Атырау, 20 сәуір 06:21
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Жас жігіт жаланың құрбаны емес пе?

3 517 просмотра

Әйел адамды зорлау – ең бір жексұрын қылмыстардың бірі. Сондықтан журналистер әдетте мұндай қылмыстық істердің егжей-тегжейіне үңілмеуге тырысады. Алайда төменде баяндалатын оқиға бұл қағидадан ауытқуға мәжбүр етті. Істегі тұлғалардың есімдері өзгертіліп алынған.

ҚЫЛМЫС ҮШІН ТОСЫН ЖЕР

17 қаңтар күні 45 жастағы Привокзальный тұрғыны Мария әдеттегідей үйінен жұмысқа қарай шығады. Бұл шамамен сағат таңертеңгі 8 болатын. Автобус аялдамасына кетіп бара жатқан жолда оған күтпеген жерден «тергеу барысында анықталмаған» екі жігіт тарпа бас салып, шашынан ұстап алып, көмек сұрауға мүмкіндік бермей, үйлер арасына қарай сүйрелей жөнеледі. Содан соң үйлердің біріндегі 3-қабатқа көтеріліп, пәтерге сүйреп кіргізіп, бірнеше сағат бойына ұрып-соғып, зорлап, ұялы телефонын тартып алып, өлтіреміз деп қорқытқан. Пәтерде тағы бір ер адам болған. Түсқайта қылмыскерлердің бірінің жоқтығын, ал қалғандарының ұйықтап жатқанын пайдаланған әйел қашып құтылады. Үйіне келіп жуынып алған әйел, киініп, содан соң полицейлерді шақырады. Оларға қылмыс болған жерді көрсетеді. Пәтерде төсекке таңылған егде әйел, ІІ топтағы мүгедек баласы және полиция келген кезде болмаған 40 жастағы ағасы тұрады екен. Жапа шегуші оны үй ішіндегілер көрсеткен жеке бас куәлігінен танып қалады. Үйіне келген кезде жігітті ұстап алып, уақытша ұстау изоляторына, содан соң тергеу изоляторына қамайды. Полицияда Руслан өзін кінәлімін деп мойындамай, Марияны бірінші рет көріп отырғанын мәлімдейді.

Іс сотқа жеткен кезде жапа шегуші күтпеген жерден: «Сотталушы кінәлі емес! Мен жала жаптым!» деп ресми мәлімдеме жасайды. Судья оған көпе-көрнеу жалған ақпар бергені үшін жауапкершілік бар екендігі туралы есіне салды. Мария тиісті жазасын алуға дайын екенін, ал бес ай бойына тергеу изоляторында жатқан кінәсіз адамның тез арада босатылуы тиіс екенін айтады.

СОЛ КҮНГІ АЛИБИ

Сотталушының адвокаты Нұрлан ЖОЛБОЛОВТЫҢпікірінше, оның қорғауындағы тұлғаның кінәсіз екені айдан анық екен. Өйткені Русланның сол күні 17 қаңтарда қай жерде болғаны туралы айғақтары бар, бұл тұтас дәлел бола алатын көрінеді.

Таңертеңгі сағат 9-да ауысымын тапсырған (Руслан күзетші боп жұмыс істейді, бұл журналда тіркелген) ол үйіне келеді. Бірер сағат тынығып алған соң окулисттен анықтама алу үшін емханаға барады. Содан соң әріптесімен бірге банкоматтан ақша алған соң (бейнекамера жазбасы бар), «Қазақтелеком» терминалынан телефон үшін төлеп, азық-түліктер сатып алып, үйіне апарған. Содан кейін шамамен 13.20-да сол әріптесінің үйіне барып, екеуі Сарыөзектегі туберкулезге қарсы күрес ауруханасынан анықтама алуға шығады. Бұл анықтамалардың бәрі жұмысы үшін қажет болған. Дәрігерлерді ұзақ күтуге тура келеді. Қажетті қағаздарын алған күзетшілер қалаға таксимен келіп, тағы бір әріптестерімен бірге кафеге отырады. Сол жерден күндізгі сағат бестерде шығып, үйлеріне тарайды. Үйіне бара жатқан жолда Русланға оның інісі телефон шалып, үйде полицейлердің күтіп отырғанын хабарлайды.

