Атырау, 28 наурыз 20:01
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Жақыныңыз жоғалмасын

3 627 просмотра

Статистикалық мәліметтерге сенсек, жыл сайын Қазақстанда 1 500-ға жуық адам хабар-ошарсыз жоғалады екен. Атырау облысында соңғы 10 жылда 104 адам үйінен кетіп қалып, қайта оралмаған.

- Полиция қандай да болмасын қылмыс үшін іздестіріп жатқандар бұл тізімге кірмейді, - деп түсіндірді ІІД криминалдық іздестіру бөлімінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Әлібек БАҒЫТЖАНОВ. – Осы 10 жылда біз 72 адамды отбасыларына қайтардық, 32-сі бұрынғыша іздестірілуде.

«СҰРАУЫ ЖОҚ» АДАМДАР

Көбінесе кімдер жиі жоғалады? Іздестіру бөліміндегілердің айтуынша, әрбір екінші жоғалушы – еңбекке қабілетті жастағы ер немесе әйел адамдар. Содан кейінгі кезекте жасөспірімдер, кішкентай балалар мен қариялар екен. Егер әлеуметтік мәртебесі бойынша қарасақ, онда тізімде жұмысшылар, зейнеткерлер, психиатриялық диспансерде есепте тұрғандар немесе бомждар жиі кездеседі. Бұлардың соңғылары көбінесе сұрауы жоқ мүрделер арасынан табылып жатады.
- Бізде осы адамдарға қатысты іс материалдары, олардың өлгеннен кейінгі фотосуреттері мен олар туралы жиналған мәліметтер сақталады, - дейді криминалдық іздестіру бөлімінің аға жедел уәкілі Айгүл ХАРЕСОВА. – Мүрдеханада 15 күн жатқаннан кейін сұрауы жоқ мүрделерге жеке нөмір беріледі, содан соң олар осы үшін арнайы бөлінген жерге мемлекет есебінен жерленеді.
Егер кімде-кім кейіннен өзінің жақын адамын тапқысы келіп, оны фотосуреті бойынша танитын болса, эксгумация жасалады, ал егер мүмкін болса, генетикалық талдау да жүргізіледі.


ЕРТЕ ЕСЕЙГЕНДЕР

Адамдар әдетте криминалдық қылмыстар бойынша жоғалады деген түсінік қалыптасқан. Бірақ іс жүзінде олай емес. Көбінесе, бұл қайғылы жағдайлардың нәтижелері болып жатады.

- Мәселен, балықшылар, - дейді А.Харесова, - Мынадай соңғы жағдайды айтайын: Махамбет ауданында ер адам жоғалып кетті. ТЖМ-мен бірігіп бүкіл ауданды және ол болуы мүмкін деген жерлердің бәрін сүзіп шықтық. Екі аптадан соң оны өзен түбінен тауып алдық. Сәл кейінірек сараптама оның суға батып кеткененін растады.

Сондай-ақ, полицейлер жасөспірімдердің жиі жоғалуы орын алатындығы туралы дабыл қағуды ұмытпады.

- 16 жасар бір қыз баланың анасы екі жыл ішінде бізге бесінші рет келіп отыр, - дейді полицейлер. – Бастапқыда ол торығып, ашынып келген еді, енді қазір жабырқап, ұяла келетін болған.
Өзінің түсініктемесінде анасы қызының үйден мектепке дейінгі жолда жоғалғаны жайлы жазған. Бірнеше күннен кейін полицейлер, әдетте, оны аман-сау күйде табады. Ол алысқа кетпей, үнемі қала маңында болады. Оны, әдетте, жалдамалы пәтерде улы-шулы таныстарының, негізінен ер адамдардың ортасынан тауып алады екен.
Ал ол 15 жасынан бастап үйінен қашып кететінді шығарған. Бәлкім, қыз берекесіз отбасында тұратын шығар деп жорамалдадым мен. Бірақ полицейлер дұрыс отбасынан шыққанын, ата-анасының қызын жақсы көретінін, оны уайымдайтын адамдар екенін айтты.
- Жыныстық жетілу кезеңінде жасөспірімдердің көпшілігі не істерлерін білмей дал болады. Біз оларды «ерте есею» деп атаймыз. Мұндайлар қыздардың да, бозбалалардың да арасында аз емес, - дейді ол. – Ата-аналары мен құрдастарымен түсінісе алмайтын жасөспірімдер бар: отбасылық драмалар, тұрмыстық кикілжіңдер... Бастысы – бұл дұрыс тәрбиенің болмауынан. Бұл балаларға ата-аналары сарыуайымға салына ма, жоқ па, бәрібір секілді.

