Атырау, 28 наурыз 20:58
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

​Қазақтың ұлттық киімі күні өтті

11 045 просмотра

Image 0Мерекені әріптестеріміз де қолдады. Суретте Зинат ОРЫНБАСАРОВА. Атырауда Қазақтың ұлттық киімі күні идеясы жылы қабылданып, қолдау тапты: көпшілік үшін күтпеген ұлттық дәстүрге құрмет көрсетілген алғашқы бейресми мереке жүзеге асты.

ҚЫТАЙ ӘДЕТТЕГІДЕЙ АЛДА

Естеріңізге салсам, тарихшы Арман НҰРМҰХАНБЕТОВТЫҢ дем беруімен энтузиастар тобы әлеуметтік желілерге 24 сәуірде Қазақтың ұлттық киімі күнін өткізу туралы бастаманы таратқан еді. Олар патриотизм идеясы жақын және халық тарихын қымбат көретін барлық қазақстандықты бұл күні күнделікті киім ретінде ұлттық киімді, оның жекелеген детальдарын немесе этноаксессуарларын қолдануға шақырды. Жоспарланғандай, Алматыда бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінен елімізге береке мен көркею тілеген лебіздер жазылып жіберілген мата қиындыларынан кең шапан - Ел шапан тігілді.

Ұйымдастырушылар өздерінің баспасөз хабарламасында бұл күннің біздің мәдени астанамызда мереке деңгейінде анағұрлым кең тойланғанын атап өтті. Алматылықтар ұлттық киім киіп қана қоймай, концерттер, көрмелер, арнайы кездесулер өткізді. Ол, сондай-ақ, Астанада, Қарағандыда, Көкшетауда, Талдықорғанда кеңінен қолдау тапқан...

Image 1Шапан киген байкерлер Атырау-Аққыстау тас жолында. Сурет Инстаграмм қолданушысы rabigamedet-ке тиесілі, жолдаған А. Нұрмұханбетов. - Еліміздің солтүстігінде – Петропавлда, Павлодар мен Қостанайда, шығыста - Өскеменде, Семейде және бір таң қаларлығы, оңтүстікте - Шымкентте, Тараз бен Қызылордада қатысушылар азырақ болды. Бәлкім, халықты құлақтандыру үшін уақыт тым аз болған шығар, - деді өз идеясын жүзеге асырған Нұрмұханбетов. – Батыс қалалары – Ақтау, Атырау және Орал қатты қуантты. Бұл жерлерде қазақ киімі күні мерекесін үлкен энтузиазммен қарсы алды. Адамдар қазақ киімін өздері де, отбасыларымен де достарының, ұжымдарының арасында киіп жүрді. Мәселен, «Қазақстан-Орал» телекомпаниясының дикторлары 24 сәуірде эфирге қазақтың ұлттық киімімен шықты. Шетелдік диаспоралар да бұл оқиғаға өзгеше мән берді: түрлі белсенділік деңгейіндегі Голландияның, Түркия мен Қытайдың қазақтары да қазақ киімдерін киді. Әсіресе, Қытай қазағы қатты таң қалдырды. Қысқа уақыт ішінде Қытайдың 700 мыңнан астам қазақтары бұл туралы құлақтанып үлгерді. Содан кейін олардың 200 мыңнан астамы қытайлық Weibo әлеуметтік желісіне қазақ киіміндегі өз фотосуреттерін салып қойды. Айта кетелік, әлеуметтік желілер шеңберінде қазақстандықтармен дос болған немесе көршілес тұратын шетелдік азаматтар да атсалысты. Шетелдіктер үшін қазақ киімінің қаншалықты әдемі екендігі нағыз жаңалық болды. Олардың кейбірі оны киіп фото-суретке түсуге немесе тіпті, кию үшін алуға ниет білдірді.

Нұрмұханбетовтың пікірінше, акция проблеманы да айқындаған: қазақстандықтар қазақтың ұлттық киімін немесе оның стильді нұсқаларын кигілері келеді. Алайда нарықта қолжетімді үлгілері өте аз немесе лайықты сапа деңгейіне сай келмейді. Екіншіден, заманауи қазақстандықтардың қазақтың ұлттық киімінің алуан түрлілігі, оның тұрмыстық түрлері, мақсаттылығы мен функциясы туралы түсініктері аз. Ұйымдастыру комитеті Ұлттық киім күні жыл сайын аталып өтуі үшін халықтың тарихи киімін танымал ету жұмыстарын жалғастырады.


