Атырау, 20 сәуір 18:51
 ашықВ Атырау +20
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Спорт жаңалықтары

2 397 просмотра

Жігері жасымаған «Бейбарыс»

17 наурыз күні Атырау қаласындағы Мұз сарайында «Бейбарыс» және «Алматы» командалары арасында хоккейден Қазақстан чемпионатының плей-офф ширек финалының шешуші матчы өтті.

«Бейбарыс» алғашқы үш матчта қатар ұтылып, серияны сәтсіз бастаған еді. Серия төрт жеңіске дейін жалғасады, сондықтан да «мәмлүктердің» қалған матчтардың барлығында да жеңіске жетуі керек болатын.Осыдан кейінгі ойындарда«Бейбарыс» 3:3 есебімен серия есебін теңестіріп, өз алаңындағы шешуші матчқа дайындалды.

Ойынның екі кезеңге жуық уақытында командалар алма-кезек шабуыл жасап, қарсылас қақпаларынан саңылау таба алмады. Ойыншылар арасында қақтығыстар жиі туындады. 38-минутта «Бейбарыс» қорғаушысы Алексей ЛОЖКИН алаң ортасына жақын жерден қатты соққы бағыттап, есеп ашты. Соңғы минутта алматылықтар қақпашыны алаңдағы ойыншымен алмастырған, алайда бұл оларға пайда әкелген жоқ: Евгений ЖДАНОВ дәл соққымен қорытынды есепті белгіледі – 2:0. Өте сәтсіз басталған серия осылайша жеңісімізбен аяқталды!

Көкшетаудың «Арлан» командасымен өткізетін алғашқы жартылай финалдық екі матчты жерлестеріміз 20-21 наурызда сырт алаңда өткізеді.

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

***

 

Дамир жүлдесінің маңызы 

Талдықорғанда Қазақстан халықтары спартакиадасы аясында грек-рим күресінен ҚР чемпионаты өтті.

Облыс құрамасының сапында сегіз спортшы өнер көрсетті. 130 келіге дейінгі салмақта Дамир КҮЗЕМБАЕВ «күміс» алды. Ол төрт белдесуде жеңіске жетіп, финалда ұпай айырмашылығымен ұтылып қалды. Палуанды Серік ЖҰМАШЕВ (ЖСШМ) жаттықтырады. Дамир ұтып алған жүлденің көмегімен облыс құрамасы 16 команданың ішінен 6-орынға ие болды. 

Қазақстан құрамасының мүшесі Мирас РАХМЕТОЛЛАЕВ Аустрияның Гетзис қаласында өткен халықаралық турнирде тағы бір «күміс» иеленді. Финалға дейін ол Франция, Италия, Аустрия және Германиядан келген спортшыларды тізе бүктірді. Мирасты Рашид МУСИН мен Болат ӘБУТАЛИЕВ жаттықтырады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

***

 

Күткен нәтиже

Соңғы ширек ғасырда командалық Қазақстан чемпионатына бірінші рет қатысып тұрған атыраулық атқыштар Шымкентте болған жарыста жеті команданың ішінен жетінші орын алды. 

– Өткен жылғы ҚР Кубогіндегі сияқты басты кедергі қалада спорттық секция мен тирдің жоқтығы, - дейді ату спортының жаттықтырушысы Жексенбай ШЕКТІБАЕВ.Біздің спортшылар өздерінің жеке пневматикалық қаруымен атып, қарапайым киіммен шықты, шынын айтқанда, өте ұят. 

– Соңғы рет осындай жарысқа 1989 жылы қатыстым, - дейді атудан КСРО спорт шеберлігіне үміткер, атыраулық Сергей ШВЕЦОВ. – Шымкенттегі жарыс кезінде өзімнің бұрынғы қарсыластарымды көрдім, олар осы күнге дейін атумен шұғылданып, шәкірт тәрбиелеп жатыр екен. Егер бізге көмектесетіндер табылса, біз оларға бәсекелес болар едік. Осы спорт түрін қолдаңыздар деп билікке талай айттық, алайда, жауап болар емес. Ату олимпиадалық спорт түрі ғой. 

Анастасия ПАСТУХОВА

***

 

Грепплинг пен панкратионнан ел чемпионатында Атырау облысы командалық 1-орынға ие болды.

Грепплингте 100 келіден жоғары салмақта дзюдо мен қазақ күресінен спорт шебері Қайрат Өтеген үздік атанды. 93 келіге дейінгі салмақта Александр Ишин «қолаға» қол жеткізді. 

Панкратионда атыраулықтар көптеген жүлде ұтты.  Асыланбек Тәженов (71 келіге дейін), Азамат Өтеулиев (77 келіге дейін), Жасұлан Хасимов (84 келіге дейін) және Тыныс Бисалиев (92 келіге дейін) «алтыннан» алқа тақса, Қабжан Құбашев (62 келіге дейін) «күміс» иеленді. 

Сурет С. Мекеевтікі

***

 

«Қайсар» спорт клубы мен 2-БЖСМ шәкірттері әлем чемпионы Әшім Қалидың сыйлығына арналған WFK карате-до бойынша «Ақтөбе Open» халықаралық турнирінде сәтті өнер көрсетті.

10-11 жас аралығындағы топта 30 келіге дейінгі салмақта Асылхан Сағынғали «алтын» иеленді. Ол финалда өзінің командаласы Нұрбек Кенжебайды ұтты. Нәтижесінде қоржынымызға «күміс» те түсті. 12-13 жас тобында 40 келіге дейінгі салмақта Руслан Бекзат үшінші орын алды. Ересектер арасында 75 келіден жоғары салмақта Марат Жаңбыр «алтын» алды. 

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

19 наурыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.