Атырау, 20 сәуір 14:41
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Мәсімов үш жылға шыдауға әмір берді

3 183 просмотра

Бензин тапшылығы жалғасуда. Бекеттерде бұрынғыша машиналар керуен боп сап түзеген. Жанар-жағармай кәртішкемен немесе талондармен беріліп жатыр. Анда-санда еркін саттықта пайда болады. 95-ші маркалы бензиннің жоқтығы бағаның күрт шарықтауына әкеп соқты. «Нұр» жанар-жағармай бекетінде жоғары октанды отынның бір литрі 160 теңгеден сатылуда. Бүкіл Қазақстан бойынша жанар-жағармайды жеткізуге шек қойылған деседі. Себебін сұрасаң, айтылар сылтау көп.

Ал үкімет болса ахуалды қолға алуға тырысуда. Мәселен, 50 мың тонна жоғары октанды бензинді Ресейден сатып алады. Қызық шешім. Өйткені биліктің өзі бұдан бұрын Ресейден әкелінетін жоғары октанды бензин қымбат тұрады, сондықтан оны сатып алып, өткізу тиімсіз деген болатын.

Сондай ақ, Қазақстанның Қытай Халық Республикасымен толлингтік операциялар жүргізу мүмкіндігін қарастырып жатқаны белгілі болды (алыс-беріс шикізатын өңдеу операциялары). «Ресейге кіріптарлығымызды азайту үшін толлинг туралы, соның ішінде қытайлық мұнай өңдеу зауытымен де, мұнайдың белгілі бір көлемін, айталық, жоғары октанды бензинді жеткізіп және үлкен баға еркіндігіне ие болу үшін келісім жасаудамыз», - деп мәлімдеді еліміздің бас мұнайшысы С.Мыңбаев.

Мемлекеттің қалай болғанда да жанар-жағармай бағасын ұстап қалғысы келген әрекеті (демек, инфляция) көптеген сұрақтар туғызады. Сондай-ақ, үш қазақстандық мұнай өңдеу зауытындағы өңдеу көлемінің азайғандығы туралы жорамал күмәнді көрінеді. Өйткені Атыраудағы екі ірі жанармай жеткізуші – «Гелиос» ЖШС де, «ҚМГ Өнімдері» АҚ да жеткізу көлемінің кемігендігі жайлы айтпайды.

Мәселен, «Гелиос» бекеттерінің бірінде бізге былай деген еді: «Бензиннің жоқтығы біздің кінәміз емес. Бізде бензин бар, екі күнде бұрын бір апта ішінде сатқан мөлшерде бензин сатамыз. Өйткені біздің бәсекелестеріміздің барлығы бензин сатуды тоқтатқан. Жүргізушілер бізге ағылып келуде. Бірақ біз бүкіл қаланы қамтамасыз ете алмаймыз ғой. Оның үстіне корпоративтік клиенттеріміздің алдында міндеттеріміз бар. Ең алдымен біз соларға қызмет көрсетуге тырысамыз. Егер біз олардың алдындағы өз міндеттемелерімізді орындауды тоқтатсақ, бүкіл қала - «Жедел жәрдем», өрт қызметі және т.б. тұрып қалады. Зауыт бізге отынды шектеусіз жібереді».

«Гелиос» қазір БАҚ-тарға ешқандай комментарий бермейтіндіктерін айтып, ресми сауалға жауап беруден бас тартты.

Ең күлкілісі сол, дүрбелең басталғаннан бері «ҚМГ Өнімдерінде» де осындай жағдай. «ҚМГ» бекеттерінде бензин бар, бірақ оның бәсекелестерінде бензин болмағандықтан компанияның шамасы жетпей жатқан көрінеді. Бұл ақпараттар бір бірін жоққа шығарады, кімге сенеріңді де білмейсің.

Қоғамдық ұйымдардың өкілдері бензин дағдарысына қарсы өз пікірлерін білдірді.

«Арлан» ҮЕҰ төрағасы Макс БОҚАЕВ: «Мен бензиннің қымбат болғаны емес, оның жоқтығы оғаш көрінеді деп есептеймін. Өйткені бізде үш мұнай өңдеу зауыты бар. Олар елді бензинмен көміп тастаулары тиіс еді. Бірақ монополизм мен болымсыздық кедергі келтіреді. Нақты бәсекелестік жоқ. «ҚМГ» мен «Самұрық Қазына» түріндегі алып корпорация бар. Қазір бүкіл мұнай шетелге жөнелтіліп жатыр. Өйткені ол жақта мұнай үшін көп ақша береді. Бізде оны сатқан тиімсіз. Алайда шетелдегі мұнай бағасы 50 долларға дейін түссе де, біздегі бензин бағасы бәрібір қымбат болады. Өйткені монополистке ел ішінен пайда түсіру керек.

Ал біздің немесе павлодарлық, не болмаса шымкенттік зауыттар жоспарлы жөндеуге тоқтатылды, сондықтан оның көлемі азайды деуі сылтау ғана.

Егер біздің кәсіпкерлеріміздің кісендерін алып тастап, жанармайды тасымалдауға мүмкіндік берсе, онда олар 3-4 апта ішінде қаланы жоғары октанды бензинмен толтырар еді.

«Каспий табиғаты» ұйымының төрағасы Махамбет ХӘКІМОВ:  «Басты себептердің бірі –  бұл отын бағасы. Қазақстанда басқа ТМД елдерімен салыстырғанда, бензин анағұрлым арзан. Бұл факт отын өндірушілердің жандарына тыныштық бермейді. Олар отынды ТМД деңгейіне жеткізгенше байыз таппайды».

Отынның әлеуметтік маңыздағы бағасына келер болсақ, кәсіпкерлік пен өнеркәсіп басқармасының мәліметтері бойынша, үкімет әлі де АИ-92, 80 бензиндерінің және дизель отынының шекті құнын белгілемеген.

Жалпы, бензин бойынша ахуалға түсінік берген премьер-министр Кәрім Мәсімов жанар-жағармай нарығы үш мұнай өңдеу зауыттарын қайта жарақтау аяқталғанша 2014 жылға дейін тұрақталмайтынын мәлімдеді. Әсіресе, редакциямыздың қызметкері таяуда бақылаған көріністі еске алсақ, мұның көңілге үміт ұялатары сөзсіз. Ол Атамбаев көшесіндегі теміржол өткелі бойында бензовозбен бензин сатып жатқанын көрген. Жеке көліктер кезекке сап түзіп, жанармайды канистрлармен сатып алып жатыр екен. Бәлкім, проблема зауыттарды қайта жарақтауда емес шығар? Бәлкім, бензин бізге көрінбейтін жолдармен кетіп жатқан болар?

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген В. Истомин

29 қыркүйек 2011, 00:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.