Атырау, 20 сәуір 03:50
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Қала әкімі жолдар, бағалар, тұрғын үйлер туралы

5 510 просмотра

Уәде еткеніміздей, Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВТЫҢ оқымандарымыздың сауалдарынаберген жауаптарын жариялап отырмыз.

 

«БАҒАЛАРДЫ БАҚЫЛАУДА ҰСТАЙМЫЗ»

- Ауыр жүк көліктері құрылыс нысандарынан өз дөңгелектерімен қалаға балшық әкеледі, бұл, әсіресе, Әлиев көшесі бойында өзекті болып тұр: жаңадан құйылған жол жабындысы Нұрсаядағы құрылыстардан ілесіп келген балшық жабысып, қатып қалған. Құрылыс тапсырыстарын орындаушыларды көлік жолдарын ластамауға немесе бұл зардаптарды өздері тазалауға міндеттейтін шарттар неге енгізбейді?

- Бұл өте жақсы сұрақ, ол мені де толғандырады. Бұзушылықтардың мұндай түрі ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 630-бабымен («Жолдарды, темiржол өтпелерiн және басқа жол құрылыстарын бүлдiру») реттеледі: «Жолдарды, темiржол өтпелерiн және басқа да құрылыстарды немесе жол жүрісін реттейтiн техникалық құралдарды бүлдiру, оның iшiнде жол жабындысын ластау не арнайы бөлiнген жерлерден тыс жерлермен және жабындысы жетiлдiрiлген жолдармен мал айдап өту арқылы бүлдiру, сондай-ақ, түрлi құрылыстар орнату немесе жасыл екпелер отырғызу немесе оларды уақытылы бұтамау салдарынан жол жүрісін реттейтін құралдардың көрiнуiн шектеу жеке тұлғаларға – екі, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады». Атырау қалалық ІІБ жол-патрульдік полициясы қызметкерлері жоғарыда аталған құқық бұзушылықтар бойынша рейдтік іс-шаралар өткізуді жоспарлауда. Басқа реттейтін құралдар бізде жоқ.

-«Арнайыавтобаза» қызметкерлері орталық көпірді үнемі тазалап жатады. Алайда барлық балшық пен сазды көпірдің екі жағына лақтырады. Лас-қоқыстар неге жиналып, қала сыртына шығарылмайды?

- «Арнайыавтобаза» КМК басшылығына орталық және басқа да көпірлерден жиналған лас балшықтарды қала сыртына немесе арнайы бөлінген жерлерге тасып шығаруға тапсырма берілді. Орындауға бақылау жасау ТКШ бөліміне жүктелді.

 

«БИЗНЕСТІҢ ЖОЛ КАРТАСЫН ҚАРАҢЫЗДАР»

-Қазіргі қолданыстағы заңдардың солқылдақтығынан қиын жағдайға тап болған азаматтар, мәселен, үйі өртенгендер, қарыздарына байланысты үйлерінен қуылғандар, аз қамтылған және халықтың басқа да қорғансыз топтары жергілікті атқарушы биліктің тұлғасында мемлекеттен көмек ала алмайды... мүмкін, жергілікті атқарушы билік деңгейінде осындай азаматтарды қолдау механизмдері жұмыс жасайтын шығар?

- Қалалық мәслихаттың 03.02.2014 күнгі №174 шешімімен табиғи зілзалалар немесе өрт шығу салдарынан қиын өмірлік жағдайларға тап болған, сондай-ақ, табыстары отбасы мүшелеріне шаққанда төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін тұлғаларға бірреттік әлеуметтік көмекті алушылар мен оның шектік мөлшерінің тізбесі бекітілді. Бұлар - аз қамтылған азаматтар, 1, 2, 3 топ мүгедектері, әлеуметтік мәні бар ауруларға байланысты өмір тіршілік қарекеті шектеулі тұлғалар. Сонымен қатар, жергілікті бюджет қаржысы есебінен кедейлерге және басқа да әлеуметтік қорғауды қажет ететін азаматтарға атаулы көмек, 18 жасқа дейінгі балаларға мемлекеттік жәрдемақы, мүгедек балаларды үйде оқытатын отбасыларға материалдық көмек, мерекелік және атаулы күндерге орай бірреттік көмектер көрсетіледі. Жоғарыда аталған әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге арналған қаржы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бюджеттік бағдарламасында қарастырылған.

