Атырау, 20 сәуір 02:24
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Айран-асыр қылған ас мәзірі

5 847 просмотра

Ауруханаларда қағаз жүзінде ғана жақсы тамақтандырады

Қайыршылықтан және түрмеден сақтай гөр. Жаратқаннан сұрайтын бұл тілекке бүгінде ауруханадан да сақтай гөр деген мінәжаттың қосылғаны анық.

Ырыққа көнбейтін прогресске, облыс бюджетінің аса бай екендігіне қарамастан, қаламыз бен облысымыздағы тіршіліктің бұл бөлігі жабырқаңқы күйде қалған. Әрине, кез-келген аурухана көңіл-күй көтерілетін орын болмаса да, қызметкердің дөрекілігі, жұпыны тағам мен қарапайым жағдайдың жасалмағандығы тез сауығып кетуге сеп болуы екіталай. Ал денсаулық сақтау басқармасы басшыларының есебінде көрсетілген жағдайдың жақсы екендігіне сене қою қиын. Кез-келген коммуналдық-қазыналық медицина мекемесіне аяқ баса қалсаң, осы қабырғада қысқа сапты күрекшені әлі де қолданатындығына, әжетхананың аурухана ауласында орналасқаны кейбір біздегі емдеу мекемелері үшін үйреншікті жағдай екендігіне көз жеткізесің.

 

АҚИҚАТТАН АЛШАҚ НОРМАЛАР

Жақын арада редакцияға әйел адам хабарласып, ауруханада болған күндерінен алған әсерлерімен бөлісті. Ол керемет ахуалдан алшақтау жағдайды суреттеп, аурухана асханасы науқастарды нанмен және шаймен қамтамасыз етуі тиіс пе, соны анықтауымды қатты өтінді. Сөйтсек, бұл аурухананың ас мәзірінде осынау қарапайым азық-түліктер жоқ боп шықты. Мен осы және әріптестерімді қызықтырған бірнеше сауалдарды жинақтап, облыстық денсаулық сақтау басқармасына жолдаған едім.

Сонымен, екі түрлі: қара нан мен бидай наны күн сайын 100-ден (гастроэнтерологиялық науқастарға) 400 граммға дейін (күйік алған науқастар үшін) науқастарға берілуге тиесілі екен. Шай да солай.

Жалпы ауруханадағы ас мәзірін жұпыны деп айтуға болмайды. Әдеттегі жармалар мен макарондардан басқа, науқастарға 250-ден 600 граммға дейін көкөністер тиесілі. Оның ішінде жеміс-жидектер, шұжық, балық, құс еті, сүзбе, қаймақ, сүтсірне, жұмыртқа, айран, сүт (күніне жарты литрден) бар. Үкімет бекіткен норма бойынша ботқа сүт пен сары майға пісірілуі тиіс.

Балалар ауруханасы мен перзентханалардағы науқастар үшін тіптен дәмді тағамдар болады екен. Онда «көкөністер» деген жалпы атаудағы тағамдар асхана қызметкерінің қалауына қалдырылмаған, мұқият жеке-жеке жазылған және әр алуан.  Ал шайға тіпті тоспа (варенье) да тиесілі екен. Құжаттың осы парағының төменгі жағындағы ескерту де атап өтуге лайықты: қажетті жағдайда «азық-түліктің бір түрін екінші түрімен ауыстыруға және бір түрді тұтыну көлемін келесі түрдің есебінен көбейтуге рұқсат етіледі. Тамақ рационында норма бойынша туберкулезге шалдыққан балалар үшін  уылдырық (белгілеген мен – З.Б.) пайдалануға рұқсат етіледі».

Бұл нормалардың ақиқаттан алшақ жатқаны ешкімге де құпия емес. Осындай талаптарды жыл сайын орындауда әдеттегідей белгілі бір ауруханаларды тамақтандырушы еңбеккерлердің тендерді қалай жеңіп алатыны құпия боп отыр.

 

ЕМДӘМ МЕДБИКЕСІ ҚАНДАЙ МӘЗІРДІ ҚАРАЙДЫ?

Сұхбаттасушым емдәм медбикесі деген штат бірлігі болғанын әңгімеледі. Ол бір кездері әр науқас үшін жеке-жеке тамақтану құрамы, мөлшері мен сапасы туралы қадағалауы тиіс болған. Сөйтсек, мұндай жұмыс әлі де бар екен.

Атырау облыстық ауруханасының штаттық кестесінде, мәселен, диетолог дәрігер мен емдәм медбикесі деген жұмыс орындары бар боп шықты. Жалпы кез-келген емдеу мекемесінде мұндай қызметкер 150 керуетке бір адамнан болуы тиіс екен. Оның үстіне кез-келген ауруханада азық-түлік блогының меңгерушісі болады, ал әр ауысым сайын жауапты кезекші дәрігер дайындалған тағамның залалсыз екендігі, жаңадан дайындалғандығы, дәмдік сапасы бойынша сынама алуға міндетті. Олардың дәм сезу рецепторларында ақау бар ма, әлде оларға науқастарға берілетін тағамнан бөлек дайындап, сынамаға бере ме, түсініксіз.

Жарты жылға дейін емделуге мәжбүр болатындардың (туберкулезге қарсы күрес мекемелеріндегідей) немесе шалғай ауылдан жолдама бойынша келіп, үй тамағын ішуге мүмкіндіктері жоқтардың жағдайы қалай болмақ? Азық-түлік блогының меңгерушісімен немесе емдәм медбикесімен кездесіп, тарелкесіндегінің жартысын солармен бөлісуі керек пе?

 

НАУҚАС: «ШАҒЫМДАР КІТАБЫН БЕРІҢДЕР!»

Сол қаулыға сәйкес, науқастарға төсек орындар, халат, пижама, сүлгі беріледі. Егер өзіңізде олар болмаса, оны сол жерден алуға құқылысыз. Бірақ гигиена мен денеге күтім жасайтын құралдар нормативтерде көрсетілмеген.

Біздің діліміз үшін дәстүрге айналған жайттарға тоқталайық. Қызметкердің дөрекілігімен және арсыздығымен ескі тәсілмен күрес жүргізіледі екен: «Атырау қалалық перзентханасының әрбір бөлімшесінде нөмірленген, бауланған және мөрмен бекітілген науқастардың шағымдар мен ұсыныстарын тіркеу журналы болады. Оған науқастардың барлық талаптары мен пікірлері жазылады. Ол науқастар талап еткен кезде ұсынылады. Науқастардың шағымдары өндірістік кеңесте қаралады. Онда кінәлілерді жазалау мен ереже бұзушылықтарды жою шаралары анықталады». Атырау облыстық ауруханасы тәртіп бұзушыларға тәртіптік жазадан жұмыстан босатуға дейінгі шаралардың қолданылатынын көрсетіпті.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

8 қыркүйек 2011, 00:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.