Атырау, 19 сәуір 15:14
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Маскүнемдікке жол жоқ!

4 136 просмотра

2015 жылдан бастап Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық туралы жаңартылған кодексі күшіне енді. Алайда әбден түсінікті өзгерістер мен толықтырулардан басқа жаңартылған кодекс заңгерлердің де күмәнін тудыратын баптармен толыққан.

Мәселен, 847-бап: онда әкімшілік құқықбұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енген қаулылар мен оларға шағым, наразылық бойынша сот қаулыларының қайта қаралу кассациялық тәртібі енгізілгендігі туралы айтылған. Бұрын әкімшілік өндіріс тек екі сатымен шектелетін. Бұл әкімшілік процестегі азаматтардың құқығына шектеу болатын. Өйткені, азаматтық және қылмыстық процесте өздерінің дұрыстығын дәлелдеу үшін оларға үшінші мүмкіндік берілмеді.

– Осы өзгеріс заңды күшіне енгенге дейін азаматтар кассациялық сатыдағы қаулыға шағымдана алмады. Бас прокуратураға ҚР Жоғарғы сотында қаулыға наразылық білдіру үшін өтініш жолдау қажет болды, – дейді «MAXIMUM» адвокаттық кеңсесінің аға серіктесі Айдос ИБРАИМОВ.

Ендеше кассацияның апелляциядан айырмашылығы қандай?

Кассация – бұл төменгі сатыдағы орган қабылдаған және заңды күшіне енбеген шешімнің дұрыстығы мен заңдылығын тексеру. Материалдармен жете танысу кезінде материалдық құқық нормалары бұзылған ба, шешімнің заңдылығына не ықпал етті, соны анықтайды. Нәтижесінде – бұрын шығарылған үкімді, ұйғарымды жояды немесе бекітеді және т.б. Үш судьядан құралған алқамен қаралады. Апелляция – төменгі сатыдағы соттың шешіміне шағымдану. Оны қарау кезінде жаңа дәлелдермен жете танысып, сонымен қатар шешімнің заң талаптарына сәйкестігі тексеріледі.

Оған құқықтар мен заң мүдделерінің едәуір бұзылуы негіз болуы мүмкін. Нәтижесінде – сот билігінің жоғарғы сатыдағы органы мәні бойынша жаңа шешім шығарады.

Тағы бір едәуір өзгеріс деп  Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген «Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы iстер бойынша заңды күшiне енген қаулыларды және оларға шағымдарды, наразылықтарды қарау нәтижелері бойынша қаулыларды жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау» деп аталатын 47-тарауды есептеуге болады.

Қаулыларды жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін мыналар: 
1) құқық бұзушыға, жәбірленушіге белгілі болмаған және белгілі болуы мүмкін емес, іс үшін маңызды мән-жайлар;
2) соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталған, заңсыз не негізсіз қаулы шығаруға әкеп соққан куәнің көрінеу жалған айғақтары, сарапшының көрінеу жалған қорытындысы, көрінеу дұрыс емес аударма, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың, құжаттардың не заттай дәлелдемелердің жалғандығы;
3) соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталған, осы істі қарау кезінде жасалған, әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуге қатысушылардың, іске қатысатын басқа да тұлғалардың не олардың өкілдерінің қылмыстық әрекеттері немесе судъялардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) қылмыстық іс-әрекеттері;
4) осы қаулыны шығаруға негіз болған соттың шешімін, үкімін, ұйғарымын немесе қаулысын не өзге де мемлекеттік органның (лауазымды адамның) құқықтық актісінің күшін жою;
5) ҚР Конституциялық Кеңесінің осы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істе қолданылған заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп тануы негіздер болып табылады.

Енді мұрағатта жатып қалған істерді де қарап шығуға болады, бұл да артықшылық.

Жаңартылған кодекстің 61-бабында көрсетілгендей, әкiмшiлiк құқықбұзушылығы үшiн әкiмшiлiк жаза қолданылған тұлға әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулыны орындау аяқталған күннен бастап бiр жыл ішінде осы жазаға тартылды деп есептеледi.

Осы өзгеріс енгізілгенге дейін мерзім әкімшілік құқықбұзушылық жасалған сәттен бастап есептелетін. Ал, енді ол әкімшілік жаза орындалған сәттен бастап қана есептелетін болады.

Сондықтан, заңгерлер азаматтарға жазаны орындауды соза бермей, айыппұлдарды уақытында төлеуге кеңес береді. Егер айыппұл төленбесе, онда әкімшілік жауапкершілікке тарту жазасы өтелмейді.

– Жаңа өзгерістермен танысу кезінде мен бір қисынсыздықты анықтадым, - дейді Айдос Ибраимов. – ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы мен ҚР ӘҚтК туралы кодекстің 608-бабының «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» деген атауы ұқсас, 1-тармағы да бірдей. Жалғыз ғана айырмашылығы – жазалау шарасы.

Бірінші жағдайда ҚР ҚК бойынша – бұл 500 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 300 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 90 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. ҚР ӘҚтК бойынша – көлік құралын басқару құқығынан 3 жыл мерзімге айыру жазасы қолданылады.

Түсінік алу үшін біз облыс прокурорының орынбасары Серік ШАЛАБАЕВҚА хабарласқан едік. Оның айтуынша, жаңа заңнамалық құжаттарда көлік қылмысы үшін жауапкершілік түбегейлі күшейтілген. Атап айтқанда, көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін енді қылмыстық (ҚК 346-бабы) және әкімшілік жауапкершілік (ӘҚтК 608-бабы) қарастырылған. Олардың айырмашылығындағы ерекшеліктер мынадай: жаңа ҚК-тің 346-бабы көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы не көлік құралын басқаруды осындай адамға беру, сол сияқты осындай адамның көлік құралын басқаруына жол бергені үшін жауапкершілікті қарастырады.

Масаң күйде жүргізгені үшін көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы заңды күшіне енген сот актісі бар, әкімшілік жазаны орындау мерзімі өтпеген тұлға қылмыс субъектісі болып табылады.

Жаңа ӘҚтК-тің 608-бабымен жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына бергені үшін жауапкершілік қарастырылған.

Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА

26 ақпан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.