Бүгінде ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңында үйі өртенгендерге, сондай-ақ, қарыздарына байланысты үйінен қуылған азаматтарға жеңілдіктер немесе мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезектен тыс үй беру қарастырылмаған. Мұндай азаматтар осы Заңның 67-69 баптарында қаралған санаттарға енетін болса, мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу бойынша есепке тұра алады.

- Бұрын Авангард 4 ықшамаудан тұрғындары Сәтпаев көшесіне және «Музыкалық академия» аялдамасына тас жолмен өтетін едік. Алайда бірнеше жыл бұрын осы жерге Атырау облыстық сотының ғимаратын салды да, аумақты қоршап, Сәтпаев көшесіне өтетін жолды жауып тастады. Енді бізге аялдамаға дейін жылу желісі, лас балшық, қоқыс контейнерлері арқылы өтуге тура келіп тұр. Қараңғы кездері жарық жоқ, бір кездері сол жерде жалғыз келе жатқан әйелдер мен қыздарды тонау оқиғалары да орын алды, дәл қаланың орталығында. Атырау қаласы әкімдігінен осы мәселеге көңіл бөліп, музыкалық академиядан Авангард 4 ықшамауданының №3 үйіне дейін жарық жүргізілген тас жол салуларыңызды сұраймын.

- Авангард 4 ықшамаудан тұрғындарының өтініші жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу жоспарына қаржы бөлінсе, ескерілетін болады.

- Құрметті Нұрлыбек Жұмахметұлы! Біздің компаниямыз қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу және зауыт салу бойынша бизнес жоба әзірледі. Банктік несиелер өте ауыр, пайыздары көп. Біздің осы жобамызды жүзеге асыру үшін бюджеттен 10 жыл мерзімге несие алуға бола ма? Кепілге салар жылжымайтын мүлігіміз бен зауыттың жаңа жабдықтары дайын.

Құрметпен Г.Н. Әмірова

- «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағыты аясында сомасы 4,5 млрд теңгеден аспайтын жаңа инвестициялық жобалар мен өндірісті модернизациялау және кеңейту жобаларын жүзеге асыру үшін кәсіпкерге әр жекелеген жобасы бойынша сыйақы мөлшерлемесі 14%-дан аспайтын несие қарастырылған, бұлд мөлшерлеменің 7%-ын кәсіпкер, 7%-ын мемлекет төлейді. Субсидияландыру мерзімі 3 жылға дейін, алайда 10 жылға дейін пролонгациялау мүмкіндігі бар. Бұған қол жеткізу үшін сіз 2-деңгейлі банкке барып, қажетті құжаттар тізбесін алуыңыз қажет және кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасына өтініш жазасыз.

-Сырым Датұлы көшесі бойындағы №13 үйдің қарсысында теміржолшылардың демалыс аймағы болатын. Сол жерде Наурыз және басқа да мерекелер өткізілді. Сол жерді біреу сатып алып, құрылыс көтерді, алайда бітірген жоқ. Қазір демалыс аймағы көп жылдан бері бос тұр. Айналасы қоқыс пен бұралқы иттерге толы. Бұл учаскені қалаға қайтарып, демалыс аймағын абаттандыруға болмай ма екен?

-«Арнайыавтобаза» КМК басшылығына Сырым Датұлы көшесі бойындағы №13 тұрғын үй ауданында жиналып қалған қоқыс қалдықтарын шығаруға тапсырма берілді. Сіз сұрап отырған С. Датұлы көшесі бойында орналасқан №13 үй алдындағы жер учаскесінде келесі жер пайдаланушылар тіркелген:

1. «Бертас» ЖШС, Атырау қ., «Нью Стар» клубының маңы, кад. №04-066-029-150, жер учаскесінің ауданы – 0,4750 га, жеке меншік, дүкенге қызмет көрсету үшін, негіз – 23.04.2004 күнгі № 2-1329 сатып алу-сату шарты.

