Атырау, 29 наурыз 09:43
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

«Игілікке» әзір тимейді

1 438 просмотра

«Теңізшевройл» ЖШС жүзеге асырып жатқан «Игілік» әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасының бюджеті 2015 жылы бұрынғыша 25 млн доллар болып қалады. Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының (ӘИБ) бюджеті де өзгермейді, ол 1 млн доллар.

Бұл туралы ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВ 2014 жылғы әлеуметтік инвестициялар бағдарламаларын жүзеге асыру қорытындылары бойынша өткен жалпы жиналыста хабарлады:

- 2015 жылға «Игілік» бюджетін біз әзірге қайта қараған жоқпыз. ӘИБ бюджетін де. Біз бұл жобалардың әлеуметтік маңыздылығын түсінеміз. Ал әрі қарай бәрі де нарыққа байланысты болады, мұнай бағасының құлдырап бара жатқанын өздеріңіз де білесіздер.

Осы жиналыста ТШО-дан грант алған үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері 2014 жылы жүзеге асырылған жобалар жөнінде есеп берді. Бұлар - «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» ЖШС, Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығы, «Алшы» қоры, «PYXERA GLOBAL» халықаралық зерттеулер мен ғылыми жетістіктерді алмасу кеңесі, Орта Азияның Еуразия қоры (ОАЕҚ), Зейнолла Қабдолов атындағы қор.

2015 жылдың жобаларына келер болсақ, Артығалиевтың айтуынша, 50 өтінімнің 6-уы іріктеліп алынған:

- Жобаларды іріктеу белгілі бір критерийлер бойынша жүргізіледі. Жәнебұлардың мерзімдері де маңызды: кім өтінімді уақытында беріп үлгермесе, сол шығып қалады. Сондықтан тендер жарияланған уақытта мұқият болыңыздар.

Өткен жылы «Игілік» бағдарламасы бойынша 25 млн доллар Атырау қаласы мен Жылыой ауданындағы балабақшалар мен мектептердің құрылысына, Құлсары қаласында бақтар құрылысы мен көгалдандыруға жұмсалды.

Естеріңізге салсақ, Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ Атырау облысының әкімі лауазымына тағайындалғаннан кейін ТШО-ны бағдарламаны «тиімсіз жоспарлағаны» үшін, атап айтқанда, жыл ішінде игерілмеген қаржы келесі жылға өтпей, «күйіп» кететіндігі үшін сынға алған болатын. Осыдан кейін үш жылдық циклға көшу ұйғарылды. Қазіргі уақытта облыстық әкімдік пен ТШО-ның бірлескен жұмыс комиссиясы әзірлеген және бақылауға алған 2013-2015 жылдарға арналған «Игілік» бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

28 қаңтар 2015, 11:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.