Атырау, 20 сәуір 07:09
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

​Әй, еркектер-ай...

3 393 просмотра

Image 0Облыстық ауруханада алматылық «Академик Б. О. Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы» мамандарының баспасөз конференциясы өтті.

ЖАҒЫМСЫЗ СТАТИСТИКА

Профессор Михаил ЗЕЛЬЦЕРДІҢ (суретте) айтуынша, ерлер денсаулығына әлі күнге дейін тиісінше көңіл бөлінбей келеді. Акушерлік-гинекологиялық көмек жүйесі көптеген жылдар бұрын құрылды, ал андрологиялық қызмет қазір ғана қолға алынып жатыр.

2009-2012 жылдары орталық мамандары еліміздің көптеген өңірлерінде «Ерлер денсаулығы күні» жобасын жүзеге асырды, ал 2012 жылдың сәуір айында бас директор және еліміздің бас урологы Мырзакәрім АЛШЫНБАЕВТЫҢ бастауымен Атырауға келді. Алматылықтар сол кезде тегін 6 зерттеу (қуық безін УДЗ-ға түсіру, ЭКГ, тестостерон, ПСА, қан глюкозасы, холестерин) жүргізіп, тексерілген ерлер әрі қарай уролог дәрігерден, кардилогтан және эндокринологтан тегін кеңестер алды.

«Ерлер денсаулығы күні» жобасы аясында 16 қалада барлығы 4 021 ер адам мен ер бала тексеруден өтті. Келеңсіз факт: тексерілгендердің 3348-нде (83,3%) уроандрологиялық патология анықталып, 34%-нда созылмалы простатит және 20%-нда қуық безінің қатерсіз гиперплазиясы байқалды. 37%-нда тестостерон тапшылығы анықталды.

Жалпы статистика да көңіл қуантпайды. Ерлердің өмір сүру ұзақтығы әйелдерден 10%-ға төмен. Ерлер арасында 75 жасқа толғанда обыр ауруымен қайтыс болуы әйелдерге қарағанда екі есе жоғары. Алайда еркектер әйелдерге қарағанда дәрігерлерге үш есе сирек қаралады. Бұл ауруларды бастапқы кезеңінде анықтау нәтижесін де төмендетіп отыр. Ерлер әйелдерге қарағанда ишемиялық жүрек ауруымен үш есе жиі ауырса, қант диабетіне алты есе көп шалдыққан.

ӘР ӨҢІРГЕ ЕРЛЕР ОРТАЛЫҒЫ КЕРЕК

Б. О. Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының ҚР техногендік аймақтарында жұмыс жасайтын 28 469 ер адамның репродуктивті денсаулықтарын зерттеу деректері бойынша мұнай саласында жұмыс жасайтын жұмысшылардың 63,5%-нда және металлургиялық кәсіпорындарда жасайтындардың 53,2%-нда репродуктивті қызметтерінің бұзылуы байқалды.

- Бұл қуық безі немесе зәр шығару мүшелеріне қатысты ерлерге тән спецификалық проблемалар ғана емес, - дейді М. Зельцер. – Осы ауруларға қосылатын, кейде олардың туындауына себепші болатын эндокриндік бұзылушылықтар жалпы денсаулыққа, атап айтсақ, жүрек-қан ауруларының таралуына әсер етеді. Кейде ректильдік қызметтің бұзылуының алғашқы белгілері күрделі жалпы аурулардың басталғалы келе жатқанының белгісі болып табылады. Егер қант диабетін емдеу барысында ерлердің жыныстық гармонының төмендеуіне көңіл аудармасақ, тиімді ем жасау қиын болады. Сондықтан да ерлерді емдегенде осы барлық факторларға назар аудару қажет.

Денсаулық сақтау министрлігі АМСК (алғашқы медициналық-санитарлық көмек) деңгейіндегі ұйымдарда ерлер денсаулығы және отбасылық ұзақ ғұмыр орталықтарын ашу жөнінде бұйрық шығарды. Ерлер денсаулығы орталығы барлық өңірлерде міндетті түрде жұмыс жасауы керек. Қазір олар Алматы, Астана, Ақтөбе, Қызылорда, Талдықорған, Петропавл, Қостанай, Павлодар, Жамбыл, Шымкент, Өскемен және Таразда қызмет етіп жатыр. Атырау облысында осындай Орталық облыстық аурухананың базасында ашылады.

- Бұл орталықтардың қызметіне бүгінде сұраныс өте көп. Өткен жылы Жамбыл облысында 12 мың науқас қаралса, Алматы мен Шымкентте 8 мың, Қызылордада 6 мың адам ем алған, - дейді Мырзакәрім Алшынбаев. – Біз қазір оларды қолдау үшін қосымша мемлекеттік қаржы бөлуді қарастырып жатырмыз. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының екінші кезеңінде ерлердің тегін тексерілуіне қаржы бөлінеді деп ойлаймын.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

20 мамыр 2015, 11:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.