Атырау, 19 сәуір 18:00
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Талғат Байтазиев: «Көреалмаушыларым жасаған тегін пиарға алғыс айтамын»

3 862 просмотра

Фотосурет Т.Байтазиевтің жеке мұрағатынан алындыФотосурет Т.Байтазиевтің жеке мұрағатынан алынды«АЖ» редакциясына «Молдова металлургия зауыты» ААҚ директоры, «АМӨЗ» ЖШС-тің бұрынғы бас директоры Талғат БАЙТАЗИЕВ телефон соғып, «Интернеттегі көптеген тапсырыспен жазылған мақалалар мен хабарламаларға» қатысты жауап беруге дайын екенін білдірді. Ол тек бір ғана талап қойды – сұхбат барысында міндетті түрде «менің атымның төңірегінде маған тегін пиар жасап жатқан көреалмаушыларыма айтатын алғысым» жариялансын деді.

«РЫСҚАЛИЕВ МЕНІ АЛЫП ТАСТАҒЫСЫ КЕЛДІ, БІРАҚ ҚОЛЫНАН КЕЛМЕДІ»

Талғат Байтазиев Праганың «Славия» футбол клубын сатып алғанын немесе алғысы келген ниеті болғанын үзілді-кесілді жоққа шығарды.

- Мен клуб иесін көрген де жоқпын, сатып алу туралы келіссөздер де жүргізген емеспін, өйткені футболдан және спорт бизнесінен мүлдем хабарым жоқ, - деп телефон арқылы жауап беріп, кейін Whats App арқылы чех клубының ақпаратты жоққа шығарған хабарламасының скриншотын жіберді.

Ол сондай-ақ, Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ ұйымдасқан қылмыстық тобымен АМӨЗ басшысы болып тұрған кезіндегі байланысын да жоққа шығарды.

- Оның бірнеше ай бойы мені орнымнан алғысы келгені құпия емес, алайда қолынан ештеңе келмеді. АМӨЗ-ге шикі мұнай жеткізушілердің арасында Бергей Рысқалиевпен байланысы бар бірде-бір компания болмады. Мен, сондай-ақ, оған облыстық мәслихатта да қолдау көрсеткен жоқпын, өйткені мен ешқашан облыстық мәслихаттың депутаты болған емеспін. Ал оның басына бұлт үйіріле бастағанда, мен қалалық мәслихаттың да депутаты болмаған едім.

 

«ГРУЗИН ӘРІПТЕСТЕРІМНІҢ ҚОЯТЫН ТАЛАПТАРЫ ЖОҚ»

Оның айтуынша, грузин құқық қорғау органдарының Батуми мұнай терминалына қатысты оған қоятын ешқандай талаптары жоқ. Естеріңізге салсақ, 2015 жылдың наурызында бірқатар жеткізуші компаниялардың талап-арыздары бойынша «Қазтрансойл» АҚ-тың еншілес компаниясының мүлігін мұнайды тиеу бойынша көрсетілетін қызметтердің бағасын монополиялық өсірді деген айыптың негізділігі анықталғанға дейін қамаққа алған еді.

- Мен басшы болып тұрған кезімде бұл кәсіпорын тұрақты жұмыс жасады, мұнай уақытында тиеліп жатты, қазақстандық және грузин акционерлерінің арасында сыйлы және қызметтік қарым-қатынас болды, - деп ол терминал мен мұнай жеткізушілер арасындағы қазіргі жанжалды жағдайға қатыстылығын да жоққа шығарды.

- Соңғы жаңалықтар компанияның қазіргі менеджментіне қатысты болуы керек, өйткені менің өз қалауыммен жеке бизнеске кеткеніме бес ай болды. Дегенмен, мен Грузияда да мұнай терминалының беделді, бірақ еш пайдасы жоқ қызметкерлерін жұмыстан шығаруға мәжбүр болғанмын, сондықтан да ол жақта да өзіме қарсы адамдар табылады, - дейді Байтазиев. Алайда грузиндік құқық қорғау органдары мен Batumi Industrial Holdings Ltd акционерлері тарапынан осы мәселе бойынша қандай да бір жеке талаптар болады деп күтпейтінін баса айтты.