…11 сыныптың екі оқушысы 2012 жылы үйлеріне келмей, жоғалып кеткен. Ата-аналары аяқтарынан тік тұрып, ауруханалар мен мүрдеханалардың бәріне қоңырау шалып, есеңгіреп, үрей құшағында болды. Бір оқушы қыркүйектің басында, екіншісі аяғында жоғалды. Үш айдан кейін оларды Ақтөбеден, көлік жуу орнында жұмыс істеп жүрген жерлерінен тауып алды. Олардың неге бұлай еткендерін біз білмейміз. Бар білеріміз - олар үйлерінен өздері кетіп қалған.

ӘКЕСІН ЕКІ ЖЫЛДАН СОҢ ЕСКЕ АЛДЫ    

Хабар-ошарсыз жоғалған жандарды іздеу 10 жылға жалғасады. Осы уақыт өткеннен кейін ескіру мерзіміне орай оларды іздестіру тоқтатылады.

Іздестіру бөлімінің тәжірибесінде туыстары адам жоғалғаннан кейін бірнеше ай өтіп кеткен соң көмек сұраған істер де баршылық екен. Бір мысал: жоғалған адамның ұлы жақын арада ғана келіп, әкесінің жоғалғандығын, оны соңғы рет 2012 жылдың 31 желтоқсанында көргені туралы мәлімдеген. Сөйтсе, келуіне пәтер мәселесі мәжбүр етіпті. Әкесінің келісімінсіз ұлы пәтерді сата алмайды екен.
Өткен жылдың мамырында Исатай ауданының 30 жастағы тұрғыны үйінен шығып кетіп, оралмаған. Екі кішкентай баласы қарт анасының қолында қалыпты. Бір қызығы, анасы да оны ұзақ уақыт іздемеген. Одан жеті жыл бойына хабар-ошар болмапты. Оны көрші Ақтаудан табудың сәті түсті.
Ал екінші бір жағдайда бір әйелдің күйеуі бірден хабарласты. Ол полицейлерге әйелінің Авангардта бір жерлерде болуы мүмкін екенін айтқан. Осы тұрғын үй массивінің барлық бағанына бағдар ілініп, бірер күннен кейін табылған әйел отбасына қайтарылды.

- Көпшілігі бірнеше тәуліктен кейін өздері қайтып келіп жатады: отбасылық жағдаймен немесе салынып ішіп кеткен боп шығады...- дейді іздестіру бөліміндегілер. – Жай өтіп бара жатқан адамдар көмектесетін жағдайлар кездеседі. Жалпы, бағдардың және адамдардың есте сақтау қабілетінің арқасында көптеген адамдар біздерге «осы фотодағы адамға ұқсайтын адамды көрдім» деп қоңырау шалатынын немесе келетінін атап айтқым келеді.
Нан алып келуге шығып, әлдебір жерде есін жиған секілді құпия жоғалулар мен кенеттен пайда болу оқиғаларына келер болсақ, мұндай оқиғалар Атырау полицейлерінің естерінде жоқ екен. Ал егер адамдар өздерінің жоғалғандығы туралы осылайша жұмбақ хикаялар айтар болса, онда әдетте, оларда психикалық ауытқу бар деген сөз.

ЕРТЕ ХАБАРЛАҒАНЫ ЖАҚСЫ

2004 жылдан бері Атырауда танылмаған 66 мүрде жерленген. Оның 10-ын кейіннен туыстары таныған. 

Егер бұрын полицейлер үш күн өткеннен кейін дабыл қағуға кеңес беретін болса, енді егер туыстары жақын адамының жоғалып кеткеніне күдіктенетін болса, бірден хабарласа алады, тіпті жоғалғанына бірер сағат өтсе де. Әсіресе бұл кішкентай балаларға қатысты.
- Бізде секемшіл азаматтар өте көп, олар органдарға аса бір себепсіз-ақ жүгіне береді – телефонмен сөйлесе алмаса да немесе белгіленген жерде кездесе алмаса да, - дейді А.Бағытжанов. – Біз әрбір шағымды қараймыз, егер ол негізсіз болса жақсы ғой. Мұндай істе сақтық жасаған жөн...
Егер сіз туысыңыз жоғалып кетті деп күмәндансаңыз, әрекет ету жолыңыз оп-оңай. Жоғалғандығы туралы арыз жазасыз, ал түсініктемеңізде егжей-тегжей баяндайсыз, қандай киім кигенін, қайда барғысы келгенін, ерекше белгілері мен іздеу үшін маңызды болатын  басқа да детальдарды жазасыз.

Анастасия ПАСТУХОВА


 

26 қаңтар 2015, 19:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.