Атырау, 19 сәуір 09:54
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Майдангерлер 200 мың теңгеден алады

2 877 просмотра

Қала әкімінің шешімімен Жеңіс күніне орай атыраулықтарға берілетін бір мәрте көмек - Ұлы Отан соғысына қатысушыларға 100 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейін, ал тыл еңбеккерлеріне 5 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін көбейтілді.

Бұл туралы қалалық мәслихаттың 32-ші сессиясында қалалық әкімдіктің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлы ХАБИЕВА хабарлады.

Қала бюджетін нақтылау туралы қалалық әкімдіктің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Шыңғыс АРЫСТАНОВ баяндама жасады.

Ол депутаттардан 2015 жылдың бюджетіне аяқталмаған жобалар бойынша жұмыстарды жалғастыру үшін өткен жылы игерілмеген қаржыларды және жоспардан тыс салық түсімдерін пайдалануды бекітуді өтінді.

Қаржы бөлу, атап айтқанда, «Ақбота» балалар үйінің ғимаратын қайта жарақтауға, көшелерді санитарлық тазартуға, зиратты ұстау және көметін адамы жоқ мүрделерді көмуге, қосымша қоқыс контейнерлерін алуға, мектептерде өртке қарсы сигнализацияны монтаждауға және пайдалануға, қала маңындағы Геолог пен Еркінқала поселкелеріндегі бақтардың құрылысын аяқтауға жобалау-сметалық құжаттамаға, теміржол вокзалы маңында Баймұханов көшесі арқылы тағы бір жаяу жүргінші көпірін салу үшін жобалау-сметалық құжаттама жасауға бағытталды.

Атырауда вокзал алаңы, «Академия», «Светлана» автобус аялдамасының, «Сауран» сауда үйі мен Исатай-Махамбет алаңының маңынан барлығы осындай бес өткел салу жоспарланып отыр.

Арыстановтың айтуынша, биыл қалалық бюджетке қала жолдарын салуға және күрделі жөндеуге 1 млрд 530 млн теңге салынған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және көлік жолдары бөліміне хабарласқанда, бізге қазір жөндеу жүргізілетін көшелер тізімін жасаумен және облыстық мемлекеттік сатып алулар басқармасы өткізетін тендерге құжаттар дайындаумен айналысып жатқандарын хабарлады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ 

30 наурыз 2015, 10:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.