2. «Бертас» ЖШС, Атырау қ., кад. № 04-066-029-195, жер учаскесінің ауданы – 0,0200 га, жеке меншік,  автотұраққа қызмет көрсету үшін, негіз – Атырау қаласы әкімінің 02.09.2005 күнгі № 1993 шешімі.

3. Хабдешова Алмажан Абайқызы, Атырау қ. кад. № 04-066-029-156, жер учаскесінің ауданы – 0,0700 га, жеке меншік, дүкен мен кеңсеге қызмет көрсету үшін, негіз –17.06.2013 күнгі № 5772 сатып алу-сату шарты.

 

ТАКСИЛЕР АЙЫППҰЛДАН ҚОРЫҚПАЙ МА?

- Мені Береке ауылының (бұрынғы Память Ильича) тұрғыны ретінде ауылымыздың аумағына салына бастаған фармацевтік фабриканың құрылысы алаңдатады. Фабрика қызметінің қоршаған ортаға зияны қаншалықты болмақ? Облыс басшылығы неліктен фабриканы қаладан алыс жерге емес, Береке ауылында салуға шешім қабылдаған?

- Фармацевтік фабрика құрылысы үшін берілген жер учаскесі барлық қалалық қызмет органдардың келісімімен бөлінген. Сәйкесінше, нысан құрылысы тек санэпид қадағалау мен экологтардың оң қорытындысынан кейін жүзеге асырылады.

-Қазіргі уақытта Береке ауылына электр және сумен қамту желілері тартылмаған, бұл осы тұрғындардың тұрмысын қиындатып отыр. Ауылымызға қажетті коммуникацияларды жеткізуге бюджеттен қаржы бөлінген бе?

- Береке Махамбет ауданының аумағында орналасқан. Сәйкесінше, бұл мәселе облыстық әкімдіктің құзыретінде.

-Құрметті Нұрлыбек Жұмахметұлы! 2013 жылғы ақпанда мен қалалық жер қатынастары бөліміне уақытша мерзімді мемлекеттік актіні ұзартуға өтініш жаздым. Маған №327 өтінішке сәйкес құжаттарды беру 2014 жылғы 30 сәуірден кеш емес мерзімде беріледі деп №Н-327 түбіртек берді. Содан бері ұзартылған уақытша мерзімді мемлекеттік актімді ала алмай жүрмін, соңғы рет (желтоқсанда) қалалық жер қатынастары бөлімінің кеңсесіне жолыққанымда комиссияның келісім бергенін, енді қала әкімінің қолы керектігін, жаңа жылға дейін үлгеретінімді айтып шығарып салған. Мен құрылысқа арнап несие алып қойдым, алайда құқығымды белгілейтін құжаттарым жоқ. Осыған байланысты сызбалық жоба мен құрылыс салуға келісім ала алмай отырмын. Бір жылға созу үшін бір жыл табалдырық тоздыру керек пе? Осы мәселені шешіп беруіңізді сұраймын.

Құрметпен, Асқар Нұрғалиев

- Құрметті Асқар Нұрғалиев, қазіргі уақытта Сіздің мемлекеттік актіңізді ұзарту туралы қаулы жобасы дайын тұр. Қалалық жер қатынастары бөліміне келіңіз, шешім дайын және қол қойылған.

- Бұрын ескі әуежай маңында ұшу-қону жолағы болған, ол қазір пайдаланылмайды. 2011 жылдан бері біз осы бос тұрған жерге футбол ойнайтын алаң жасауды сұрап келеміз, өзімнің және тұрғындардың бір тобы атынан бірталай өтініштер жаздық, менде көшірмесі де бар. Бізге орынбасарлар, алдымен Нұрлығожиев, одан кейін Қарағаев құр уәде беріп, жауап жазды. Футбол алаңы қашан болады?

