Атырау, 29 наурыз 12:32
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Ет бағасы аспандап кетті

11 408 просмотра

Жаңажылдық дастарханға азық-түлік сатып алатын қала тұрғындары үшін ет бағасының шарықтап кетуі жағымсыз жаңалық болды. Бір келі сиыр етінің бағасы «Дина» базарында 1300 теңгеге дейін, ал «холодец» жасалатын сиыр сирақтары 1000 теңгеге дейін аспандап кетті.

Кез-келген мейрам алдында әдетте азық-түлік бағасының көтеріліп кететіні үйреншікті жағдай. Алайда бұл жолы шектен шығып кеткен. Сатушылар бірнеше күн бойына жаңадан сойылған еттің болмағанын, ал оны әкелген кезде, жеткізуші жаңа бағаны белгілегенін айтады. Әдеттегідей бұл күндері қала тұрғындарының етсіз қала алмайтынын, қандай бағаға болса да сатып алатынын түсінген алыпсатарлар бағаны көтеріп жіберіп, оны түсірместен ұстап отыр. Бірер күн бұрын мал базарында сиыр етінің келісін 600-650 теңгеден сатқан болса, бүгінде дүкен қожайындары мен сатушылар үшін базардағы көтерме баға 800 теңгені құраған. Олар, әрине, бұл бағаның үстіне тағы қосады. Нәтижесінде бір келі еттің бағасы 1200-1300 теңгеге, майсыз турама ет (фарш) 1300 теңгеге дейін қымбаттаған. Салыстыру үшін – сүйегі бар осындай еттің бір келісі өтіп бара жатқан жылдың алғашқы демалыс күндерінде 650 теңге құраған болатын.

…Біз базарға кіре бергенімізде, сатушы әйел сиыр сирақтарын 600 теңгеге беретін боп жатқан. Алайда 15 минут өтер-өтпесте біз ет сөрелерін аралап шыққанша, әлгі сирақтар 1000 теңгеге дейін көтеріліп кетті. «Сізге енді не керек, бұл тек екі жерде ғана сатылып жатыр ғой!» - деп дәлелдеп жатты сатушы. Мұның бәрі әкімшіліктің бағаны көтермеуге шақырған плакаттары ілініп тұрғанына қарамастан орын алып жатты. Біз бұл жағдайға қатысты қалалық әкімдіктің кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Қадырғали ТҰРҒАНОВТАН комментарий беруін өтінген едік. Алайда ол бізді қала әкімінің орынбасары Амантай Айтпаевқа сілтеп, комментарий беруден бас тартты. Біз әкім орынбасарына қоңырау шалып, ала алмадық.

Бір кездері арзандау бағаны ұстанатын «Дина» базары бүгінде өз ұстанымынан айырылып бара жатыр. Бұл күндері азық-түлік алуға келген қала тұрғындары тізімдерінде жазылған тағамдардың барлығын сатып алуы неғайбыл. Жаңа жылдың символына сай вегетарианшыл тұрғындарға айналып, тек сәбіз бен орамжапыраққа көшу ғана қалған секілді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

30 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.