Атырау, 29 наурыз 09:50
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Спорт жаңалықтары

1 494 просмотра

Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауылында 1999-2000 ж.т. жасөспірімдер арасында Социалистік Еңбек ері М. Ержановты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир өтті.  

Бұл жарыста атыраулық былғары қолғап шеберлері Асылхан Жиентаев (40 келіге дейін) пен Бекжасар Лұқпан (70 келіге дейін) «күміс» жүлдеге ие болды.

***

 

Ақмола облысының Жалтыр ауылында Жеңістің 70 жылдығына арналған еркін күрестен республикалық жарыс өтті.

Турнирге Қазақстанның барлық өңірлерінен 450 спортшы жиналды. Біздің облысымыздан жарысқа 1-БЖСМ шәкірттері қатысты. 

Барлық белдесулерінде айқын басымдықпен ұтқан Бекзат Жалғасов (59 келіге дейін) турнир жеңімпазы атанды. Руфат Асланұлы (23 келіге дейін), Әділхан Ақмурзиев (26 келіге дейін) және Айдос Қизатов (42 келіге дейін) қола жүлдеге қол жеткізді. Спортшыларды жаттықтырушылар А.Жаманбаев, А.Лекеров, Д,Хабдулов және М.Нұрлыбеков дайындады.

***

 

3-БЖСМ-де қаза болған «ауған» жауынгерлерін еске алуға арналған 1999-2001, 2002 ж.т және одан кіші жастағылар арасында грек-рим күресінен Атырау қаласының ашық біріншілігі өтті.

Жарысқа Атырау, Шымкент және Орал қаласы БЖСМ-дерінің шәкірттері қатысты. Турнир мамыр айына жоспарланған ҚР чемпионатына дайындық түрінде өтті. Атыраулықтар арасынан Адам Халухаев, Қайырбек Хабиболла, Диас Бағытов, Еламан Төлегенов, Дамир Рамазанов, Аян Сағадатов, Айбек Рахатов, Бекжан Жақсылықов және Валентин Насточенко жеңімпаз атанды.

***

 

Белгілі атыраулық кикбоксшы Абзал Жүсіпов өзінің көптеген титулдарының (2013 жылғы әлем чемпионы, 2012 жылғы Азия чемпионы, Әлем кубогының 4 дүркін иегері, 7 дүркін ҚР чемпионы) қатарына Прибалтика кубогінің иегері атағын қосты. 

Абзал, әдеттегідей, сенімді өнер көрсетті: үш айқасты да жеңіспен, екеуін нокаутпен аяқтады. Жалпы, осы Таллинде өткен Кубок кезінде ҚР құрамасының асығы алшысынан түсті. Қазақстандықтардың қоржынында 6 алтын, 2 күміс және бір қола жүлде бар. 

Жарыстан кейін құрама Шымкент қаласының түбіндегі Бәйшешек елді мекеніндегі спорттық базаға жаттығу жиынын өткізуге кетті. Наурызда қазақстандық кикбоксшылар Челябинскіде өтетін халықаралық турнирге барады. Ал наурыздың аяғында Атырауда Қазақстан және Ресей құрамалары арасында матчтық кездесу өтеді.

26 ақпан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.