Атырау, 23 сәуір 17:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +21
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Ынтымақта биліктің шаруасы бар ма?

5 272 просмотра

Индер ауданына қарасты Ынтымақ ауылы дегенде көз алдыңа  ауыз сусыз, жолсыз мекиенде, құлағалы тұрған мектепте ұрпағын тәрбиелеп өсіріп отырған  90 үйде тұратын 515 тұрғын келеді. Әкімдер есеп беретін уақыт та алыс емес. Ауыл тұрғындарының  оларға айтары да  бір  эпосқа жүк боларлық.

- Ауыл өз күнін өзі көріп отыр. Облыс әкімі Бергей Рысқалиевтің айтуынша облыс халқының 95 пайызы таза суға қол жеткізген. Таза су ішпей отырған 5 пайызға біздер жатамыз ба, осы. Меніңше әкімдердің дерегі бойынша бұл елді мекен тұрғындары мөлдір суды баяғыда сіміріп отырған болуы керек, - дейді ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді ИСЛЯМҒАЛИЕВ.

МӨЛДІР СУҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ӘЗІРГЕ  АРМАН

Тұрғындар жыл сайынғы әкімдердің есеп беру жиналысына қатысқылары келмейді. Тек ауылдың басым бөлігі болып саналатын мұғалімдер ғана амалсыздан жиынға барады. Жаттанды көрсеткіштер мен мезі еткен уәделерден ығырлары шыққан. Талай рет басты-басты проблемаларды тізіп бергенімен соның бірі орындалсашы.

Бұл ауылға су тарту бұдан үш жыл бұрын қолға алынған. Аудандық прокуратурадан алынған мәлімет бойынша мердігер «Строймонтаж» ЖШС бұл жұмысты 240 күнде аяқтауы тиіс болатын. Қаржы жетпестігі және құрылыстағы келеңсіздіктен бұл жұмыс аяқталмай қалған. Естуімізше, мердігер мен тапсырысшының арасында келіспеушілік сотқа дейін жалғасып отырған көрінеді.

- Кімнің қатесі екені белгісіз, пластик құбырлардың жүргізілуі көңілімізді көншітіп отырған жоқ. Шұңқырлар қазылып, құбыр салынғанымен бірнеше күнге дейін көмілместен жатты. Құдықтар тым төмен орналасқан, жаңбыр жауғанда суға кетіп жатады. Және су құбырын ең болмаса үйге дейін жеткізіп беруі керек емес пе. Құбырлар тек көше бойында жатыр. Бір ғажабы, бұл құбыр тартылғанның өзінде ауылда су тазарту қондырғысы салынған жоқ. Ауылда екі вагондағы құрал, жабдықтар Жайықтан су тазарту қондырғысына дейін жететін көрінді. Су тазарту қондырғысын дайындамай құбыр жүргізгендері таңданарлық, - дейді ынтымақтықтар. 

Аудандыққала, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің бастығы Күлжан НҰҒМАНОВАНЫҢ айтуынша Ынтымақ, Аққала, Құрылыс елді мекендеріне су жүргізуге қосымша қаржылар бөлініп, ол жұмыс «Строймонтаж» ЖШС-нен алынып, басқа мердігермен келісім шартқа отырып жатқан көрінеді.

Ынтымақтықтар  Елтай ауылынан 5 шақырым жерден жеткізілетін  4 тонна судың  бағасы  2,5 мың теңге  екенін айтады. Бұл бар болғаны екі аптаға жетеді. Қала тұрғындары болса 4 куб. құбырдағы таза суға  200 теңге  шамасында төлейді! Осыдан-ақ  алатын судың қымбаттығы қалтаға  қанша салмақ салатынын есептей беріңіз.

ЖҰМЫССЫЗ ӘРІ ДӘРІХАНАСЫЗ...

Сырты бүтін болғанымен, іші түтін ауыл адамдары жоқшылықтан құтылудың жолын өздерінше қарастыруда. Біраз адам тентіреп тыстан жұмыс іздеп кетті, онда да жиі қысқартуға ұшырайтындықтан сенімді жұмысқа қол жеткізіп отырғандар шамалы. Ауылдағы мектеп, клуб, медпункттегі қырық шақты адамнан басқасының тұрақты жұмысы жоқ. Келін, кепшіктер, оқу бітірген жастар жұмыссыз. Сонда ынтымақтықтар ауласындағы азын-аулақ малына арқа сүйейді. Шөп қымбат, бір машина отыз мың теңге. Оны да көршілес Елтайдан алады. Біз бір үйдің ауласындағы мал саны мен шығынын есептеп көрдік, екі бұзаулы сиыр және он жандық. Төрт машина шөп, жемді қосқанда екі, үш жүз мың теңгеге шығады. Бұл үш сиырдың бағасы. Сонда қалғаны талғажауға жарар ма еді. Қыстық соғым өздерінен шықса қуанады, ауылдықтар ауласында мал тұрса көңілдері бір пәс жоғары тұратынын жасырмайды.

Дәріхана жоқ, бас ауырып, балтыр сыздағанда дәрі- дәрмек алу үшін барып, қайтуы бес жүз теңге таксимен аудан орталығына барады. Қарапайым дәріні табудың өзі аһирет.

- Дәріханалардың лицензиясы болуы керек. Оны екінің бірі ала алмайды.Біз жоғарыға осы тығырықтан шығудың амалы қалай боларын айтып бірнеше рет хат жаздық. Осылайша барлық елді мекендер лицензиясы барларға қосымша телінді, яғни солардың есебінен дәріханашы ұстауға болады. Ал Ынтымақ ауылы кімнің құзырында екенін біліп қосымша хабарлаймын, болмаса шарасын қарастыратын боламыз, - дейді Индер аудандық ауруханасының бас дәрігері Анар ДОСПАЕВА.

Мұқтаждық жаңа салынған үйлерге де тән. Екі жылдан бері жарық, газсыз отырған үш үйдің тұрғындарының бармаған жерлері қалмапты. Ауылда қоқыс шығаратын техника жоқ. Бұл да болса қиындық.

ҚАУІПТІ МЕКТЕП

Жүз бала оқитын мектептің қиын жағдайы облыстағы шенеуніктерді де үркітіп тастапты. Мектеп апаттық жағдайда екенін растайтын анықтаманы бұдан бес жыл бұрын алған. Содан бері оның жағдайына бас қатырғандар көрінбейді. Мектеп екі бөліктен тұрады, бірі 1968 жылы, екіншісі 1971 жылы салынған. Қабырғасы саман тас болғанымен кейін селикатпен қаптаған. Бірақ бұл да мектепті апаттық жағдайдан құтқара алмапты. Іргетастар және қабырғалар сетіней жарылып, үрей туғызатындай дәрежеге жеткен.

 Мектептің бір бөлігі бұдан он жыл, екінші бөлігі бес жыл бұрын жөндеуден өтті. Онда да толыққанды емес, кейбір бөліктері ғана. Мұғалімдер, оқушылар, ата-аналар жаңа мектеп салынса дейді. Мектептің ескілігінен пәндік кабинеттерге қол жетпеуде, - дейді мектеп директоры Нұртас ҚАРАҚҰЛОВ.

Мектепте спортзал жоқ. Қыста тап, тар бөлмеде шахмат, дойбы ойнаудан әріге аспайтын оқушылардың жай-күйін мұғалім-дер түсінеді-ақ. Биыл облыстан келген шенеуніктер де мектептің жайын көріп шошынып кетіпті.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

6 қазан 2011, 20:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.