Штатбай Тумышев

- Бұл жер учаскесі 2007 жылдан бастап «Жаңа Бағдар» ЖШС-іне тұрғын үй массивін салуға берілген.

- Бірнеше жылдан бері жеке меншік таксишілердің без-берекетсіз жиналуынан Азаттық көшесі бойындағы №№20, 22 үйлер тұрғындарының мазасы қашып, қоғамдық тәртіп бұзылуда. Балаларымыз үшін қорқамыз, алға-артқа кіріп шығып жатқан таксилер, жүргізушілердің кезек үшін төбелесі балалардың аулада еркін ойнауына кедергі болады. Айқай-шу, боғауыз. Гараж иелеріне аулаға кіріп-шығу қиын, жолдың бәрін таксилер жауып тастаған. Жедел жәрдем шақырсаң, олар да кіре алмайды. Аулаға кіретін жерде «Қозғалысқа тыйым салынған» жол белгісі тұр, алайда оған қарайтын жүргізушілер жоқ. Бірнеше рет жол полициясына хабарластық, бірнеше рет полиция келіп, айыппұл да салды. Бір ай бұрын аулаға бейне камералар орнатылған. Бұл бассыздық енді тоқтайтын болар деп қуанғанбыз, алайда, өкінішке орай, бәрі сол қалпында. «Такси тұрағы» дүрілдеп тұр.

-Азаттық көшесі бойындағы №20 және №22 үйлер арасында, шынымен де, таксишілердің тұрағы қалыптасты, жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің бірнеше рет ескерту жасап, айыппұл салғанымен, мәселе шешілмей тұр. Өкілетті қызметкерлер осы аумақты зерттеп, қорытындысы бойынша Атырау қалалық ТКШ-ге аула аумағына кіреберіске «Тұруға рұқсат жоқ» жол белгісін қондыруға нұсқау беріледі. Сонымен қатар, 2015 жылы Атырау қаласы бойынша таксилерге арналған арнайы тұрақтар ұйымдастыру жоспарлануда. Осыдан кейін таксилер жолаушыларды тек сол жерден күтетін болады. Ал бүгінде Азаттық көшесі бойындағы №20 және №22 тұрғын үйлер ауласындағы без-берекетсіз көлік қоюды жою үшін Атырау облыстық ІІД басшысының атына хат жазылды.

 

ЖОЛДАР: ЖСҚ БАР, АЛАЙДА ӘЗІРГЕ АҚША ЖОҚ

- Бізге 2 жыл бұрын кезек тәртібімен тұрғын үй берген, бұл үйді қашан жекешелендіре аламыз?

- Мемлекеттік қызметте жасадым және арендалық тұрғын үй алдым. Жыл жарымнан кейін қысқартуға ұшырап, еңбек биржасына тіркелдім. Осы үйді жалға алу шартын ұзарту үшін еңбек биржасынан алған анықтама жеткілікті ме? Менен үйді тартып алмай ма? Мұндай жағдайда не істеу керек?

-ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 101-бабы 3-тармағына сәйкес, Мемлекеттiк қызметшiлер мен бюджеттiк ұйымдардың, мемлекеттік кәсіпорындардың жұмыскерлерi, мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар, егер олар мемлекеттiк қызметте, мемлекеттік кәсіпорында немесе бюджеттiк ұйымдарда кемiнде он жыл жұмыс iстесе, сондай-ақ, егер еңбек қатынастары мынадай негіздер бойынша:
1) ұйымның таратылуы, қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы бойынша;
2) одан әрi жұмыс iстеуге кедергi келтiретiн сырқатына байланысты;
3) зейнеткерлікке шығуына байланысты тоқтатылса, жұмыс iстеген мерзiмiне қарамастан, өздерi тұратын қызметтік тұрғынжайларға теңестірілген тұрғынжайларды қалдық құны бойынша жекешелендiре алады.

Осыған байланысты Сіз жоғарыда айтылған Заң негізінде тұрып жатқан пәтеріңізді жекешелендіре аласыз.