«Менің қорғалушымның физикалық тұрғыда қылмыс болған жерде болуы тіптен мүмкін емес», - дейді адвокат. – Тергеу немқұрайлы жүргізілген. Мәселен, Русланның жұмысында бейнебақылау камерасы орнатылған. Ондағы жазба уақытында алынбаған. Ал мен оған адвокат болған кезде белгілі бір уақыт өткен соң жазбаны жойып тастаған екен. Оған қоса, менің қорғалушым тұратын ықшам ауданда және жапа шегушінің жауабы бойынша белгісіз екеудің оны ұстап алып, сүйреп әкеткен жерінде де бейнебақылау камерасы орнатылған. Тергеуші жедел басқару орталығынан жазбаны талап етуі керек еді. Бірақ олай етпеген. Бұл жазба ең басты болмаса да, Русланның кінәлі немесе кінәсіз екендігін дәлелдейтін маңызды дәлел болар еді. Бұл жазба да жойылған».

Айтпақшы, тергеу барысында жедел топ қызметкерлері Мариядан тартып алынған ұялы телефонды іздеп тапқан. Оның жаңа қожайыны оны танысы Дмитрийден 3000 теңгеге сатып алғанын айтты. Ал куәгер ретінде жауап алынған Дмитрий болса, бұл телефонды әлдебір Дарья дегеннің пәтерінің еденінен тауып алғанын, сол 17 қаңтарда жарты күн бойына арақ ішкенін, осы пәтерде сол Марияның да болғанын айтқан.

ЖҰМЫСҚА БАРҒАНЫ ЖАҚСЫ ЕДІ…

Сонымен, жапа шегушінің берген жаңа жауабына сәйкес, ол жұмысқа кетіп бара жатқанда оған балконнан көршісі Дарья айқайлап, бір минутқа келіп кетуді өтінген. Олар сол әйелдің пәтерінде отырып арақ іше бастаған. Әрине, содан соң ешқандай жұмыс туралы әңгіме де қозғалмағаны белгілі. Шамамен сағат 12.30-да оған қонақтар – Дмитрий мен оның әлдебір танысы Толик келеді. Дмитрий арақ ішуді жалғастыру үшін дүкенге кеткенде, Толик Марияны асүйден бөлмеге шақырып алып, зорламақ болады. Қарсылық көрсеткен кезде әйелге соққы беріп, мұрнын қанатып қояды. Көмек сұраған айқайына пәтер қожайыны елең етпейді. Мария телефонын шығарып алып, полиция шақырғысы келгенде, зорлықшы қолындағы телефонды қағып жібереді. Сол кезде Дмитрий дүкеннен келеді. Ол келгеннен кейін оның танысы бірден басыла қалады. Сөйтіп, осы компания қайтадан асүйге барып отырады.

Дмитрий кетіп қалған кезде Толик қайтадан әйелді бөлмеге сүйреп апарып, оны зорлайды. Содан кейін қолайлы сәтті аңдыған әйел пәтерден қашып шығады. Үйіне барғанда шешелерінің сынған мұрнын көрген балалары аналарын полиция шақыруға мәжбүрлейді. Сол кезде әйел көшеде белгісіз екеу шабуыл жасады деген ойдан шығарылған хикаяны ойлап тауып, өтірік айтуды ұйғарады. Әйелдің өзі кейін мойындағандай, бұған ол зорлықшы балаларына қатысты қоқан-лоққы жасағандықтан (ал әйелдің балалары ересек боп қалған жігіттер еді) барыпты-мыс. Сондықтан полицейлерді көзіне түскен бірінші пәтерге апарған. Ал сол жерде Руслан тұратын еді.

Тағы бір маңызды жайт – бірнеше күннен кейін әйел есін жиып, ұлдарының біріне шындықты айтып, тіпті полициядағы бастапқы жауабын өзгерткен, нағыз зорлықшыны көрсетіп, іс жүзінде қалай болғанын түсіндірген.

Мария мен оның ұлының жауабында айтылғандай, сол күні одан прокуратурадағылар жауап алып, жалған жауап бергені үшін дереу жапқызып тастаймыз деп қорқытып, жауабын бастапқы жауапқа ауыстыруға мәжбүрлеген. Сөйтіп, Руслан тергеу изоляторында қала берген.

Дегенмен де, полицейлер Дарья мен Толиктен жауап алған. Дарья аталмыш қонақтардың шынымен де келгенін, бірақ зорлықты көрмегенін айтады. Ал Толик болса, 17 қаңтар күні сағат 12-де Құлсарыдан келгенін, кешке дейін үйінде болғанын мәлімдеген.

