Атырау, 28 наурыз 16:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Несие хикаясы

6 971 просмотра

Банктерден несие алу және қызмет көрсету кезінде қарыз алушыда туындайтын өзекті сұрақтарға ҚР Ұлттық банкі Атырау филиалының экономикалық талдау және статистика бөлімінің бас экономисі Ақтоты ТӘЖЕНОВА жауап берді.

– Банктер қарыз алушылардан қарыз бойынша тұрақсыздықты (өсімді) өндіріп алуға құқылы ма және қандай мөлшерде?

– Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (әрі қарай - Кодекс) 292-бабына және «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңның (әрі қарай – Банктер туралы заң) 35-бабының 1-тармағына сәйкес, несиелердің қайтарымдылығы тұрақсыздық айыбымен, кепiлмен, кепiлдiкпен, кепiлдемемен және Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта көзделген басқа да әдiстермен қамтамасыз етiлуi мүмкiн.

Борышқор мiндеттемесiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте, атап айтқанда, орындау мерзiмiн өткiзiп алған жағдайда айыппұл, өсiм төлейді (Кодекстің 293-бабы).

Банктер өндіріп алатын тұрақсыздық айыбы әрбір мерзімі өткен күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,5 пайызынан аспайтын, бірақ банктік қарыз шарты қолданылатын әрбір жылға берілген қарыз сомасының 10 пайызынан артық болмауға тиіс. Бұл 2011 жылдың 1 наурызынан бастап күшіне енген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ипотекалық несие беру және қаржылық қызметтерді тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда (әрі қарай - Заң) айтылған. Бұл норма Заң күшіне енгізілгенге дейін жасалған шарттарға да қолданылады. Сонымен қатар, Заңға сәйкес, осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін төленген жеке тұлғалармен жасалған банктік қарыз шарттары бойынша тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) не заңды күшіне енген сот актісіне сәйкес төленуге жататын тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) қайта есептеуге жатпайтынын ескеру қажет.

– Банктер шарт жасалған күні белгіленген банктік қарыз мөлшері мен тарифтерді, комиссиялық сыйақылар мен қарызға қызмет көрсету шығындарын есептеу тәртібін біржақты тәртіппен ұлғаю жағына қарай өзгерте ала ма?

– Банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың банктік қарыз шартын жасасу күні белгіленген тарифтердің, комиссиялық сыйақылардың және қарызға қызмет көрсету жөніндегі басқа да шығыстардың мөлшерін және оларды есептеу тәртібін біржақты тәртіппен ұлғаю жағына қарай өзгертуге құқығы жоқ. Мұндай өзгерістер 2008 жылғы 23-қазанда күшіне енген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы жүйесінің тұрақтылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына (әрі қарай – Қаржы тұрақтылығы туралы заң) сәйкес, Банктер туралы заңның 39-бабына енгізілген.

Қаржы тұрақтылығы туралы заң аталмыш өзгерістерге кері күш береді. Бұл жеке тұлғаға берілген несие тарифтері мен комиссиясының өзгеруіне салынған тыйым бұрын жасалған шарттарға да қатысты қолданыста болатындығын білдіреді. Тіпті банктің мұндай құқығы банк қарызы шартында (ипотекалық шарттарда) жазылса да.

– Қарыз бойынша бережағын өтеу шотына салынған қарыз алушылардың ақшаларын банктер қандай тәртіппен жұмсайды?

- Екінші деңгейлі банктер (әрі қарай - банктер), сондай-ақ, банктер мен олардың клиенттері арасындағы қарым-қатынастар, егер қазақстандық заңнамада басқасы қарастырылмаған болса, шарт негізінде жүзеге асырылады. Және шарттағы тараптар өздеріне жүктелген міндеттемелерді тиісті дәрежеде орындауы тиіс.

Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғаларының ҚР заңнамасында тікелей қарастырылғаннан басқа жағдайларда банктердің қызметіне араласуға құқығы жоқ. Банктік қарыз операциялары Банктің директорлар кеңесі бекіткен банктің ішкі несие саясатының ережесіне сәйкес жүзеге асырылады. Онда банктер өздіктерімен несиелерді ұсыну шарттарын, қарыздар ұсынылатын тұлғалар санатын, осы критерийлерге қажетті олардың төлем қабілеттілігін, сонымен қатар несиелеудің басқа да шарттарын белгілейді. Қарыздар бойынша бережақтарды өтеу тәртібін банк қарыз шарттарында белгілейді және бережақтарды өтеу кестесінде көрсетіледі.

