беру туралы, студенттердің біріккен мобильділік бағдарламасын жасау туралы (үш айлық, жарты жылдық, жылдық алмасулар) және екі жақтан дәріс оқушыларды шақыру туралы.

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ынтымақтастық жөніндегі осындай жоспар Хьюстондағы жеке жоғарғы оқу орны Райс Университетімен жасалуда.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды


22 мамыр 2015, 12:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.