Атырау, 18 сәуір 14:29
 ашықВ Атырау +21
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

Полиция спортсыз өрлемейді

2 765 просмотра

«Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының (ДСҚ) филиалы ішкі істер органдарының спортшы-қызметкерлерін біріктіреді. 2014 жылды олар қандай нәтижелермен аяқтады? Біздің сұхбаттасушымыз – «Динамо» ДСҚ ҚБ облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарыХайдар ЕСЕНҒАЛИЕВ (суретте).

- Хайдар Мағазұлы, өткен жыл «динамолықтар» үшін жарысқа толы жыл болған шығар?

- Ол солай. Ақпан айының басында кір тасын көтеруден «Динамо» облыстық филиалының біріншілігі өтті және оған 11 команда қатысты: облыстық ІІД, қалалық ішкі істер басқармасы және аудандық бөлімдер, әскери полиция, қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, «Күзет» мемлекеттік күзет қызметі және т.б. ІІД командасы 4 «алтын» иеленіп, командалық 1-орын алды. Команда құрамында Қуанышбек Салықов, Айбек Қойшыбаев, Қуаныш Шаменов және Арғын Сабыров көзге түсті.

28 ақпанда «Мұнайшы» спорт кешенінде спорттық самбодан «Динамо» біріншілігі өтіп, онда ІІМ чемпионатына баратын спортшылар іріктелді. Бұл жарысқа 77 спортшыдан құралған 12 команда қатысты. Өз салмақ дәрежелерінде Қ.Салықов, Қонысбай Шпанов, Азамат Жоламанұлы және Нариман Қуанышқали «алтын» жүлде алды. Турнирде 2-орын алған Серікбай Шпанов ІІМ чемпионатында жүлдеге іліккен («қола») жалғыз спортшы болды.

28 наурызда «Мұнайшыда» дәстүрлі волейбол турнирі өтіп, онда да ІІМ чемпионатына іріктеу жүргізілді. 1-орынды ІІД, 2-орынды Қызылқоға АІІБ, 3-орынды «Күзет» қызметі командалары алды. ІІД сапындағы Серік Бөтпенов пен «Күзет» командасынан Дәурен Болжанов турнирдің үздік ойыншылары болып танылды. «Атырау» біріккен командасы ІІД чемпионатына қатыса алмады, өйткені, құраманың барлық ойыншылары Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы кезінде тыныштық күзетуге тартылды.

Мамырда «Мұнайшы» спорт кешенінде қоян-қолтық ұрыстан «Динамо» облыстық филиалының іріктеу біріншілігі өтті. Өз салмақ дәрежелерінде Айбол Жақсыбаев, Манарбек Өтеуов, Тимур Темірғалиев, Бекет Мақсотов, Сұңғат Қайыров, Айбек Жансыбаев,  Санат Нағимов, К.Шаменов және А.Сабыров «алтыннан» алқа тақты. Қоян-қолтық ұрыстан ІІМ чемпионаты 17 шілдеде «Атырау» ДСК-нде өтті. Айқастарға ҰҚК, шекара қызметі, Ұлттық гвардия, мемлекеттік күзет қызметі және т.б. органдардан 26 команда өкілдері қатысты. Командалық есепте бірінші орынды ІІМ, 2-орында Ұлттық гвардия, 3-орынды мемлекеттік күзет қызметі алды. Біздің спортшылардың ішінен С.Нағимов «алтын» алса, А.Сабиров «қола» алып, көзге түсті. Республикалық жарыстарда атыраулық «динамошылар» мұндай жетістіктерге бірінші рет жетіп отыр.

Осы уақытта Владимир Мичри мен Евгений Ухов Белоруссияның Витебск қаласында өткен кір тасын көтеруден бүкіләлемдік олимпиадада 13 алтын жүлде алды. Асхат Тельманов дзюдодан халықаралық «Гран-При» сериясы турнирінде («қола») және Қазақстан чемпионатында («күміс») сәтті өнер көрсетті. Біз оның 2016 жылғы Олимпиадаға жолдама алуын тілейміз.

Салауатты өмір салтын насихаттау аясында «Динамо» филиалы балалар мен ересектер арасында қоян-қолтық ұрыс бойынша облыстық турнир өткізді. Мұхамбет Оразғалиев, Есбол Аралов, Наурызбек Мусин, Каштенбай Азамат жеңімпаз атанды.

-2015 жылға қандай жоспарларыңыз бар?

- Күнтізбелік жоспарларымыз өткен жылғымен бірдей – волейбол, самбо, ату, мини-футбол, президенттік көпсайыс, қоян-қолтық ұрыс. Наурызға біз «Ішкі істер департаменті барысы» атауымен қазақ күресінен облыстық турнир өткізуді жоспарлап отырмыз.

-Сіздерде балалар да жаттығу жасау ма?

-Балалар мен жасөспірімдерге арналған қоян-қолтық ұрыс, джиу-джитсу, әскери самбо, грепплинг секцияларында жаттығулар күн сайын сағат 15.00-ден 18.00-ге дейін жүргізіледі. Спорттық қоғамның барлық мүшелері атынан жан-жақты қолдау көрсеткендері үшін «Динамо» ДСҚ облыстық филиалының төрағасы, облыстық ІІД бастығы Арман Кеңесұлы Жалмұханбетовке, оның орынбасарлары Аян Сәбитұлы Дүйсембаевқа және Қандарбек Нұрмағамбетұлы Бақтыгереевке алғыс айтамыз.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

29 қаңтар 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.