БҰЛ ӘРІ ҚОЛАЙЛЫ

Image 2Ел-шапан үшін Атыраудан жіберілген осынау барқыт матаның қиындысына Алуа Бесбаева swarovski тастарын өз қолымен тіккен. Үш қалада – Алматыда, Өске-менде және Атырауда тұратын Алуа БЕСБАЕВА қазақтың толық ұлттық киімін – көйлегін, кәжекейі мен тақиясын үш күн киіп шықты. Баласын мектепке апарды, дүкендерге, жұмысымен әуежайға барды, Исатай мен Махамбет алаңында сейілдеді...

- Бұл идеяны досым Арман Нұрмұханмбетов көптен бері ойластырып жүрген еді, бірақ оны кеңінен жария етуге бел буа қоймады, - деп әңгімелейді ол. – Мен және тағы бірнеше достарымыз оған өз көмегімізді ұсындық. Мен Фейсбукте және ВК-да топ ұйымдастыруды өз міндетіме алдым. Идея жазылушылар мен достар арасында қызу қолдау тапты. Дауыс беру әдісімен сәуірдің соңғы жұмасын таңдадық. Сөйтіп, 2 аптаның ішінде акцияны ұйымдастырдық. Біз мұндай резонанс болады деп күтпеп едік, бұл өзіндік сынақ болатын. Адамдардың реакциясын көргіміз келген. Кейінірек мен кәсіби жарнамалаушылармен хабарластым. Олар мұндай акцияға осындай қысқа мерзім ішінде бүкіл елді дерлік біріктіру ақылға қонымсыз екенін айтады. Бірақ біздің қолымыздан келді. Үн қосқан баршаға алғыс айтамын, енді біз өзіміздің дұрыс қадам жасағанымызға сенімдіміз. Әсіресе, бізді ересек жастағы адамдар, бір таң қаларлығы, шетелдегі диаспоралар қолдады. Канадада тұратын қазақтар, мәселен, маған олар үшін байырғы дәстүрмен тігілген біздің ұлттық киімдерімізді жеткізуді ұйымдастыру ұсынысымен шықты. Мен шетелде тұратын қазақтармен көп араластым, олар бұл идеяға қатты қуанып, өздерінде де қолдап, ұстанды. Ресейдегі және әсіресе, Америкадағы біздің студенттеріміз де өз селфилерін көп жіберді.

Алуа акцияны дайындау барысында көптеген тарихи құжаттармен жете танысып шыққан, әйел адам мен ананың кимешекті қалай киюі тиіс екенін біледі. Жас әйелдер тұңғыш балалары дүниеге келген соң сәукелені кимешекке алмастырған.

- Кимешек даламызға ислам дінімен бірге келген екен, алайда біздің бабаларымыз хиджабты сол күйінде қолданғылары келмей, бастарын жұқа ақ матамен бүркеуді жөн көрген. Яғни, кимешек діндар қазақ әйелдері үшін стильді хиджаб түрі болатын. Оның қайдан шыққандығы туралы, яғни, ол байырғы қазақтікі ме, әлде исламдандыру атрибуты немесе элементі ме деген дау көп. Ұлттық киім күніне дем берушілердің бірі ретінде менің міндетім жұртшылық назарын аударту, оны танымал ету, тіпті, жарнамалау болатын. Сондықтан мен барқыт бас киімді - тақияны, дәстүрлі сәнді ақ көйлек пен тігілген бешпетті таңдадым. Сенбейсіздер ғой, маған қолайлы болғаны сондай, алғашқы кезде өзіме таң қалып, сүйсіне қараған көзқарастарды байқамадым. Шетелдіктер қасыма жүгіріп келіп, тіпті, қала тұрғындары бірге фотосуретке түсуге өтініш жасады. Менің жанымда болғандар: “бәрі сізге қарайды, бәрі назар аударады" деді. Мен рөлде отырған кезде қарсы келе жатқан көліктердің жүргізушілері бұрылып қарады. Ал, бір күні тіпті белгіленбеген жерден өтіп бара жатқан кезде бүкіл көлік қатары бізге жол берді. Біз Ел-шапан үшін Атыраудан мата қиындысын беріп жіберетін рейске кешігіп бара жатыр едік, - деп күледі Алуа. – Адамдар жайдары қарсы алды, қошеметтер айтып, үлкендер бата берді, көлік ішіндегілердің бәрі қолдарын бұлғап, күлімсіреп қарады...

Нағыз қазақ аруы Алуа ұлттық киімнің әсерін бағалап, бұл тәжірибені келесі Ұлттық киім күнін күтпестен қуана қайталауды жоспарлап отыр.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ






30 сәуір 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.