Атырау, 20 сәуір 12:41
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Сарыағаш халқы насыбайды атуды да, сатуды да доғармаймыз деп отыр

3 967 просмотра

Image 0Оңтүстіктің кәсіпкерлері насыбайға тыйым салған депутаттарға өкпелі. Осы өнім негізгі күнкөрісі боп отырған Сарыағаш ауданының халқы насыбайды дайындауды да, оны атуды да доғармаймыз деп отыр. Мұндағы 500 гектар жерге насыбайдың негізгі шикізаты болып саналатын арнайы темекі егілген. Енді миллиондап шығынға батқан кәсіпкерлер заңды қайта қарауды талап етуде.

Қап-қабымен өндіріліп қойған темекіні жұлып, ашуға мінген Гүлбар Үсіпбекова қойма толы насыбайды енді қайда жіберерін білмей отыр. Заң күшіне енген санаулы күнде кәсіпкер миллиондап шығынға батқан. Қазірдің өзінде қоймасында екі тоннадан астам дайын өнім тұрса, елдің түкпір-түкпіріне жіберілген 6 тонна насыбайын тапсырыс берушілер қайтарып жатыр екен.

«Енді не істерімді білмей отырмын. Мұны қалай өткіземін, қайда өткіземін? Ол нан емес,картоп емес былай жеп қоятын немесе сатып жіберетін. Одан тек насыбай істейсің. Темекі де істеуге келмейді», - дейді Гүлбар Үсіпбекова.

Сарыағашқа қарасты бірнеше ауылда нақ осы насыбаймен айналысатын 120 шаруашылық бар. Қазір барлығының ісі тұралап тұр. Насыбайды тауықтың саңғырығы дегеніне өкпелі олар тіпті тауардың қалай даярланатынын да көрсетіп әуре. Құрамында шөп пен әктен басқа зат жоғына сендіріп баққан мамандар, зиянды дегендерді әумесерге балап отыр. Жалпы биыл ауданда 500 гектар жерге темекі егілген екен. Ал шенеуніктер шығынға батқан шаруаларға мүмкіндігінше көмектесеміз дейді.

«Әрине, өсіргені жұлынбайды. Темекі өндіретін фабрикаларымыз бар, соларға хат жазғалы жатырмыз. Шаруа қожалықтарына биыл егілген осы табактарын өткізіп беруге көмек сұраймыз», - дейді Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Тәліпов.

Алайда Сарыағаш жұртына биылғы өнімді өткізіп берудің қажеті жоқ боп тұр. «Насыбайым болмаса, ауырады басым-ай» демекші, оны атып та, сатып та үйренген жұрттың жуық арада бұл кәсіптен қайта қояры да шамалы көрінді. Олар 5 күн бұрын ғана күшіне енген заңды қайта қаралсын деп отыр.Тіпті осы заңды қабылдаған депутаттар тобын қонаққа шақырып, шәй үстінде әңгіме құрмақ. Болмаса, Астанаға өздері баруға да дайын.

Дереккөз: bnews.kz


24 сәуір 2015, 10:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.