Атырау, 25 сәуір 04:08
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Атырау-Астрахан тас жолын қалпына келтіру 2016 жылы басталады

4 389 просмотра

Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» жолдауында «Астана – Ақтөбе – Атырау» және «Атырау – Астрахан» екі тас жолын қайта қалпына келтіру жұмыстары туралы айтылған. Осы және өзге де тақырыптар жайлы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ инвестициялық жобалар бойынша басқарушы директоры Нұрланбек ӨМІРБАЕВПЕН әңгімелестік.

- 2014 жылғы 11 қарашадағы президент жолдауында еліміздің батыс өңіріндегі «Астана – Ақтөбе – Атырау» және «Атырау – Астрахан» бөлігіндегі автожол саласын дамыту бағыттары белгіленген. «Астана – Ақтөбе – Атырау» бағыты «Орталық – Батыс» дәлізіне жатады, қазіргі таңда инвестиция және даму министрлігі халықаралық қаржы институттарымен осы тас жолды қалпына келтіруді қаржыландыру бойынша келіссөздер жүргізуде.

«Атырау – Астрахан» бағыты «Ресеймен шекара (Астрахан) – Атырау – Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сайөтес – Түркіменстанмен шекара» халықаралық транзиттік дәлізінің үлкен бөлігі болып табылады, сонымен қатар Қазақстанның батыс облыстарын Ресейдің Оңтүстік Федералдық округімен байланыстырады.

- «Атырау – Доссор – Құлсары – Бейнеу» бөлігі жөндеуден өтті. Бұл тек «Ақтөбе – Мақат» және «Мақат – Доссор» учаскелері қайта қалпына келтіріледі дегенді білдіре ме?

- «Атырау – Құлсары – Бейнеу» учаскесіне келетін болсақ, 2006 жылы «Атырау – Доссор» автокөлік жолының учаскесін қалпына келтіру жұмыстары және 2007-2009 жылдары «Доссор – Бейнеу» учаскесін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бұл учаскелер қазіргі уақытта қанағаттанарлық жағдайда және қалпына келтіру жұмыстарын қажет етпейді. «Ақтөбе – Мақат» бағыты бойынша 2014 жылдың желтоқсанында жобалау-сметалық құжаттамаларын жасақтау тендері өткізілді. Жұмыстар жолдың Ақтөбе облысы аумағындағы 11-330 шақырымында, Атырау облысы аумағындағы – 330-459 шақырымында жүретін болады. ЖСҚ жасақтау 2016 жылдың маусымына жоспарланған.

- Қалпына келтіру бойынша жұмыстар қашан басталады?

- Аталған жобалар қаржының бөлінуіне қарай жүзеге асырылатын болады. «Ақтөбе – Мақат» учаскесін қалпына келтірудің болжамды мерзімі – 2016-2019 жылдар, ал «Атырау – Ресеймен шекара (Астрахан)» бөлігінің мерзімі – 2016-2022 жылдар. Жұмыстарға қазіргі автокөлік жолын асфальт-бетонды жабынмен жабу, техникалық нормативтерге сәйкес көлік жолдарын жабдықтау (жол белгілері, қоршаулар, автобус аялдамалары, демалыс алаңдары, белгілер) бірінші және екінші техникалық категорияға ауыстыру кіреді.

- Жолдың ең қатты бүлінген учаскескелерін атап өтіңізші.

- Қазіргі таңда «Ақтөбе – Мақат – Доссор – Атырау – Ресеймен шекара (Астрахан)» бағыты бойынша қанағаттанарлықсыз жағдай келесі учаскелерде байқалады: Ақтөбе облысының аумағында – 11-100 шақырымы, 130-165 шақырымы және 220-330 шақырымы; Атырау облысы аумағында: («Ақтөбе – Мақат») 330-468 шақырымы және 487-504 шақырымы, «Атырау – Ресеймен шекара (Астрахан)» - 616-893 шақырымы.

- Жобаға көпірлер мен жол өткелдерінің құрылысы енгізіле ме?

- Иә, бірақ олардың дәл саны мен орналасатын жерлері жоба құрамына кіретін іздестіру жұмыстары нәтижесінде белгілі болмақ.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

13 ақпан 2015, 09:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.