Атырау, 20 сәуір 03:37
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Атырау кикбоксингіне 20 жыл

3 492 просмотра

Биыл атыраулық кикбоксинг мектебіне 20 жыл толады. Біз осы спорт түрінен облыстың аға жаттықтырушысы Данияр ЮСУПОВПЕН сұхбаттастық.

ҮШ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

- Атыраудағы кикбоксингтің негізін жекпе-жектің ұлы шебері Сабыржан Махметов пен ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сүндеткерей Қасанғалиев қалады. Файтерлердің алғашқы тобы 1995 жылы «Сабыржан Махметовтің мектебі» атауымен жиналды. Мектептің құрылуына қазір Алматыда тұратын кәсіпкер Серік Мұқанов пен Атырауда таэквондо мектебінің негізін қалаған Қабибек Мұхитов өз үлестерін қосты. Басында кикбоксшылар тобы №16 мектептің кіші спортзалында жаттығу жасады.

Алғашқылардың қатарында бұрынғы боксшылар Андрей Смирнов пен сол кезде №9 мектептің дене тәрбиесі пәні мұғалімі болған Марат Айтқалиев болды. Әлем чемпионатының алғашқы алтын медаліне 2001 жылы Грекияда М. Айтқалиев ие болды. Төрт жылдан кейін осындай жетістікке Қуанышбек Қосақов Кипрде жетті. 2013 жылы Абзал Жүсіпов Түркияда әлем чемпионы атанды.

Қазіргі уақытта кикбоксинг бөлімшелері 1-БЖСМ мен 4-БЖСМ-де ашылған. Жаттығулар Авангард 2-ықшамаудандағы бұрынғы милиция бөлімшесінің ғимаратында, Геолог ауылындағы ДСК-нде, «Мұнайшы» спорт кешенінде және №24 мектепте жүргізіледі. Жалпы алғанда бұл спорт түрімен облыста 480 бала айналысады.

Үш әлем чемпионы да – С.Қасанғалиевтің шәкірттері. Жаттықтырушылар, бокстан спорт шеберлері Мазафур Сарбалин, Болат Өтебалиевтер көптеген атақты спортшыларды тәрбиеледі. Қазір балалармен жаттықтырушылардың жаңа толқыны жұмыс жасап жатыр: 4-БЖСМ директоры Рүстем Қисметов, облыстың жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Ерлан Сахипов, жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Қ. Қосақов жаттығу жүргізеді.

Данияр ЮСУПОВДанияр ЮСУПОВ-Шәкірттеріңіздің биылғы жылғы жетістіктері туралы айтыңызшы.

-Ақпан айында Қостанайда 1999-2000 ж.т. кадеттер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. 48 келіге дейінгі салмақта Альфия Ищанова күтпеген жерден «алтын» иеленді, ал 52 келіге дейінгі салмақта Айдана Қажимова «күміс» медаль алды. Ер балалар бұл жолы жүлдесіз қалмаса да, қыздарға қарағанда нашар өнер көрсетті. Әлихан Құспанов, Асыланбек Жолдасқалиев және Ғалымжан Рыс өз салмақ дәрежелерінде қола жүлдеге қол жеткізді.

«ЖС» анықтамасы: Данияр Сайлыбайұлы Юсупов, 30 жаста, спорт шеберіне үміткер, жоғары санатты жаттықтырушы, жаттықтырушылық өтілі- 8 жыл.

Ақпанда Таразда 1999-2000 ж.т. кадеттер және 1997-98 ж.т. жастар арасында ақын Әзімбек Жанкүлиевті еске алуға арналған республикалық турнир өтті. 51 келіге дейінгі салмақта Жанәлі Сәлімгереев турнир жеңімпазы атанып, оған қоса «Үздік техникасы үшін» сыйлығымен марапатталды. Жанәлі – спорт шебері, өткен жылдың қыркүйек айында Италияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында үшінші орын алды.

Жуырда облыс құрамасы 2001-04 ж.т. кіші жасөспірімдер арасында Маңғыстау облысы ашық біріншілігіне қатысып, Ақтаудан келді. Атыраулықтар 7 алтын медаль алып, командалық 1-орынға ие болды. Сәлімжан Сәлімгереев, Роман Зубарев, А.Құспанов, Алтынбек Амангелдиев, Серікжан Сәлімгереев, Алмаз Амантурлин және Аян Шамболов жеңімпаз атанды.

- Әлем чемпионы А. Жүсіпов қалай өнер көрсетіп жүр?

- Ақпан айында ол Балтық елдері кубогында өзі үйренбеген К-1 нұсқасында өнер көрсетті, онда аяқпен аяққа тебуге рұқсат етілген (Абзал өнер көрсететін «фулл-контакт» нұсқасында аяқпен тек белден жоғары тебуге рұқсат етілген). Ереже таңсық болса да, ол жеңімпаз атанды. Екі айқасын нокаутпен жеңді.

 

МЕРЕЙТОЙДЫ МЫҚТЫ ТУРНИРЛЕРМЕН АТАП ӨТЕДІ

- Мерейтойды қалай тойлауды жоспарлап отырсыздар?

- 2 сәуірде сағат 20.00-де «Атырау» ДСК-нде Атырау облысында кикбоксингтің құрылғанына 20 жыл толуына арналған Қазақстан және Ресей құрамалары арасында жолдастық кездесу өтеді. Айқастар формуласы – 2 минуттан 5 раунд. Айқас жеңімпазы 200 мың теңге мен Алтын Кубок, жеңілген 100 мың теңге мен Күміс Кубок алады.

-Қатысушылардың тізімін атаңызшы.

- 57 келіге дейін - Бауыржан Құдайбергенов, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, үш дүркін әлем чемпионы, Азия чемпионы, Семей қ. Оның ресейлік қарсыласы – спорт шебері Мамай Мамаев.

60 келіге дейін - Абзал Жүсіпов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем және Азия чемпионы, Әлем кубогының иегері, Атырау қ. Оның ресейлік қарсыласы - Магомед Саидов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Еуропа чемпионы.

71 келіге дейін - Ерсайын Хасанбаев, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Әлем кубогының иегері, Павлодар қ. Оның ресейлік қарсыласы - Рамазан Разаков, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы.

75 келіге дейін - Саян Жақыпов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем және Азия чемпионы, Павлодар қ. Оның ресейлік қарсыласы - Башир Таждинов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем кубогының иегері.

91 келіге дейін – Асхат Жантұр-сынов, спорт шебері, Қазақстан чемпионы, Жамбыл облысы, Қордай ауданы. Оның ресейлік қарсыласы - Бахир Абакаров, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем және Еуропа чемпионы.

16 мамырда астаналық «Дәулет» спорт кешенінде «Қазақстан құрамасы әлем құрамасына қарсы» матчтық кездесу өтеді. Осы кеш аясында кәсіпқойлар арасында басты титулдық айқас болады деп жоспарлануда. Соған Абзал қатысып, Азия чемпионы атағын сарапқа салады.

- 2015 жылы басқа қандай жарыстар болады?

- Сәуірде біз Таразға 1997-98 ж.т. жастар арасындағы Қазақстан чемпионатына барамыз, мамырда Қызылордада 2001-04 ж.т. кіші жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді, маусым айында Семейде ересектер арасында ҚР чемпионаты өтіп, қарашада К-1 Сербияда, «фулл-контакт» нұсқасы Ирландияда болатын әлем чемпионатына қатысушылар іріктеледі.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

26 наурыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.