Атырау, 19 сәуір 07:23
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

ТШО-ның талағы тарс айырылды

3 304 просмотра

Доссор поселкесі тұрғындарының теміржол вокзалының маңында орналасқан кәсіпорын цехтарындағы Теңіз күкіртін алдағы уақытта өңдеуге қарсы көрсеткен жаппай наразылығы қадағалау органының тексеру жүргізуіне сеп болды. Естеріңізге салайық, биылғы жылдың 5-мамырында доссорлықтар теміржолды бөгеп, вокзалдағы күкірт тиелген вагондарды әкетуді, ал «Доссор процессинг компани» ЖШС-нің терминалын жауып тастауды өтінген болатын. Оқиға болған жерге келген аудан, поселке және ІІД басшылығы наразы болған адамдарды тыныштандыруға тырысып, мәселені анықтауға уәде берген еді («АЖ» газетінің 2011 жыл 11 мамырдағы нөмірін қараңыз - «Олар пойызды тоқтатты»).

 

ЖШС басшылығының жұртшылықпен түсінісуге тырысқан әрекеттеріне («дөңгелек үстелдер» өткізу, жарнамалық мақала) қарамастан, күкірт қожайыны – «Теңізшевройл» компаниясы  «Доссор процессинг компани» ЖШС-мен жасалған келісім-шартты бұзған. Бұл туралы шілде айының басында мәжіліс депутаты Сәрсенбай Еңсегеновке сілтеме жасаған республикалық ақпарат агенттіктері хабарлады. Облыстық прокуратураның баспасөз релизінде айтылғандай, бұл тексеру бірқатар заң бұзушылықтарды анықтаған. Атап айтқанда,  «Күкірт пен минералдық тыңайтқыштарды орау жөніндегі терминал құрылысы» жобасы бойынша өткізілген жұртшылық тыңдауларына мемлекеттік құрылымдар мен БАҚ өкілдері қатыспаған; терминалдың өзінің құрылысы 2008-2010 жылдары қоршаған орта эмиссиясына рұқсат берілмей жүргізілген; жылыту қазандарына рұқсат етілген шекті мөлшердегі шығарындылар бойынша жобалар жасақталмаған.

Анықталған заң бұзушылықтар бойынша табиғат қорғау прокуратурасы облыстық экология басқармасына ұйғарым енгізді. Соның нәтижесінде  «Доссор процессинг компани» ЖШС-не 211 мың теңге айыппұл салынды. Бұдан басқа, мемлекет кірісіне қоршаған ортаға тигізілген зиян үшін 237 мың теңге өндіріліп алынды. Сондай-ақ, үш ай мерзімге қоршаған орта эмиссиясына рұқсат беру тоқтатылды.

Мұның бәрі Доссордағы күкіртті қайта өңдеу мәселесі жабық дегенді білдіре ме? Оқиғаның өрбу барысына бақылау жасайтын боламыз.

Лев ГУЗИКОВ

8 қыркүйек 2011, 00:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.