Атырау, 28 наурыз 19:25
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Ауқатты және жүдеу өңірлер

3 707 просмотра

Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің және басқа аналитикалық қызметтердің ресми мәліметтерінің негізінде ranking.kzтұрақты түрде түрлі талдамалы шолуларды жариялап отырады. Бұл жалпы ел экономикасындағы үрдіске бақылау жасауға ғана емес, өңірлік тұрғыда Қазақстан тұрғындарының кірістері мен шығыстарын елестетуге мүмкіндік береді.

ШАБАНДАҒАН АТЫРАУ БИЗНЕСІ

ЕАЭО аумағын кезіп жүрген дағдарысқа қарамастан, ranking.kz агенттігі өзінің соңғы шолуында «бизнес іскерлік маусымын инвестицияның рекордтық көлемімен ашты» деп атап көрсеткен. 2014 жылдың қаңтарымен салыстырғанда, бизнес-инвестициялардың өсімі 24,4 пайызды құрайды. Соңғы бес жыл ішінде алғаш рет ел бойынша негізгі капиталға салынған жалпы инвестицияның көлемінде меншік қаржы үлесі 47,2 пайыздан 74,5 пайызға өсті. Бұл мемлекеттік салым үлесінің төмендегенін көрсетеді. Инвестициялық автономия бойынша Қарағанды облысы рекорд жасады. Мұнда 97,3 пайыз инвестиция кәсіпорынның меншік қаржысы болып табылады.

Жаңа жобалардың тағы бір қаржы көзі - даму институттары тарапынан шағын компанияларға берілген несиелер болып табылады. Мәселен, 2014 жылы бизнес-жобаларды кейіннен қаржыландыру немесе қайта қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктерге 18 млрд теңге (кәсіпорынға жылдық 8 пайыз мөлшерлемеден аспайтын, сомасы 750 млн теңгеден аспайтын) депозиттер салу ұйғарылды.

2014 жыл ішінде Қазақстанның жеке кәсіпкерлері «Даму» Қорының «Даму-Өндіріс» бағдарламасының шеңберінде 8,6 млрд теңге сомада несиелер алды. Бірақ бұл тізімде бірде бір атыраулық кәсіпкер жоқ. Ал сол кезде олардың бәсекелестері ретінде, мәселен, сол Қарағанды облысында 2,9 млрд теңге, Павлодарда – 1,2 млрд теңге алды. Естеріңізге салсам, «Даму-Өндіріс» бағдарламасына БТА, Қазкоммерцбанк, Темірбанк, Альянс Банк (екі банк жаңа Forte-ге біріккен) және Қазақстанның Халық банкі қатысады.

Өңдеуші өнеркәсіпте шағын және орта бизнесті қолдайтын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ бағдарламасы бойынша берілетін несиелерге қатысты жағдай жақсырақ. Мұны 13 серіктес банк несиені ресімдегені үшін комиссия ұстамай береді (кәсіпорынға жылдық 6 пайыздан аспайтын, шекті лимиті – 1,85 млрд теңге).

«Даму» қоры 2014 жылдың желтоқсанында қолданыстағы қарыздарды қайта қаржыландыруға, жаңа қарыздар алуға және негізгі құралдарды ашуға және жаңғыртуға (азық-түлік, сусындар өндірісі, өңдеуші өнеркәсіп басымдықта болды) 50 млрд теңге бөлуге тиіс болды.

2015 жылдың 6 ақпанына қарай бағдарлама бойынша 29,6 млрд теңгеге несиелер мақұлданды. Оның 13,5 пайызы кәсіпкерлерге берілді. Алматы облысының кәсіпкерлері ең «озық» болып шықты. Мұнда «Даму» қорынан 12 жоба жалпы сомасы 5,5 млрд теңгеге қаржы алмақ.

