Атырау, 19 сәуір 12:55
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Сарайшықтағы Наурыз

2 511 просмотра
23 наурызда Сарайшық ауылының тұрғындары Наурызды бұрыннан қалыптасқандай бюджет ақшасына емес, өздері тойлап өтті. Мұны Наурызды «балама» тойлау деп те атауға болады.
 
Адамдар бастаманы «төменнен» бастады, біреу келіп мереке жасап береді деп күтіп отырмай, ескі Сарайшықтың барлық тұрғындары ортаға ақша жинап, киіз үй, алтыбақан құрып, таза ауада ет асып, ауылдықтардың барлығын тойға шақырды.
 
Дәстүрлі мерекелік ресми құттықтаулар айтылмады, бастықтарды да күтпеді, әртістер де шақырылмады, от шашу да болған жоқ. Халық өздері ән айтып, би билеп, бұрынғы кездерді еске алып, үлкен кісілер жастарға бата берді, барлығы да кездесуге разы болды.
 
Сонымен қатар, ішіне кіру мүмкін емес қала киіз үйлерінен айырмашылығы мұнда барлығының есігі айқара ашық болды. Жайылған дастархан ересектерге де, кейін ұйымдастырылатын «бала шайға» да жетті.
 
Ауыл ортасындағы алаңқайда ұйымдастырушылар кір тасын алып келіп, ауылдағы ең мықты жігітті анықтады. Көрермендердің қошеметімен Асылан Сәнкібаев 24 келілік кір тасын 60 рет, Қалыбай Ахангалиев 70 келілік зілтемірді 10 рет көтерді. Сондай-ақ, армрестлингтен, арқан тартыс, қазақ күресінен жарыстар өтті. Көрермендер алғаш қадам басып жүрген сәбидің «тұсауын кесу» дәстүрінің театрландырылған  қойылымын көрді.
 
Бәрі де сол баяғы үрдіс бойынша сияқты көрінгенмен, еш жасандылық болмады, адамдар арасындағы жылулық та, көңіл көтеру де шынайы, бұрынғы Ұлы даладағыдай болды...
 
Осы жерде сауда да қызу жүріп жатты – азық-түлік, халық тұтыну тауарлары өте төмен бағалармен сатылды. Мұнда тауарларды пайда табу үшін емес, ата-аналар балаларына тәттілер алып беруге мүмкіндік жасау үшін әкелген екен. Бұл көптеген адамдардың көңіл күйін көтерді.
 
Мен осы өмір мерекесінің бір бөлігі болғаныма риза болып, шаттық сезіммен Сарайшықтан аттандым.
 
Зинат ОРЫНБАСАРОВА
Суретті түсірген автор
 

26 наурыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.