Атырау, 19 сәуір 22:32
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Құмар ойындар

2 119 просмотра

 

- Ұлым құмар ойындармен әуестеніп кетті. Отбасының барлық кірісін букмекерлік кеңселер мен ойын автоматтарына жояды. Жанұясында кейде тамаққа ақша табылмай қалады, ал оның үш баласы және жұмыс жасамайтын әйелі бар. Жақында ол астындағы көлігін ломбардқа салып, кейін кері қайтара алмады, содан кейін пәтерін де сатып, бар ақшаны осы қарғыс атқыр ойынға салды. Бұл отбасымыз үшін үлкен қайғы болды. Маған біреулер оның құқықтарын шектеуге болады, яғни, жалақысын алуға, мүлікті сатуға тыйым салып, бұларды әйелі не анасы жасай алатындай қылуға болады деп кеңес берген. Мұны қалай жасауға болады?

Телефон арқылы

 

- Менің әкем психдиспансерде есепте тұр, сондықтан да нотариус мәмілеге куәлік бере алмайды, түсініктірек айтсам, біз ортақ пәтерімізді сата алмай отырмыз, онда әкемнің де үлесі бар және оның келісімі керек. Біз қазір өте ауыр жағдайда қалдық, сондықтан да бұл пәтерді қалай да сатуымыз керек. Не істеуге болады, кеңес беріңіздерші.

«АЖ» поштасына келген сауал

 

Сұрақтарға адвокат Нұрлан ЖОЛБОЛОВ түсінік берді:

- Соңғы жылдары көптеген отбасылар осындай проблемаға тап болып жүр. Расымен, азаматтық заңдылықтарда «азаматтың іс-әрекетке қабілетін шектеу» және «азаматты іс-әрекетке қабілетсіз деп тану» сияқты түсініктер бар. Алайда бірінші жағдайда бұлай жасау мүмкін емес, өйткені, азаматтың іс-әрекетке қабілеттілігін тек «спирттік ішімдіктер немесе есірткі заттарды қолдану кесірінен отбасын ауыр материалдық жағдайға душар еткенде» ғана шектеуге болады. Яғни, өздеріңіз көріп отырғандай, ойынқұмарлық Қазақстанның қолданыстағы заңнамаларында азаматтың «Іс-қабілеттілігін шектеуге» негіз бола алмайды. Заңшығарушылар мұны алкоголизм немесе нашақорлық сияқты отбасын бұзуға қабілетті жамандық деп ойламайтын болар. Егер басқа оқырмандарда осындай жағдай спирттік ішімдіктер немесе есірткі заттарға байланысты болса, онда мұндай мәселе азаматтық өндіріс тәртібімен сотта шешіледі. Бұл жағдайда осындай азаматқа қамқорлық белгіленіп, азаматтың өзі ұсақ тұрмыстық мәмілелерден басқа іс-әрекеттер жасай алмайды, сонымен қатар өз жалақысын, зейнетақысын және басқа да табыстарын өз бетінше ала алмайды, мүліктерді сатуға құқы болмайды.

Екінші мәселе жеңілірек. Жүйке ауруына шалдыққан немесе ақылы кемістеу азамат өз іс-әрекеттерінің мәнін түсіне алмайды немесе басқара алмайды. Мұндай жағдайда сот ол адамды іс-әрекетке қабілетсіз деп тауып, оған қамқорлық белгіленеді. Іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған адамның атынан барлық мәмілелерді қамқоршысы, мәселен, сіз жүргізе аласыз. Бұл мәселені, сондай-ақ, өтініш беру арқылы сот тәртібімен шешуге болады, өтініш үлгісі сот ғимаратының дәлізінде ілініп тұруы керек.

19 ақпан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.