-Нұрсаяда басталған спорт орталығының жағдайы не болар екен? Құрылысы жалғаса ма және бұл спорт зал бола ма, әлде спорт мектебі ме?

- Бұл дене шынықтыру-сауықтыру орталығы болады. Тапсырыс беруші – облыстық құрылыс басқармасы. Басталған құрылыс жалғасады. Бұрынғы мердігермен жасалған шарт бұзылды, жаңа тендер өткізіліп, жаңа мердігер анықталды. Алғашқы жарты жылдықта ДСК салынып бітеді.

-Кезек тәртібімен әкімдік берген үй ұнамаса, не істеуге болады? Заң бойынша қалай – кезекке кері тұруым керек пе әлде орным сақтала ма?

- ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 74-бабы 1-тармағына сәйкес, азаматтарға мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй, осы Заңның 98-1-бабында көзделген жағдайды қоспағанда, барлық қажеттi құжаттармен бiрге өтiнiш берiлген кезден бастап тiзiмде белгiленген кезек ретiмен берiледi. Осы Заңның 98-бабы 2-тармағында былай делінген: «Осы бапта аталған азаматтарға берiлген, сондай-ақ халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына берiлген тұрғын үйдi жергiлiктi атқару органының келiсiмiмен басқа тұрғын үйге ауыстыруға болады. Бұл орайда ауыстыру азаматтардың тұрғын үй жағдайын қасақана нашарлатуына әкеп соқпауы тиiс, өйткенi, бұл жағдайда ол осы Заңның 69-бабына сәйкес тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж адам болып шығады»

- Біз 1993 жылдан бері №1 жастар тұрғын үй кешенінде (ЖТК) тұрамыз, қазір оның атауы Канцев, №2 болып ауысты. Осыған байланысты біз қолымыздағы тұрғын үйге құқық белгілеуші құжаттарды ауыстыруымыз керек пе?

- ЖТК – бұл көше атауы емес, екі үйдің ортасында салынған ғимарат. Сондықтан бұл мекенжай қазіргі күнде біздің жерлесіміз - Кеңес Одағы Батыры Г.Ф.Канцевтың атымен аталған сондағы көше атауына сәйкес болуы тиіс. Бұл жағдайда біздің заңгерлер қажеттілік туа қалған сәтті күтпестен (мәселен, бұл сол жылжымайтын мүлікке қатысты кез келген мәмілені ресімдеуде, сондай-ақ, басқа да жағдайларда бәрібір кездеседі), құжаттарды ауыстыруды ұсынып отыр. Мұны мекенжайдағы кез келген өзгерістер талап етеді, тіпті, баспананы қайта жоспарлаудан кейін техникалық төлқұжатты алу үшін де құжат ауыстыру қажет болады.

- Біз «Мұнайшы» бағбандық қоғамында (бұл теміржол көпірінен кейін Геологқа қарай сол жақта) тұрамыз, бұл ауданда инфрақұрылымның барлығы бар, бәрі жақсы жұмыс жасайды, тек тас жол жоқ, осыған байланысты көктемгі-күзгі балшық кездерде жүру қиындап кетеді, жұрттың барлығында көлік жоқ қой. Таксилер біздің жаққа келгісі келмейді, келсе де, қымбат сұрайды. Қала аумағында тұрсақ та осылай. Жаңа жылда бізге тас жол салуға көмектесіңіздерші.

- Қазіргі уақытта «Мұнайшы» бағбандық қоғамындағы 5 көшеге тас жол салу бойынша жоба жасалды. Жобада қаралған жұмыстар осы мақсатқа қаржы бөлінгенде басталады.

- Бізді, Жерұйық ауданындағы Нарембаев көшесі мен Кеңөзек ауылдық округінің Қайнар ықшамауданы (бұрынғы Тасқала-3) тұрғындарын мынадай мәселелер алаңдатады: 2015 жылғы жұмыстар жоспарына осы аудандарға тас жол салып, жарық беру бойынша жұмыстар енгізілген бе?

- Бүгінде Қайнар ауылының (Тасқала-4) инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын салуға жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда құрылыс жұмыстары жүргізіледі.

