Атырау, 25 сәуір 22:21
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Ақордада қазақстандық ғалымдарды отанға қайтару мәселесі талқыланды

2 163 просмотра

АСТАНА, 28 қаң – Қазақстан жаңалықтары АА.Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова ғылымды дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізді деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

"Кеңесте Қазақстанда жұмыс істеу үшін шет елдерден қазақстандық танымал ғалымдарды тарту және олардың жұмыс тиімділігін арттыру, республикадан тысқары кету ықтималдығын азайту мақсатында отандық ғалымдарға жағдайлар жасау мәселелері қаралды", - делінген хабарламада. 

Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы аясындағы негізгі бағыттар бойынша қазақстандық ғылыми кадрлар әлеуетін сақтау және арттырудың, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді ынталандырудың маңыздылығына тоқталды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы екі комиссияның – Шет елдерде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия мен Ғылым және техника саласындағы әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтарды беру жөніндегі комиссияның қызметі осы және басқа да міндеттерді шешуге бағытталған.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ғылыми зерттеулермен 23,7 мың адам айналысады. Ғылыми ортадағы ғылым докторларының саны 1688, (9,8%), ғылым кандидаттары  – 4915 (28,6%), PhD докторлары – 218 (1,2%), кәсіптік бағыттар бойынша докторлар – 605 (3,5%), ғылыми атағы жоқ ізденушілер –  9774 (56,8%) адам. Бұл ретте 35 жасқа дейінгі ғалымдардың үлесі 38 % болса, 45 жасқа дейінгілердің үлесі 56%.

2014 жылы Қазақстанда жұмыс жүргізу үшін әртүрлі ғылыми бағыттар бойынша 600-ден астам шетелдік ғалым тартылды, соның 75-і қазақстандық.

«Назарбаев Университет» ААҚ-ға АҚШ-тан, Ұлыбританиядан, Канададан, Франциядан, Италиядан, Нидерландтан 350-ден астам (оның 26-сы қазақстандық) шетелдік ғалымдар шақырылды.

Бүгінде шет елдердегі белгілі ғылыми орталықтарда, атап айтқанда, нанотехнология, роботты техника, мұнай-газ кен орындарын зерттеу, гидродинамика, гендік инженерия, обыр ауруын туғызатын клеткалар биологиясы, ДНК репарациясы мен мутагенез салалары сияқты келешегі зор ғылыми бағыттарда 53 қазақстандық ғалым табысты жұмыс істеуде.

Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы мемлекеттік органдарға Шет елдерде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия мен Ғылым және техника саласындағы әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтарды беру жөніндегі комиссияның жұмыстарына қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.  

Дереккөз: newskaz.kz

29 қаңтар 2015, 12:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.