Атырау, 25 сәуір 02:32
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Жайық жағасын “бекіністер” жайлады

6 310 просмотра

Халел Досмұхамедов атындағы университетті қоршаған бетон жағалаудан жүз метрдей жерде жағалау нығайтатын құрылыстың осыған ұқсас екіншісі салынып жатыр (суретте).

Мұндай сақтық шаралары не үшін жасалуда? Осы жұмыстардың тапсырысшысы боп табылатын қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы және көлік жолдары бөлімі бұған жауап беруден барынша бұлтарып отыр.

Осы жобаны мақұлдатқан Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясының бастығы Бисен ҚУАНОВ бетон тақталардың екінші желісі «артық болмайды» деп есептейді.

Оның айтуынша, өзен жағалаулары орнықсыз, үнемі қозғалыста болады екен. Су ағыны бір жерден жеп, лайды екінші жерге апарады. Қала шеңберіндегі өзен сағасының барлығы бекіністермен нығайтылмайынша осылай жалғаса береді.

Облыстағы су қызметкерлері Колхоз базарының маңындағы жағалауды бетонмен «киінді-руді» биліктен отыз жылдай уақыттан бері өтініп келеді. Уақыт өтіп кетті. Су қаланың осы бөлігіндегі жағалауды ғана емес, бірнеше жеке үйлерді де «жұтып» қойды. Енді су инспекциясындағылар осы жерден жағалау нығайту жұмыстарын бастау үшін алдымен жағалау маңындағы жүздеген тұрғын үйлерді сатып алып, күреп тастау керек. 

Соңғы жылдары жағалау нығайтуға қатысты ахуал өзгере бастаған. Бетон тақталар, отырғыштар мен көшеге жарық беретін шамдар Бірінші учаскенің жағалауына, Әлиев-Сатыбалдиев көпірінің маңына және басқа жерлерге орнатылған.

Балықшыда, Огородная көшесінің бойында, Жеңіс саябағы мен Жилгородокта жағалау бекіністерінің қос желісі бар. Жилгородокта Заполярный көшесінің бойындағы №21 жаңа үйдің құрылысын ескі мен жаңа желінің арасынан тұрғызыпты.

Осылайша, жағалау нығайту жұмыстарының есебінен қала аумағы кеңейіп келеді, деп атап өтті Б.Қуанов. Өкінішке орай, бас су қызметкері университет маңындағы өзен тарту еткен ауқымды жер учаскесіне нақты не салынатынын білмейді екен. Айтпақшы, биылғы жылы корейлік сәулетші ғалымдар ұсынған жоба бойынша бұл жерге аквапарк пен жүзбелі арал салу ұсынылған.

Қашан болмасын жаңа жағалау бекіністерін тасқын судың басып кетуі мүмкін бе? Б.Қуанов бұлай болмайтынына сенімді. Қазір Башқұртстандағы Жайық өзенінің ірі сағасында (ол жерде Сақмар деп атайды) барлығы сыйымдылығы 260 млн. текше метр болатын 50 су қоймасынан тұратын тізбек салынған. Әрі қарай өзен ағысымен төмен қарай үш ірі су қоймалары шоғырланған: Магнитогорск – 189 млн. текше метр, Жоғарғы Жайық – 601 млн., Иректі – 3,2 млрд. текше метр. Бұдан басқа, Жайық өзенінің саласы – Ақтөбе облысындағы Елек өзенінде екі ірі су қоймасы бар: Қарғалы – 245 млн. текше метр және Ақтөбе – 280 млн. текше метр. Осы су резервуарларының барлығы бүгінде жартылай тартылып қалған. Таяу жылдары олар суға толатындай ешқандай мүмкіндік жоқ.

- Жилгородоктағы мәдениет үйінің артындағы тоғайларда қаншама бомждар кезіп, қоқыстардың төгілгені есіңізде ме? Жағалау бекінісінің екінші желісін салған кезде тікендерді шауып, жағалауды тазартты. Мен өзім, су қызметкері ретінде қуандым, - деп түйіндеді сөзін Бисен Отарұлы.

Дегенмен де, университет жағалауына не салады екен?

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген В. Истомин

22 қыркүйек 2011, 19:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.