Атырау, 29 наурыз 16:59
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Ыстық тамақ бәріне берілмейді

4 615 просмотра

Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде тек аз қамтылған отбасының балалары ғана тамақтанады, қалғандары әке-шешелері берген ақшаға «айран мен тоқаш нан» сатып алатын болды.

Атырау облысында төменгі сынып оқушылары мен әлеуметтік осал және көп балалы отбасылардың балаларына арналған ыстық тамақ беру үрдісі 2012 жылдан бастап облысымызға Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ басшылыққа келген кезде енгізілген еді. Содан бері бұл мәселеге көп көңіл бөлініп келеді, оның үстіне ол басқа басымды бағытпен – ауыл шаруашылығын дамыту мен ешкі фермасын құру мәселесімен сабақтасып жатыр.

Қазір мектеп асханасына жергілікті фермер қожалығының өнімдері – ешкі сүті, айран мен сүзбе жеткізіледі. Ыстық тағаммен қамту үшін осы оқу жылында облыстық бюджеттен 1,4 млн теңге бөлінді. Облыс мектептерінде 95 644 оқушы оқиды, оның ішінде 53 966 бала аз қамтылған отбасыдан шыққан. Төменгі сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасының балаларына ыстық тағам беру жөніндегі кеңес дәуіріндегі тәжірибенің жаңғыртылуын облыс тұрғындары құптаған еді. Алайда ел президентінің оқушыларды оқыту мен тегін оқулықтармен қамтамасыз ету шығындарын онсыз да мемлекет өз мойнына алғандығы, сондықтан «тоқаш пен айранды» ата-аналары сатып алып беру керектігі туралы мәлімдемесі облыс тұрғындарын «шынымен де мектептерде ыстық тағамды қайтадан алып тастай ма екен?» деп, елең еткізді. Оның үстіне мұндай тәжірибе елде жаппай енгізілмеген, тек бірнеше облыста ғана бар және ол жергілікті бюджет есебінен төленіп келді.

Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАННЫҢ айтуынша, оқу жылының аяғына дейін бәрі бұрынғыша болады, облыс бюджеті ыстық тағамға қаржы бөліп қойған, олар игерілетін болды. Ал 1 қыркүйектен бастап мектеп асханаларында тек аз қамтылған отбасының балалары ғана тегін тамақ ішеді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

3 наурыз 2015, 12:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.