Атырау, 29 наурыз 00:31
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Атырауда түсірілген жаңа фильмнің тұсауы кесілді

6 248 просмотра

Бүгін Атырау облыстық Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрында «Студенттік кез» атты жаңа кинотуындының көрсетілімі өтеді деп күтілуде. Фильмнің тұсауы қыркүйектің 28-і күні осы театрда кесілген болатын. Жастар өмірінен баяндайтын фильмнің режиссері – Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының студенті Таймас САПАРҒАЛИ.

Жуырда «Ақ Желкен» шығармашылық орталығында киностудия ашылды. Таймас Сапарғали сол киностудияда режиссерлік қызмет атқаруда. Бар болғаны 40 минуттық «Студенттік кез» фильмінің сценарисі, түсірушісі, монтаждаушысы да өзі. Режиссердің айтуынша, киноәлеміне қызығушылығы осыдан бірнеше жыл бұрын оянған.

-Мені көптен бері қазақтың киносын қайтсек дамытамыз деген сұрақ мазалайтын. Кейін неге Атырауда кино түсірмейміз деген идея келді. Сосын қолға алдым. Нәтижесін өздеріңіз көріп, бағасын бере жатарсыздар, - деді ол.

Фильмнің басты кейіпкері – Ару есімді бойжеткен. Оның рөлінде Л. Гумилев атындағы университеттің халықаралық қатынастар факультетінің 1-курс студенті, жерлесіміз Назира СМАҒҰЛ ойнайды. Келесі басты кейіпкерлер Жан есімді жас жігіт. Жанның рөлін Нұрғиса Тілендиев атындағы кіші өнер Академиясының актерлік бөлімінің 11-сынып оқушысы Шыныбек РАХМАШЕВ сомдаған. Тағы бір маңызды кейіпкердің бірі – "Ботаник" деген бүркеншік аты бар білімді студент. Бұл рөлге Еркінқала мектебінің оқушысы Шыңғыс САБЫРОВ лайықты деп танылыпты. Жалпы, фильм кейіпкерлерінің кастингіне 80 адам қатысқан. Кастинг «Ақ Желкен» шығармашылық орталығында өткен. Фильмге 15 пен 22 жас аралығындағы жастар түскен. Оны түсіруге төрт ай уақыт жұмсалған. Түсіру жұмысы мамыр айында басталған.

Киноның авторы фильмді түсіруге қолдау көрсеткен азаматтарды, соның ішінде «Жас Отан» жастар қанатын ерекше атап өтті. Алайда, қаржылай демеушілік көрсеткен ешкім табылмапты.

ТАЙМАС ТИМУР АҒАСЫН ҮЛГІ ТҰТАДЫ

Таймас Сапарғали былтыр желтоқсан айында Астана қаласында өткен «Үміт» атты киноолимпиадаға қатысып, 1-орынды жеңіп алған. Ол онда 7 минуттік «Тайталас» қысқаметражды фильмін ұсынған болатын.

Киноолимпиадада Таймасты байқаған белгілі әнші Марат Омаров та оған Астанада жаңадан ашылатын шығармашылық орталығында қалуын өтініпті,тіпті пәтер алып беруге уәде де еткен көрінеді. Алайда, Таймастың институттағы оқуына байланысты, бұл ұсыныстан бас тартуына тура келген.

Одан бөлек, Таймас жергілікті «Қазақстан-Атырау» телеарнасынан жарқ еткен «Күлкі City» әзіл-сықақ бағдарламасының да авторы әрі режиссері. Ол тырнақалды туындысы саналған «Студенттік кез» көркем фильмін режиссерлік жұмысының тек басы деп біледі. Оның алда жоспары көп. Ал ол әзірге құпия. 

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

29 қыркүйек 2011, 16:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.