- Водников 1 және 2 ауылдарына жол салу қашан басталады?

- Қазіргі уақытта Водников ауылындағы 3 көшеге тас жол салу (5 250 шаршы метр) жобасы әзірленді. Жобада қаралған жұмыстар осы мақсатқа қаржы бөлінгенде басталады. Водников-2 ауылы тұрғындарының өтініштері осы жұмыстарға ЖСҚ әзірлеу жоспарына қаржы бөлінгенде қаперге алынатын болады.

-Қала маңындағы Ақсай ауылының И. Тайманұлы және Атырау көшелері қашан асфальтталады? Бұл көшелерде кеңестік кезеңнен бері тас жол жоқ.

Есентай Аренов

- Қазіргі уақытта И. Тайманұлы көшесін асфальттау (2 729 шаршы метр) бойынша жоба әзірленді. Жобада қаралған жұмыстар осы мақсатқа қаржы бөлінгенде басталады.

- Самал ықшамауданындағы №20 көшеге қашан тас жол салынады? Биыл мектеп салына ма, көшеге жарық беріле ме және Самал ықшамауданы ішімен қашан маршруттар жүреді?

Талғат Құралиев

- Құрметті Талғат Құралиев! Қазіргі уақытта Самал ықшамауданындағы №20 көшені асфальттау (5 658 шаршы метр) бойынша жоба әзірленді. Жобада қаралған жұмыстар осы мақсатқа қаржы бөлінгенде басталады. Одан бөлек мектеп құрылысына арналған жер телімі де бөлініп, сақталып тұр. Самал ықшамауданына маршруттық автобустар жүргізу мәселесі негізгі тас жолдар салынғаннан кейін қаралады.

-Біз, қала сыртындағы Ақжар ауылының С. Нұржанов пен М. Маташев көшелерінің тұрғындары, осы мекенжайда 10 жылдан бері тұрамыз. Сізге дейін болған әкімдер ауылға коммуникацияларды (сумен қамту, электр желісі, телефон) тартуға көмектескен, алайда басты проблемамыз – ауылда жол жоқ. Көктемде, күзде және қыста жаяу да, көлікпен де жүру мүмкін емес, әсіресе, оқушылар мен қарттарға қиын, бұл көшеде соғыс және еңбек ардагерлері тұрады. Жүк көліктері бүлдіріп кеткен жолмен «жедел жәрдем» және өрт көліктері де жүре алмайды.

- Қазіргі уақытта Ақжар ауылындағы С. Нұржанов көшесін асфальттау (4 125 шаршы метр) бойынша жоба әзірленді. Жобада қаралған жұмыстар осы мақсатқа қаржы бөлінгенде басталады. Бұл Ақсай ауылдық округі тұрғындарымен кездесу кезінде айтылды. Маташев көшесі тұрғындарының өтініштері осы жұмыстарға ЖСҚ әзірлеу жоспарына қаржы бөлінгенде қаперге алынатын болады.

 

КОНДУКТОРЛАРДЫ КІМ «ТОҚТАТАДЫ»?

- Менің балам Жилгородокта оқиды. Күн сайын оларда 7-8 сабақ болады. Міне, ол бір аптадан бері Жилгородоктағы соңғы аялдамада бір сағаттан аса уақыт тұруға мәжбүр болып отыр. №2 маршрут автобустары тек 5 оқушы алады, кондукторлар оларды кіргізбей, итеріп тастайды. Біздің қала сыртында, Томарлыда тұратынымызды, алда салқындықтар болып, күннің тез қараятынын ескертіп, 2 сұраққа жауап беруіңізді өтінемін: 1) Тасымалдаушылардың бұл әрекеті дұрыс па? Егер оқушының қасында ересек адам болса, бұлай жасай алмайтындарын білемін. 2) Қыркүйектің басында балалардан дәлел ретінде күнделіктерін көрсетуді сұрап, үстінде мектеп формасы бар ма екендігін тексерген. Қазір олардың қолында мектептен алған анықтамалары бар. Құрметпен, Самал Ғалимова

-Тасымалдайтын оқушылар санына ешқандай шектеу жоқ. Сонымен қатар, оқушы автобусқа отырғанда орта білім беретін мектеп берген анықтаманы ғана көрсетуі керектігін қаперіңізге береміз. Жоғарыда айтылғандарға байланысты Сізге кондукторлардың осындай ереже бұзушылықтары жөнінде «Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-ге 25-44-51 телефоны бойынша хабарлауыңызды сұраймыз.