Атырау облысының алты кәсіпкері 2,1 млрд теңгеге «Даму» қорына бизнес-жобаларын ұсынды. Алайда қазіргі уақтта 500 млн теңгеге тек бір жоба ғана мақұлданды. Бірақ оған ақша әлі берілген жоқ. Сонымен қатар Қазақстанның барлық қалған облыстарында әрбір екінші үміткер мақұлдауға ие болып, осы қордан жеңілдікпен қаржыландыруға қол жеткізеді. Өкінішке орай, құрғақ цифрлар бұл құбылыстың себептерін көрсете алмайды. Бұл жерде мәселе атыраулық кәсіпкерлердің бизнес-жобаларының осал негізделгенінен бе, әлде жергілікті «Даму» қоры өкілдігінің кертартпалығынан ба, белгісіз.

Маған бизнесмендердің бірі «оңтүстік өңірлердегі «Дамуға» берілген өтініштер ауыл шаруашылығымен байланысты екенін, ал бізде өңірдің климаттық ерекшелігіне, өткізу құнының бәсекелестікке сай келмейтіндігі мен еңбек қорларына қатысты проблемаларға орай аграрлық секторға салынған салым ақталмайтындығын» түсіндірді.

Алайда үміттендіретін үрдіс те бар. 2014 жылғы 1 желтоқсандағы ахуал бойынша Атырау облысы шағын бизнес субъектілерінің көбеюі бойынша үшінші орынды иеленіп (3 550-ке дейін шағын компаниялар жұмыс істейді (6,1%-ға өскен)), тек Павлодар (6,4 пайыз қосылған) мен Оңтүстік Қазақстан (8,4 пайыз қосылған, 8,3 мың компанияға дейін бар) облыстарынан қалыс қалған.

 

АЛМАТЫЛЫҚТАРДЫҢ ЖИНАҚТАРЫ 7 ЕСЕ КӨП

Еңбекақы төлеу статистикасы оптимизм тудырады. Мәселен, Жаңа жылға атыраулықтарға 9,2 млрд теңгеге сыйақылар есептелінді. Ал 2013 жылдың желтоқсанында 7,6 млрд теңге берілген еді. Егер Қазақстан бойынша сыйақы төлемдері бір қызметкерге орташа алғанда 33,8 мың теңге құраған болса, Атырау облысы ең жоғарғы сыйақы алатын өңірлер үштігіне енді. Соңғы жыл ішінде 20,4 пайызға көбейіп, орташа алғанда бір қызметкерге 55,6 мың теңгеден тиеді. Бір қынжылтатыны, жаңажылдық сыйақылар Маңғыстау облысында (орташа алғанда 115,9 мың теңге) Атырауға қарағанда екі есе көп және Астанадан (85 мың теңге) жоғары болды.

Ұлттық банктің мәліметтеріне сәйкес, 2014 жылы Қазақстанда тұтынушылық несиелердің 17,3 пайызға өскені байқалды. 2013 жылы өсім 46,4 пайыз құрады. Алматылықтар түрлі заттарға несиелер алу бойынша көш бастап тұр. Бұл триллион теңгедей. 17,7 пайыз жинаған Атырау облысының тұрғындары «алтын ортада» тұр. Батыс Қазақстан тұрғындары екінші деңгейлі банктерде жатқан депозиттердегі орташа жан басына шаққандағы сома бойынша Алматы қаласының тұрғындарынан 7 есе қалыс қалады. Егер алматылықтың бір депозитіне 1,3 млн теңге, ал астаналыққа – 535 мың теңге тиесілі болса, атыраулықтар, ақтөбеліктер мен Маңғыстау облысының тұрғындары орташа алғанда 153-155 мың теңгеден жинақ сақтайды. Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облысының тұрғындарының жинақтары аз, олардың ертеңгі күндері үшін бір депозитте 47,4 мыңнан және 33,5 мың теңгеден жинақтары бар.

