Атырау, 28 наурыз 15:29
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

​Тінту жүрмейді - телефонмен бірге қуылады

4 220 просмотра

Image 0Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінде білім беру мәселелері талқыланған дөңгелек үстел өтті.

Департамент басшысының орынбасары Ерболат УАЙСОВТЫҢ айтуынша, 1 000-нан астам ата-ана арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы орта және жоғары оқу орындарында оқушылардың құқықтары бұзылып отырғанын көрсеткен. Мәселен, ата-ананың 30 пайыздан астамы орта мектептерде оқу құралдарының жетіспеуіне және білім сапасыздығына шағымданған. 60 пайыздан астамы ҰБТ кезінде заңсыздықтарға жол берілгенін көрсетіп отыр. Сонымен қатар, ата-аналардың басым көпшілігі мектептерде заңсыз ақша жинауға және жоғары оқу орындарында ақша сұратуға байланысты шағымданған.

Атырау облыстық салалық білім және ғылыми қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Қилымғали ҚАЙНЕНОВ сапалы білім алуға кедергі болып отырған мәселелерді айтып берді.

- Білім сапасына әсер ететін нәрсе - материалдық-техникалық база. Үкімет қаулысымен бекітілген СанПин талабы бойынша бір сыныпта оқушының саны 25-тен аспауы тиіс. Бірақ осы талап сақталмайды. Қаладағы, аудандардағы көптеген мектептерде бір сыныпта 30-35, кейбір жағдайларда 40-45 оқушыға дейін оқиды. Мысалы үшін айтайын, қаладағы №3 орта мектепте 3 000 оқушы оқиды, ал, №16 мектепте 2 500 бала оқып жатыр. Бір сыныпта 35-40 оқушыдан келеді.

Кәсіподақ Нұрсая ықшам ауданында, кем дегенде, 600 немесе 700 балаға арналған екі мектеп және «Самал» ықшам ауданында бір мектептің болуы қажет деп есептейді. Сонымен бірге, Қайненов сапалы білім беруге кедергі болып отырған тағы бір мәселені атады. Бұл – оқулықтардағы стилистикалық және грамматикалық қателердің өріп жүргені және олардың мектептерге мезгілінде жетпеуі.

- Облыстық білім беру басқармасы мен мектептердің Министрліктің бұйрығы шықпай өздігінен оқулықтар сатып алуға құқығы жоқ, баспалармен келісімшарт жасай алмайды. Ал, бұйрық мамырдың аяғында шығады, сол мезгілде мектептер қыркүйекте оқулықтар сатып алып үлгермейді, сөйтіп, қазан-қарашаға дейін оқулықтар жетіспей жатады. Ал, жалпы оқулық жеткілікті деп айтуға болады. Оқулық бір жылға емес, төрт жылға сатып алынады. Төрт жылда тағы да толық басылып шығады, - дейді Қайненов.

Оны облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха ДҮЙСЕКЕНОВА толықтырды. Оның айтуынша, биыл министрлік бұйрығы ерте шығып, соның арқасында облыстық білім беру басқармасы 12 баспамен келісімшартқа отырып үлгерген. Енді соның негізінде 2015-2016 оқу жылына арналған оқулықтар осы жылдың 1 тамызына дейін жеткізілуі тиіс. Айтпақшы, Дүйсекенова өз сөзінде оқулықтар бұрын тек қана аз қамтылған отбасылардың балаларына тегін үлестірілетін болса, соңғы үш жылдан бері тегін оқулықпен барлық балалар қамтылатынын мәлім етті. Бірақ бұл туралы дөңгелек үстелге қатысушылардың бәрі бірдей білмейтін болып шықты.

Тағы бір жаңалық, Ұлттық тестілеу орталығының №30 филиалы жетекшісі Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА биыл ҰБТ орталығының нұсқаулығы бойынша ҰБТ тапсырған күні кешкісін ілінетін ҰБТ нәтижелері жанында мектеп бітірушілердің аты-жөндері емес, жеке идентификациялық нөмірлері толтырылатынын хабарлады. Ал, аты-жөндері толтырылған ведомость мектеп бітірушілердің мектептеріне жолданады, мектеп бітіруші оны сол жерден барып алады. А.Дүйсекенованың айтуынша, «бұл оқушылардың психологиялық жағдайын ескеру мақсатында» жасалып отыр.

Былтыр емтихан залынан ҰБТ тапсырған түлектердің бір кезеңінің өзінде 8 000 ұялы телефон табылған, 16 оқушы залдан шығарылған, 500 оқушы басқа да ережелер бұзған. Атырау облысы білім сапасын бақылау департаментінің басшысы Бектұр ҚАЛИДЫҢ айтуынша, былтыр ҰБТ тапсырушыларға жұмсақтық танытылған. Ереже бұзғандардың барлығын залдан қумаған, көп жағдайда ескертумен шектелген. Алайда, биылғы ҰБТ-да өзгерістер бар. Мәселен, биыл талапкерлерге тінту жүргізбейді, бірақ залда ұялы телефонмен сөйлесіп отырғанын байқап қалса, оған ұрыспай, үн-түнсіз ғана залдан шығарып жібереді.

Айнұр САПАРОВА

16 сәуір 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.