-Біз, Тұлпар ықшамауданының тұрғындары, Нұрсая ықшамауданының №1 көшесіне жарық беруді реттеуіңізді сұраймыз. №4 маршрут автобусы жолаушыларды Назарбаев зияткерлік мектебіне дейін әкеледі де, әрі қарай Тұлпар ықшамауданына №1 көше арқылы жаяу жүруге тура келеді. Бұл жерде ТШО-ның балабақшасы да бар. Балаларын әкелетін ата-аналар да осындай қиыншылық көріп отыр.

Қайырхан Х.

- Нұрсая ықшамауданының №1 көшесіне жарық жүргізу ЖСҚ жоқтығына байланысты 2015 жылға жоспарланбаған. ЖСҚ әзірлеу жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда бұл көше жобаланатын нысандар тізбесіне кіретін болады.

-Біз, Балықшыдағы Сарымолда Досмұхамбетұлы көшесінің тұрғындары, міне, он жылдан бері биліктен көшемізге №2 үйден бастап тас жол салуды сұрап келеміз. Қалаға шығу үшін жолсызбен, балшықпен, ой-қырмен немесе жанымызды шүберекке түйіп теміржол бойымен жүреміз, басқа жол жоқ. Біз өмір бойы осылай жүруіміз керек пе? Біздер, салық төлеушілер ретінде, осы уақыт ішінде жарық пен жол сияқты қарапайым нәрселерге еңбек сіңірген болармыз.

- Қазіргі уақытта С. Досмұхамбетов көшесін асфальттау бойынша жоба әзірленді. Жобада қаралған жұмыстар осы мақсатқа қаржы бөлінгенде басталады.

- Лесхоз-2 ықшамауданындағы Тойота орталығынан Сарықамыс ықшамауданына баратын Тәжіғали Садықов көшесімен автокөлік, әсіресе үлкен жүк көліктері көп жүреді, жарық берілмеген. Осы көшені жарықтандыру қарастырылған ба?

-Қазіргі уақытта «Әуежай трассасынан Мостовой жырасы арқылы «Сарықамыс» ықшамауданына дейін жол» бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жобада қаралған жұмыстар осы мақсатқа бюджеттен қаржы бөлінгенде басталады.

-Күреуге жататын үйлер тізіміне Азаттық көшесіндегі №138 үй кіре ме?

-Азаттық көшесі бойындағы №138 тұрғын үй күреуге жататын апаттық үйлер тізіміне кірмейді.

- Сәлеметсіз бе, мен Балауса ықшамауданы, 34 көше, 84 учаскеде 2008 жылдан бері тұрамын. Бізге жол қашан келеді? Трассада ауа райының қолайсыз кезінде ықтанатын жабдықталған автобус аялдамасы да жоқ. Біздің жол салу туралы өтініштерімізге ТКШ қызметкерлері ЖСҚ қаралып жатыр деген жаттанды жауапты (компьютерде тұрған, тек күнін ауыстыра салатын болар) жібереді. Қашанғы күтеміз.

Гүлнар Қайырова (Құбашева)

-Құрметті Гүлжан! Қазіргі уақытта Балауса ықшамауданындағы 34-көшені асфальттау бойынша жоба әзірленді. Жобада қаралған жұмыстар осы мақсатқа қаржы бөлінгенде басталады.

Дайындаған Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА

Құрметті оқырмандар, сауалдарыңызға берілген жауаптардың бір бөлігі газетіміздің келесі нөмірлерінде«Сұрақ-жауап» айдарымен берілетін болады.

12 ақпан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.