 

«ДНЕСТР МАҢЫ АЙМАҒЫНДА МЕН ТЕК ДАҒДАРЫС МЕНЕДЖЕРІМІН»

Талғат Байтазиев өзінің «Молдавия металлургия комбинаты» ААҚ бас директоры лауазымына мойындалмаған Днестр маңы Молдавия республикасының президенті Евгений ШЕВЧУКТЫҢ жеке шақыртуымен, компания акционері емес, «дағдарыс менеджері» ретінде тағайындалғанын айтты.

- Мен келгенше ММЗ 4 миллион доллар шығынға батып отырған, алайда қазірдің өзінде біз оны шығынсыз режимге келтірдік, алға қарай табысты кәсіпорын жасайтынымызға сенімдімін. Біз Молдова, Украина халқы мен кәсіпорындарынан металл сынықтарын сатып аламыз, ал қазір Түркия порттары мен Гамбургтен жоғары сапалы қара металл сынықтарын сатып алу туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз, өйткені сұрыпталған сынықтарды еріткенде шығын аз болып, сапалы металл өнімдері шығады, - деп өзінің «Молдавия металлургия комбинаты» ААҚ-тағы алғашқы әрекеттерін қысқаша айтып өтті.

«АЖ»-ның мойындалмаған мемлекеттік құрылым аумағында жұмыс жасауға байланысты жеке басына тиетін саяси қатерлер туралы сауалына Байтазиев саясаттан аулақ жүремін деп жауап берді:

- Мен жай ғана дағдарыс менеджерімін, мен компания табыс тауып, адамдар жалақыларын алып, орыс та, молдаван да, украин да бейбіт өмір сүруі үшін қызмет етемін.

 

ҰЛДАРЫ ЖӘНЕ АТЫРАУ ТУРАЛЫ

Ол «АЖ» қойған үлкен ұлының эксклюзив сыныпты автомобильдердің иесі екендігі туралы Интернетті шулатқан бейнероликке қатысты сұраққа да жауап беруден қашпады.

- Оның жасы отызда, ол Украина төлқұжатына ие және оның Қазақстанда тұрмағанына 5-6 жыл болды. Ұлым Михаил биржа саудасымен ақша табады және достары да жеткілікті. Олардың арасында қымбат автокөліктер көлікжайына ие дәулетті адамдар да бар, солар жалға берген шығар, - деп, әлеуметтік желілерде біршама талқылауға түскен Lamborghini және Ferrari фотосуреттері туралы жайтты түсіндірді.

- Сонымен қатар, Михаилдің жекеменшік автокөліктерді әсемдейтін тюнингтік агенттігі бар. Атырау қаласы тұрғынының тапсырысымен ол Mercedes G-Class автокөлігін бояп, дайындап берді және біраз уақыт сол көлікпен қыдырып жүрді, кейін иесіне қайтарды, - деп, Киев көшесінде жүрген атыраулық 06 сериялы мемлекеттік номері 855 ADA жалғыз топ-көліктің жайын да түсіндіріп өтті. Алайда көлік иесінің кім екенін айтпады.

Алыпқашпа әңгімелердің алдын алғысы келді ме, Талғат Байтазиев кіші ұлы Рустам Байтазиевтің Еуропада жалақысы жоғары банк қызметкері болып жұмыс жасайтынын айтып, «ол бай-қуатты өмір сүре алады» деп ескертіп өтті.

Жеке бизнесіне келетін болсақ, Байтазиевтің айтуынша, компаниясының барлық топтарының «мұнай бизнесімен еш байланысы жоқ» және Атырауда тек пәтері ғана қалыпты.

- Әрине, Атырау мен үшін ыстық, мен оны жақсы көремін, алайда ол жерде менің бизнесім жоқ. Бірақ, мені мәңгіге кетті деп есептемеңіздер.

Әңгімелескен Жасұлан КӨЖЕКОВ

27 наурыз 2015, 17:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.