Атырау, 18 сәуір 13:30
 ашықВ Атырау +21
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

Бес жүз мың тұрғынға – екі ревматолог

4 612 просмотра

Облысымыздағы ревматологиялық кабинеттерді ашуға басты кедергі боп отырған нәрсе – мамандардың жоқтығы. 400 мың халыққа шаққанда, екі қала мен жеті ауданда бар болғаны екі ревматолог бар.

РЕВМАТИЗМ ЖАСАРЫП КЕТКЕН

Көктемде ҚР денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас ревматологы, «Ревматолог дәрігерлер» қоғамдық бірлестігінің директоры Ғалымжан ТОҒЫЗБАЕВ қазақстандық қалалар мен ауылдарда биылғы жылы «ревматологтар кабинеті» ашылатынын, онда буын ауруларымен ауыратын пациенттер ең заманауи әдістермен тегін, бюджет есебінен емделе алатындарын мәлімдеген еді. Біз бұл туралы жазып, облыстағы ревматологиялық қызметтің дамуына бақылау жасауға уәде берген едік. Содан бері қарай бірнеше ай өтті, бұл да сырқаттар үшін аз уақыт емес. Науқастарға жанды ауыртар кесел мен қолайсыздықтарға (қарапайым шашын тараудың немесе стаканға су құюдың өзі проблема)  шыдауға тура келетінін және заманауи жоғары технологиялық препарат ампуласының құны 150 мың теңге шамасында тұратынын ескерсек, олардың осы кабинеттің ашылуын тағатсыздана күтіп отырғанын түсінуге болады.

Алайда, Тоғызбаев мырза уәде бергендей, олардың биыл ашылуы уақытқа емес, кадрларға байланысты мәселе. Облыстың бас ревматологы Болғаным БҰЛТАХОВАНЫҢ айтуынша, жас дәрігерлер ревматологияға барғылары келмейді екен. «Бүгінде біздің медицинамызда педиатрлардан бастап, терапевтіге дейін көптеген мамандар жетіспейді. Сондықтан ревматолог жұмысы өте қиын екенін атап өту керек. Пациентті қарап шығудың өзіне 25 минут кетеді – маман қол мен аяқтағы бүкіл буындарды қарап шығуы, әр саусақты ұстап көріп, тері қабаттарын тексеріп шығуы тиіс. Өйткені ревматологиялық сырқаттарды теріден де байқауға болады», - дейді Б.Бұлтахова. Ол ревматолог кезегінде егде тартқан жандар отырады деген аңызды жоққа шығарды. Күрделі жүйелік сырқатқа, әдетте, жастар да шалдығады. Бұл аурудың меңдейтіні соншалық, адамдар жұмыс істеу қабілетінен айырылып, мүгедектік рәсімдеулеріне тура келеді. Ревматологтармен бір рет кездескеннен кейін пациенттер бүкіл ғұмыр бойына олардың бақылауында болуға мәжбүр. Тағайындалатын препараттарды қабылдау қан құрамы мен ағзадағы басқа да өзгерістерді үнемі бақылап отыруды талап етеді. Бұдан басқа, ревматологтан рентген суреттерін сауатты «оқу» талап етіледі. Олар ауруханада толық жұмыс күнін атқарады: онда стационардағы науқастар болады. Содан соң амбулаториялық қабылдау, оған қоса аса сырқат адамдарды ауруханаға жатқызу кезінде кеңес беру жүргізіледі. Оған науқасты операция алдында дайындауды (операциялар бізде емес, республикалық орталықтарда жасалады) және операциядан кейінгі оңалту кезеңін қосыңыз. Содан кейін оларды анағұрлым «машақаты аз» мамандықты таңдайды деп кім кінәлай алады?

БУЫН СЫРҚАТТАРЫ

Бүгінде облыстық ревматологтың есебінде ревматизмге шалдыққан 110 пациент, 15 адам Бехтерев сырқатына, 3 дерматомиозитке, 10 склеродермияға, 20 жүйелі қызыл жегіге, 2 түйіншекті периартериитке, 15 Рейтер сырқатына, 15 тұз байлану ауруына шалдыққан жандар тіркелген. Бұл ең алдымен ішкі ағзаларды зақымдайтын ауыр сырқаттар, олар тек буын ауруымен шектеліп қоймайды. Олардың қасында егде тартқан жандар шағымданатын қартаю өзгерістері – артроздар, артриттер мен остеопороздар анағұрлым қауіпсіз. Жүректің, буындардың, дәнекер талшығы мен бұлшық еттердің ревматологиялық сырқаттарымен көбінесе 30 жасқа дейінгі жастар ауырады. Ревматизмнің бастапқы кезеңі 16-17 жаста басталады. Аяқтай жүріп баспа, тонзиллит, басқа да тұмау мен жұқпалы ауруларымен ауырып, нашар емделу, тіпті қарапайым құрт жегісінің өзі жүрек ақауына әкеп соғатын шабуылдаушы механизм боп табылуы мүмкін. Мұндай науқастарға «бастапқы ревмокардит» деген диагноз қойылады да, олар мамандардың бақылауына алынады. Егер сәтті шықса, тәуір боп кетеді, ал болмаса, жастар ревматологтың тұрақты клиентіне айналады.      

«Осыдан он жыл бұрын бізде қазіргідей реактивті артриттер көп болған жоқ. Соңғы кездері урогенитальды инфекциялар - хламидиоз, трихомоноз және т.б. кеңінен тараған. Бұлар да ревматологиялық науқастардың көбеюіне әсерін тигізеді. Ал жүйелік аурулармен ауыратын сырқаттар санының көбеюі аймақтағы  қолайсыз экологиялық жағдаймен байланысты. Жылыой, Қызылқоға, Құрманғазы аудандарында жүйелі қызыл жегінің асқынған түрімен ауыратын науқастар бар», – деп әңгімелейді Б.Бұлтахова. 

