Атырау, 25 сәуір 13:24
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

​Қылмыстар хроникасы

1 634 просмотра

Image 0

Полицияға Балықшы поселкесінде уақытша тұрып жатқан Оңтүстік Қазақстан облысының 34 жастағы тұрғыны шағымданды. Оның айтуынша, 8 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысынан қонаққа келген қайын енесі матрац астына жасырылған 500 мың теңгені ұрлап алған. Енесінен жауап алынып, басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен босатылды.

***

Балықшының 26 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол биылғы жылдың ақпанында Жаңаталап селосынан үй жанына қойылған көліктің мемлекеттік нөмірін қолды қылған. Сондай-ақ, Атырау қаласының тұрғыны да ұсталды. Ол 15 қаңтарда Баймұханов көшесінің бойындағы жеке ауладан «Хёндай Акцент» көлігінің мемлекеттік нөмірін түсіріп алған деп күдіктелуде.

***

Балауса поселкесінің тұрғыны 11 сәуірде белгісіз ер адамның оның ауласында тұрған 40 литрлік екі құтыны алып кетпек болғандығына шағымданды. Күдікті, Жұмыскер поселкесінің тұрғыны ұсталды.

***

Полицияға қаланың 31 жастағы тұрғыны шағымданды: 12 сәуірде таңертең ол ұйықтап жатқанда оның азаматтық некедегі күйеуі әмиянынан 100 мың теңгені ұрлап алған. Күйеуінен жауап алынып, басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен босатылды.

***

Құрманғазы АІІБ-і 2013 жылдың жазында Ганюшкин селосында қолды болған былғары туфлидің ұрлану фактісін тергеуде. Күдікті – Ақкөл селосының 29 жастағы тұрғыны. Оның осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

***

Қала тұрғыны өзімен бірге тұратын 22 жастағы танысының банкомат кәртішкесін ұрлап алып, 120 мың теңгені түсіріп алғанын полицияға хабарлады. Күдіктіге іздеу жарияланды.

***

Сәуірдің 13-іне қараған түні белгісіз біреулер Сарықамыс ықшамауданының тұрғынына тиесілі, үй жанында тұрған «Тойота Королла» көлігінің әйнегін сындырған. Бұзақылық жасады деген күдікпен арызданушының 44 жастағы көршісі ұсталды.

***

Өткен жылдың желтоқсанында 25 жастағы Мақат тұрғыны мен 30 жастағы Ақтөбе тұрғыны Жылыой ауданының Тұрғызба селосы тұрғынының үйіне газ құбырын жүргізіп береміз деп уәде берген. Алдын ала төлем ретінде миллион теңге алып, ғайып болған. Тергеумен Мақат АІІБ айналысуда.

***

Бесікті поселкесінде су полициясы құжаттары жоқ 3,5 тонна қара балық тиеген «Газель» көлігін ұстады. ҚР ҚК-нің 196-бабы бойынша («Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу») қылмыстық іс қозғалды.

***

Жұмыскер-2 поселкесінде полиция «Лада-Приора» көлігін тоқтатты. Жүксалғыштан салмағы 24 келі болатын бекіре тұқымдас балық табылды. ҚР ҚК-нің 339-бабы («Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ, пайдалануға тыйым салынған түрлерімен заңсыз айналысу») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

***

«Бекіре-2015» операциясының барысында балық қорларының заңсыз айналымына байланысты 114 заң бұзушылық, соның ішінде балықты заңсыз аулау және балық аулау ережесін бұзудың 102 фактісі анықталды. 106 заң бұзушы ұсталып, олардан 4 тонна 830 келі балық тәркіленіп алынды. Соның ішінде 250 келісі - бекіре тұқымдас балықтар. Сондай-ақ, 100-ден астам балық аулау құралдары алынды. 9 қылмыстық іс қозғалды.

16 сәуір 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.