Атырау, 29 наурыз 14:53
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Рафаэль Слекеновтың «өмірге қайта келуі»

2 910 просмотра

18 қаңтарда «Тенгри-Арт» жеке көрме залында атыраулық суретші Рафаэль Слекеновтың сурет көрмесі өтті.

Рафаэльмен жақын сөйлескенде ол маған үнемі өмірді сүйетін, бақытты адам ретінде көрінеді. Күмілжіген мейірімді көздері, адамға деген ілтипаты, зиялылығы бірін-бірі толықтырып тұрғандай. Оның шағын ғана шеберханасында жағымды ауан мен лимон салған көк шәй қашан да қонақтарын қуана қарсы алады.

Оның суреттеріндегі көптүстілік, мерекелік рең мұны осы әлемді ойлап тапқан емес, сол ғаламда өмір сүретін адам салғандай әсер етеді. Суреттердің атаулары да әр алуан: «Степная рапсодия», «Идиллия», «Первый поцелуй», «Большая рыбалка», «Бауырсақтар», Розовый день», «Счастливое время»…

Рафаэльдің көрмелерінде қашан да адам көп жиналады. Достары, әріптестері, шәкірттері, шетелдіктер, меценаттар, оның шығармашылығын сүйетін қарапайым адамдар... Осы көрмеге келушілердің арасында белгілі атыраулық суретшілер Жоламан Аралбаев, Қамбарбек Аманов, Исім Арыстанов, коллекция жинаушы Мұхит Қасимовтар болды. «Ол суреттерін тек өзіне тән нақышпен, жан дүниесімен салады», - дейді Жоламан АРАЛБАЕВ.

"АЖ" АНЫҚТАМАСЫ:
Рафаэль Слекенов Индер ауданында дүниеге келген, АМУ-дің көркемсурет өнері факультетін бітірген, 1999 жылдан бері Атырау қаласының жас суретшілер бірлестігінің төрағасы, 2001 жылдан бері ҚР Суретшілер одағының мүшесі. 2004 жылы «Тұзды көл жағасындағы үй» кинофильмінде қоюшы суретші болып жұмыс жасаған.

«Иное рождение» деп аталған осы көрмесінде Рафаэль Слекенов 20 суретін көрсетті. Бұл санның да, көрме атауының да өзіндік мән-мағынасы бар. Рафаэль 20 қаңтарда туған, биыл шығармашылығының 20 жылдығын атап өтті. Ал, көрменің атауына арқау болған «өмірге қайта келуінің» де ерекше тарихы бар: өткен жылғы 19 сәуірде ол отбасымен «Алматы-Атырау» пойызымен апатқа ұшырап, ауыр жарақат алады. Апаттан кейін бірнеше айдан соң  қылқаламын қайтадан қолына алып, сол қорқынышты күндерде санасында сақталып қалған әсерлерін бейнеледі. Осы бейнелер «Дірілдер» суретінде көрініс тапқан. Алайда мұнда да күңгірт, ауыр түстер жоқ, керісінше, өмірге қайта оралғанына деген қуаныш пен болашаққа деген үміт бар.

Рафаэль Слекеновтың туындылары Атырау, Ақтау, Астанада, музей қорларында сақталып, Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайынан, Англия, АҚШ, Голландия, Италия елдерінің жеке коллекцияларынан орын алғанын атап өткен жөн. Айтпақшы, бұл күндері оның көрмесі Канаданың Атлантис қаласында да жүріп жатыр.

Көрме ақпанның аяғына дейін созылады. Рафаэльдің өзі айтқандай, бұл әріптестермен, көрермендермен жүздесуге, жаңа тақырыптар мен жаңа шабыт іздеуге мүмкіндік береді.

Зинат ОРЫНБАСАРОВА

Суреттерді түсірген автор   

22 қаңтар 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.