 

АТЫРАУ ЖЕКЕ СЕКТОРДЫ ЖӨН КӨРЕДІ

2011-2013 жылдары байқалған жылжымайтын мүлік нарығындағы келісімдер көбейгеннен кейін, жалпы Қазақстан бойынша 2014 жылы баспананы сату-сатып алу нарығындағы белсенділік 14,3 пайызға (пәтерлер) және 9 пайызға (жеке үйлер) төмендеген. Пәтерлер саттығының артқаны байқалған бірден-бір облыс Ақтөбе облысы, алайда Атырау облысы жеке үйлер саттығы бойынша рекорд орнатты.

Егер 2013 жылы облысымызда бар болғаны 793 жеке үйлер сатылған болса, 2014 жылы 1013 үй құрылысы сатылған. Мұндай үрдіс Маңғыстау облысының «ракушеблокты» бөлігінде де байқалады.

2014 жылы Алматы қаласы (66,1 пайызға аз) мен Солтүстік Қазақстан облысында (74,4 пайызға аз) жеке үйлер аз сатылған. Жалпы ел бойынша салынған үйлерді сату өткен жылы 46 мың келісімнен 41,5 мыңға дейін түскен. Атырау қаласында пәтерлер сату 2014 жылы өзгеріссіз қалған – 1 782 келісім.

 

ҚЫМБАТ КӨЛІКТЕР – АЛМАТЫДА

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жеке көлік құралдары қожайындарының төлеген салық төлемдерінің қорытындысы бойынша қызықты статистика келтіріп отыр. 2014 жылы олар 31,6 млрд теңге салық төлеген. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 2 млрд теңгеге көп. Төлемдер еліміздің 15 өңірінде және көбінесе Алматы мен Алматы облысында күрт өскен. Алайда ең жоғарғы өсу қарқыны - көлік құралына 971 млн теңге төлеген Атырау облысын алғаш рет 1 млрд теңгеге (19 пайызға көп) басып озған Батыс Қазақстан облысында байқалады.

Бұл өсім сатып алынған көліктер санымен ғана байланысты емес, көлік санатына да байланысты екендігі сөзсіз. Өйткені еліміздің ең бай тұрғындары – алматылықтар (еліміздегі әртбір төртінші көлік) орташа алғанда бір көлік үшін 17,3 мың теңгеден салық төлеген. Салыстыру үшін, «Toyota» мен «Лада» көлігін жөн көретін (менің пікірімше) Атырау облысының тұрғындары орташа алғанда 9 мың теңгеден салық төлепті.

 

БӘЛКІМ, ҚЫМБАТЫН ІШЕРМІЗ?

Қазақстанда бөлшек сауданың кассалық айналымы 2015 жылдың қаңтарында 446 млрд теңгеден асты. Жылдық өсім 12,4 пайызды құрады. Өткен жылы әрбір өткен ай үшін орташа алматылық (бәлкім бұған басқа жақтан келушілер де енгізілген шығар) 141,3 мың теңгеге тауар сатып алған болса, астана тұрғыны – 54,3 мың теңге, ал Атырау тұрғыны – 52,3 мың теңге жұмсаған. Ең кедей сатып алушылар Ақмола облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысында тұрады (ай сайынғы шығындары 29 мың теңге мен 18,9 мың теңге).

Қазақстанның мұнайлы өңірлеріндегі қымбатшылық адамдардың кафе мен мейрамханаға жұмсайтын шығындарына да әсер еткен. Бұл алматылықтар мен астана тұрғындарының шығындарынан асып түседі. Ең қымбат мейрамханалар Ақтауда (мұнда бір адамға орташа чек 9,2 мың теңгені құрайды) және Атырауда – 8,2 мың теңге. Қазақстанның ең бай тұрғындары – алматылықтарға бұл тұрғыда жеңілдеу, өйткені қоғамдық тамақтану орнынан шыққан кезде оған 7,2 мың теңгелік және Астана тұрғындарына – 6,1 мың теңгелік чек ұсынады. Солтүстік өлкелерде арзанырақ – Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында даяшылар сізге төлеу үшін тиісінше 1500, 1400 және 800 теңге сомасындағы чектерді ұсынады.

Шолуды дайындаған Жасұлан КӨЖЕКОВ

26 ақпан 2015, 14:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.