Атырау, 17 сәуір 00:27
 ашықВ Атырау +20
$ 448.81
€ 476.82
₽ 4.77

«Жигулидің» де, басқасының да бағасы ұшынып тұр

4 837 просмотра

Кедендік одақ енгізілгеннен кейін Ресейден шығарылатын автокөліктердің бағалары өзгерді ме? Бұл сұраққа жауап беру үшін облыстық статистика басқармасынан биылғы жылдың 1 қаңтарындағы, 1 шілдесіндегі (кедендік одақтың әрекет ете бастаған уақыты), 1 тамыз және 1 қыркүйектегі жергілікті автосалондардағы көлік бағаларын сұраған едік. Статистиктер қаңтардан тамызға дейінгі бағалардың өзгермегендігі, тек 1 қыркүйектен бастап ВАЗ көлігінің бағасы күрт өскендігі туралы мәліметтер ұсынды. Дилерлер болса, көліктердің жыл бойына қымбаттағанын айтады.

«Атырау Лада» ЖШС директоры Есен ҚОШҚАРОВТЫҢ айтуынша, көліктер Тольяттидегі Волга автозауытында құрастырылып, жабдықтары  ол жерге 7 мыңнан астам өндірушілерден келіп түседі екен. Тамызда 20 мыңнан астам деталь жеткізушілердің өнімдері қымбаттаған. Кедендік одақтың бұған қатысы жоқ: стартерлер Франциядан, генераторлар Италиядан әкелінеді және т.б. Детальдар бағасының өсуі ВАЗ-2107 көлігінің бөлшек бағасына әсер еткен. «Семерка» жыл бойына қымбаттаған: 1 қаңтарда – 875 мың теңге, 15 маусымда – 965 мың теңге, 15 шілдеде – 980 мың теңге болыпты. «Әрине, бұл сатып алушылардың жүйкесін жұқартып тұр, - дейді Е.Қошқаров. – Көліктерге шетелдік дөңгелектер салынып келетін кездер де болады. Кейбір клиенттер бағаларын түсірту үшін оларды ресейлік дөңгелекке ауыстыруды талап етеді».

«Бипэк Авто» компаниясы филиалының директоры Дәурен БЕЙСЕНОВТІҢ айтуынша, «Приор», «Калина», ВАЗ-21114, 21214 және 2107 көліктерінің бағалары үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығында 3 пайыздан 10 пайызға дейін өскен. 1 шілдеден бастап ВАЗ көлігінің негізгі маркаларының бағалары өзгермеген, тек ВАЗ-2107 көлігі 1 қыркүйектен бастап тағы 3 пайызға қымбаттаған. Себебі, «АвтоВАЗ» АҚ құрастыру цехтарындағы дайын көліктердің сатып алу құнын 7-8 пайызға көтерген.

Д.Бейсеновтің айтуынша, «семеркаға» сұраныс бұрынғыша жоғары екен. Үстіміздегі жылы оны шығару «ИжАвто» зауытына тапсырылыпты. Алайда келер жылдың ішінде бұл көлікті шығаруды біржола тоқтату жоспарланып отырған көрінеді. Оның орнына «Lada-Granta» көлігін құрастырмақ.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

15 қыркүйек 2011, 18:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.