Кодекстің 282-бабының 2-тармағында ақшалай мiндеттеменi орындау үшiн жеткiлiксiз төленген төлемнiң сомасы тараптардың өзге келiсiмi болмаған жағдайда ең алдымен несие берушiнiң орындау жөнiндегi шығындарын, содан соң айыпақы мен сыйақыны (мүдденi), ал, қалған бөлiгiнде - борыштың негiзгi сомасын өтейтіндігі қарастырылған. Сондықтан қарыз алушының қарыз бойынша бережағын өтеу есебімен енгізілген ақшасын есептен шығаруды банк банктік қарыз шарты белгілеп, тараптар қол қойған кезектілікпен немесе Кодекстің 282-бабына белгіленген тәртіппен жүзеге асырады. Кез келген қарыз алушы банктің қарыз шарты бойынша бережағын өтеу шотына түсетін ақшаның бөлінуі туралы айына бір рет банктен тегін ақпарат ала алады. Ол үшін қызмет көрсетуші банкке жазбаша түрде шығу керек. №19 Қаулының 14-тармағына сәйкес, мұндай ақпаратты банктер үш жұмыс күні ішінде ұсынуға тиіс.

- Банктердің қарызды беруге және қызмет көрсетуге комиссия алуы заңды ма? Комиссия бойынша жеке шарт жасасу қажет пе?

– Банктер егер банктің қарыз шартында осындай құқық берілген болса, қарызды беру және қызмет көрсету кезінде комиссия ұстауға құқылы. Мұнда жекелеген шарт жасау қажет болмайды.

Сыйақы мөлшерлемелері мен комиссиялар, сондай-ақ, банк қызметтерін көрсеткені үшін тарифтерді банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді ескере отырып дербес белгілейді (Банктер туралы заңның 39-бабының 1-тармағы).

Кодекстің 393-бабына сәйкес, тараптар арасында шарттың барлық елеулi ережелерi бойынша тиiстi жағдайларда талап етiлетiн нысанда келiсiмге қол жеткен кезде шарт жасалды деп есептеледi. Әңгіме шарттың мәнi туралы ережелер, заңдарда елеулi деп танылған немесе шарттардың осы түрi үшiн қажеттi ережелер, сондай-ақ, бiр тараптың мәлiмдеуi бойынша келiсiмге қол жеткiзуге тиiстi барлық ережелер елеулi ережелер болып табылатын жағдайлар туралы болып отыр.

Банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар банктік қарыз шарттарында қарыз беруге байланысты өндіріп алуға жататын комиссиялардың толық тізбесін және олардың мөлшерін Банктер туралы заңның 39-бабының 3-тармағына сәйкес, 2011 жылдың 1-наурызынан бастап көрсетуге міндетті. Оларға, сондай-ақ, жасалған шарт шеңберінде біржақты тәртіппен комиссияның жаңа түрлерін енгізуге тыйым салынған. Мұнда аталмыш нормаларға кері күш берілген, яғни, олардың әрекеті 2011 жылдың 1 наурызына дейін туындаған қарым-қатынастарға да қолданылады.

– Банктің акцептісіз тәртіпте (талап ету бойынша есептеп шығару) қарыз алушының банк шотында тұрған ақшаны есептен шығаруға құқығы бар ма?

– Мерзімі өткен кезде банк қарыз алушыға өз міндеттемелерін орындамау нәтижесінің салдары туралы міндетті түрде ескертіп, қарыз алушыға хабардар ету керек (Банктер туралы заңның 36-бабы).

Мерзімі өткен бережақ болған жағдайда банк төлем талап-тапсырмасын ұсыну арқылы акцептісіз тәртіппен қарыз алушының банк шотындағы ақшаны есептен шығаруға құқылы (егер бұл банктің қарыз шартында айтылған болса). Мәселен, мемлекеттік бюджеттен және Мемлекеттік қордан төленетін әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар түрінде алынатын және қарыз алушының талабымен ашылған әлеуметтік мақсаттағы шотта тұрған ақшалар. Бұл жерде жәрдемақы түрінде ақшалай қаржы үшін арнайы шоттар ашу керектігін атап өткен жөн. Егер мемлекеттік жәрдемақы алатын қарыз алушы банкке өзіне жеке шот ашу туралы талаппен жүгінбесе, онда әдеттегі режимде ашылған оның шотына үшінші тұлғаның талабы қойылады. Сондықтан қарыз алушыға несие шартымен мұқият танысқан жөн. Егер ол жерде қарыз алушының шотындағы ақшаға акцептісіз тәртіппен өндіріп алу жөніндегі банк құқығы туралы шарт бар болса, онда клиентінің банк шотынан бережағын өндіріп алуға төлем талап-тапсырма ұсыну бойынша банк әрекеті заңды болып табылады.

– Қазақстанда банк шетелдік валютада несиелер беруге құқылы ма?

– Банктердің шетелдік валютамен несиелер беруі заңнамаға қарама-қайшы келмейді, өйткені, Қазақстан Республикасының «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заңымен осындай операцияларды жүргізу мүмкіндігі қарастырылған. Банктер туралы заңның 26-бабының 5-тармағына сәйкес, ұлттық және (немесе) шетелдiк валютамен банк операцияларын жүргiзуге лицензия шектеусiз мерзiмге берiледi.

Осылайша, егер банкте шетелдік валютада банктік операция жүргізуге лицензиясы бар болса, бұл банк Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік валютамен несиелер беруге құқылы.

Қарыз алушы қарыз алу мақсатына қарай қарыз валютасын өзі белгілеуге құқылы.

Дайындаған СәулеТАСБОЛАТОВА

29 қаңтар 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.