Атырау, 24 сәуір 12:50
 ашықВ Атырау +19
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

«Мен өмір бойы жұмысқа жегілдім, зейнетақыға неге тиісесіңдер?»

3 160 просмотра

Атырау қаласындағы қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің зейнеткерлеріАтырау қаласындағы қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің зейнеткерлеріҮкіметте Қарттар үйінде тұратын қариялардың зейнетақылары мен жәрдемақылары көлемін кері қарау керек деп шешім шығарды. Елімізде осындай 104 медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс жасайды, олардың біреуі – Атырауда.

«ҚР-дің мүгедектер құқығын қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен қосымшалар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеушілер үйлерінде өмір сүретін зейнеткерлер мен Қарттар үйінде тұратын зейнеткерлердің жағдайларын теңестіріп, әлеуметтік әділеттілік орнатамыз деп жариялады. Олар соңғы аталғандардан базалық зейнетақыны алып тастап, ынтымақты зейнетақыны 30 пайызға дейін қысқартуды ұсынады.

Осы заң жобасын ұсынған денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана ЖАҚЫПОВАНЫҢ пікірінше, үйде тұратын зейнеткер өзін-өзі қамтамасыз етеді: коммуналдық қызметтерге ақы төлейді, дәрі, азық-түлік, киім сатып алады. Қарттар үйіндегі зейнеткерлер де зейнетақы алады, алайда коммуналдық қызметтерге ақша төлемейді, тегін тамақ ішеді және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген.

Оның айтуынша, медициналық-әлеуметтік мекемелерде төрт мыңға жуық зейнеткер өмір сүреді. Оларды қамтамасыз ету үшін бюджеттен жылына бір миллиард теңгеден аса қаржы жұмсалады екен.

 

КИІМ МЕН ДӘРІНІ ӨЗДЕРІ САТЫП АЛАДЫ

Атырау қаласындағы қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің директоры Қилымқас КҮЗЕМБАЕВАНЫҢ айтуынша, мекемеде 114 зейнеткер мен мүгедек тұрады екен. Зейнетақыларының көлемі 23 мың теңгеден 64 мың теңгеге дейін, оған қосы 11 мыңның үстінде базалық зейнетақылары бар. 2014 жылы Қарттар үйіндегі әр зейнеткерді қамтамасыз ету үшін 836 мың теңге бөлінген.

- Үйде тұратын зейнеткерлер мемлекеттік мекемелерде тұратындардан жақсы өмір сүрмейді деген сөзбен келісемін, - дейді Қ. Күзембаева.– Біріншіден, тамақтану. Қарттар үйінде қарияларға күніне төрт рет тамақ беріледі және ол беделді шипажайлардың ас мәзірінен бірде бір кем емес. Екіншіден, біздің зейнеткерлеріміздің ақша жинау мүмкіншіліктері бар. Олар өз зейнетақыларын қолдарына түгелдей алады. Алып-қашпа әңгімелер жүрсе де, мекемеге ешқандай да бір бөлігін бермейді. Ал дәріге келетін болсақ, біздің зейнеткерлеріміз тек алғашқы көмек дәрі-дәрмектерімен ғана қамтамасыз етілген, ал қалғандарын өздері сатып алады. 2011 жылдан бастап киімді де өздері алады. Жеке бас тазалық құралдарына (тіс пастасы, сабынсу, сабын және т.б.) келсек, оларды да өздері сатып алулары керек, алайда бұлардың барлығын бізге демеушілеріміз әкеліп береді.

 

«БҰЛ МЕНІҢ ЗЕЙНЕТАҚЫМ»

Қазір Қарттар үйіндегі басты тақырып – зейнетақыны қию. Қариялардың пікірін білу үшін кірген шағын демалыс бөлмесінде төрт адам отыр екен, алайда бес минуттан кейін бөлме іші пікірлерін айтқылары келетін адамдарға толды.

- Егер менің зейнетақымды қиып тастаса, дәріні қай ақшама аламын?- дейді 75 жастағы зейнеткер Мәди ОМАРОВ. – Мен зәр шығару мүшесінің созылмалы ауруымен ауырамын, маған күнде ішетін дәрі керек. Иә, қазіргі уақытта тіршіліктері қиын жалғызбасты қариялар бар, алайда көпшілігінің балалары бар ғой, олар көмектеседі. Ал менің ешкімім жоқ: балалар үйінде өстім, әйелім мен екі қызым қаза болды. Мен мына жарық дүниеде жалғызбын, Қарттар үйінде еріккеннен жүрген жоқпын. Өмір бойы жұмыс жасадым, заңды түрде зейнетақы алып отырмын. Мені неге одан айырады?

- Бізді өзімізге қажетті дәрі-дәрмекпен, киіммен қамтамасыз етсе, зейнетақымды берер едім,- деді қарттардың бірі. Басқалары мұнымен келіспеді.

- Мен, мәселен, зейнетақымның 20 пайызын мемлекеттің үнемдеуіне емес, осы төменгі зейнетақымен тіршілік етіп жатқан қарияларға берер едім,- дейді зейнеткер Амангелді АҚБЕРДІҰЛЫ.– Ал егер жемқорлыққа белшесінен батқан мемлекетке бер десе, мен үзілді-кесілді қарсымын. Мен өмір бойы жұмысқа жегіліп келдім, бұл менің зейнетақым. Оған еңбегім сіңді.

Кейіннен қариялар аз-мұз ақша жинап жүргендерін мойындады. Олар өздеріндей көптеген қарттар сияқты «жаназасына» ақша жинайды екен.

- Ертең өлгенде, бізді кім көмеді?- дейді олар.– Біз өзімізді адам сияқты көмсе дейміз: халық жиналып, ас берілсе дейміз. Мәселе бұл жерде кімге ауыр, кімге жеңіл дегенде емес. Әңгіме мемлекет осы қарттардың есебінен үнемдегісі келетіндігінде ғой.

Айта кетсек, заң жобасы әлі қабылданған жоқ. Мәжілісте оны тек таныстырып өтті. Депуттаттар енді бұл құжатты жұмыс топтары мен палата отырыстарында талқыламақ.     

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген автор

28 қаңтар 2015, 13:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.