ДИАГНОСТИКА АТЫРАУДА, ОПЕРАЦИЯ АСТАНА МЕН АҚТӨБЕДЕ ЖАСАЛАДЫ

Біздің облысымыздың науқастарына операция облыстан тысқары жерлерде жасалады. Жүрегіне операция жасатуға мұқтаж пациенттер Астанадағы Сызғанов атындағы Ғылыми хирургия орталығы мен Ақтөбедегі Асфендияров атындағы институтқа барады. Буындарды протездеуді соңғы кездері Астанада травматология мен ортопедия ғылыми зерттеу институттарында жақсы жасайтын болған. Бұрын Атырау пациенттері Ресейге баратын. Стационарлық жағдайда біздің ревматологиялық науқастар емді тек облыстық аурухананың кардио-ревматологиялық бөлімшесінен ғана ала алатын. Ол жерде 10 кереуеттік орын бөлінген. «Бірақ біз жақсы диагностикалық базамызбен мақтана аламыз – операция арқылы емделу үшін науқастарға қоятын диагноздарымыздың барлығын ғылыми орталықтардың жетекші мамандары 100 пайыз растайды», - деп атап өтті Болғаным Бұлтахова. Облыстық аурухананың зертханасы, оның айтуынша, ПЦР мен ИФА әдістері арқылы анализ жасау үшін, жүйелік сырқаттардан антитела, ревматоидті фактор, С-реактивті ақуыз және т.б. анықтау үшін барлық қажетті реактивтермен қамтылған. Зертханалық зерттеуден басқа, кардио-ревматологиялық бөлім науқастарына эхокардиограмма (жүрек ақауына диагноз жасалғанда), буындардың рентгенографиясы, буындардың компьютерлік томографиясы қолжетімді. Облыстық аурухана жанындағы консультативтік-диагностикалық орталықтың амбулаториялық пациенттері де осындай қызметтерді ақысына пайдалана алады. Ал екі аптадан соң дәрігерлер тағы да буындардың магниттік-резонанстық томографиясын қосуға уәде беріп отыр. Бұл ревматологиялық сырқаттардың диагностикасы үшін өте пайдалы аппарат деседі.

ОБЛЫСҚА АРНАЛҒАН 10 АМПУЛА

Уәде етілген ревматологиялық кабинеттердің басты артықшылықтарының бірі – «Ремикейт» секілді бірен-саран ғана қолжетімді препараттарды тегін алу. Бұл препараттың әр ампуласы 130 мың теңге тұрады, бір құю процедурасына пациентке екі ампула қажет болады.  Емделу курсы – бірнеше процедура. Әзірге облыс мұндай ампуланың 10-ын ғана сатып алды, ол көп дегенде екі пациентке жетеді. Препараттың артықшылығына қоса кемшілігі де бар.  «Ремикейтті» қабылдайтын науқас бірқатар инфекцияларға, соның ішінде туберкулез таяқшасына қорғансыз болады. Препарат иммундық жүйесі жақсы пациенттерге арналған. Ал жүйелік сырқаттарға шалдыққандар үшін жарамсыз. Сондықтан оларды Бехтерев пен ревматоидті артритке шалдыққан пациенттерге ғана, онда да мұқият тексеруден кейін тағайындайды.

Облыстық ауруханада кардио-ревматологиялық бөлімшенің пациенттеріне стереоидті емес қабынуға қарсы ибупрофен, напроксен секілді препараттарды, сондай-ақ, плаквенил,  метотрексата, сульфасалазин сияқты дәрі-дәрмектерді ұсына алады. Ал табиғи шеміршек талшығының құрылымдық элементтері боп табылатын хондропроекторлардың ауқымды тобы тегін дәрі-дәрмектер тізіміне кірмейді.

Ұлттық бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі мен госпитальдау жүйесі енгізілгеннен бері стационар дәрігерлеріне жұмыс жасау жеңілдеді: пациенттер ауруханаға анализдерінің қорытындылары алынған дайын күйде түседі. Жедел жәрдем қызметі әкелетін шұғыл науқастанған пациенттерді тексеру тегін жүргізіледі. Ал емнің кейбір түрлерін стационарлық науқастарға да төлеуге тура келеді. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне физиопроцедуралар, массаж бен гирудотерапия кірмейді.

СҰРАНЫССЫЗ ҰСЫНЫС

Атырау облысында қашан және қайда (аудандарда, емхана жандарында, ауруханаларда және т.б.) ревматологтардың қанша кабинетін ашу жоспарланып отырғанын әзірге дәрігерлер айта алмайды. Бүгінде кадрларды дайындау бірінші кезектегі міндет боп отыр. Мұнымен республикалық дәрігерлерді жетілдіру институты мен Алматы қаласындағы кардиология және ішкі сырқаттарды ғылыми зерттеу институты айналысады. Тек ниет білдірушілер табылса болғаны. «Біз облыста ревматологтардың жетіспейтіндігі туралы мәселені әлденеше рет көтеріп, дәрігерлерге мамандандыру курстарынан өтуді ұсынған едік. Соңғы рет мамандарды оқытуға жіберуді №7, 2 және 3 емхананың бас дәрігерлері ұсыныс білдірген болатын», - дейді Б.Бұлтахова. Ол бізде тиісті мамандар пайда болғаннан кейін ғана ревматологиялық кабинеттерді ашу мәселесіне орала алатынымызға сенімді болды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген В. Истомин

22 қыркүйек 2011, 19:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.