Істі басынан тергеп, тексеріп жүрген ІІД тергеушісі А.МУРЗАГАЛИЕВ прокуратурадан қамауды рұқсатсыз ешқайда шықпау шарасына ауыстыруды өтінген. Алайда прокуратура істі басқа тергеушіге жолдаған.

ТЕРГЕУШІНІ ЫСЫРЫП ҚОЙЫП...

Осы қылмыстық істі тергеу барысында ҚІІБ тергеушісі ҚАЙЫРҒАЛИЕВ кінәсіз адамның тергеліп жатқанын түсініп, ІІД бастығы Рахмаджан ДОСАНОВҚА рапортпен шыққан. Ал бұл сирек кездесетін жағдай. Енді рапорттан үзінді келтірелік (көшірмесі редакцияда бар):

«Осы қылмыстық іс менің өндірісімде екендігіне қарамастан, ол қалалық және облыстық прокуратура ғимараттарында тергелді және іс сол жерде сақталды. Барлық тергеу амалдары, соның ішінде жапа шегушінің, куәгерлердің, шақыртуға барған полиция қызметкерлерінің, жоғарыда аталған барлық тұлғалардың көзбе-көз беттестірілуі қала прокурорының көмекшісі Д.ШАМЖАНОВТЫҢ және облыс прокурорының көмекшісі Г.ҚҰЛМАНОВТЫҢ қадағалауымен жүргізілді.

Барлық тұлғалардан жауап алу менің жіті қадағалауыммен жүргізілді, жауап алынатын тұлғаларға барлық сұрақтарды солар ғана қойды, мен тек хаттамаға сұрақтар мен жауаптарды енгізіп отырдым. Кейбір полиция қызметкерлерінен Шамжанов пен Құлмановтың өздері жауап алды. Жауап алынған тұлғалардың барлығы аталмыш фактіні растай алады.

Алдын ала тергеу мерзімі мен айыпталушыны ұстау мерзімі аяқталғанға дейін мен әлденеше рет қала мен облыс прокуратурасының басшылығына айыпталушыға, біз айтып отырған Русланға қатысты ешқандай дәлел жоқ екенін, қылмыстық іс сотқа жолданған жағдайда оның ақталып шығатынын хабардар еттім. Бірақ осыған қарамастан, маған Құлмановтан істі айыптау қорытындысымен аяқтап, оқып танысу үшін прокуратураға жолдау туралы ауызша нұсқау түсті.

Алайда осы қылмыстық істің сотқа жолдануы мүмкін емес деп есептеймін, өйткені жапа шегушінің өзінің тікелей берген жауабынан басқа ешқандай дәлел жоқ».

СОТТАМАДЫ ДА, АҚТАМАДЫ ДА

Тергеуші Қайырғалиевтің рапорты ешқандай нәтиже бермейді. Руслан кісі зорлады деген айыппен сот алдына барады. Алайда жапа шегушінің оның кінәсіз екендігі туралы табанды мәлімдемесінен кейін мемлекеттік айыптаушы ретіндегі қала прокурорының көмекшісі Магамед ЭСЕНБОЛАТОВ қылмыстық істі қосымша тергеуге жіберу туралы өтініш жасайды.

Судья Элеонора ОҢҒАРСЫНОВАөтінішті қанағаттандырады. Сонымен қатар ол «тергеу ісі айыптау бағытында біржақты тәртіппен жүргізілген, сотталушының алибиі мұқият тексерілмеген, жапа шегушінің қарама-қайшы жауабына тиесілі баға берілмеген, бұдан басқа, бұл фактілерді қалалық прокуратура қызметкерлері қылмыстық іспен оқып танысу кезінде жоймаған» деген жеке қаулы шығарады. Судья сондай-ақ, қадағалау органының тарапынан алдын ала тергеу барысына араласуға рұқсат етілмейтінін атап өткен. «Сот бұл фактілерді басқа қылмыстық істерді тергеу кезінде тиесілі шаралар алу және осындай фактілердің алдын алу үшін Атырау облысы прокурорына, ІІД бастығына мәлімдеу қажет деп есептейді» - деп жазылған жеке қаулыда.

Тергеу изоляторында 5 ай болғаннан кейін Русланды сот залынан босатып жібереді. Оның адвокатының қорғалушысына қатысты істі «қылмыс құрамының жоқтығына байланысты» тоқтату туралы қаулы шығаруды өтінген апелляциялық шағымы қанағаттандырылмай қалды. Қазір іс материалы не боп жатыр, оның қайда екені және қосымша тергеу жүргізіліп жатыр ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.

Лев ГУЗИКОВ

8 қыркүйек 2011, 21:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.