Атырау, 25 сәуір 21:43
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Судың да сұрауы бар

6 979 просмотра

Бүгінде елімізде халықты ауыз сумен қамтуға арналған екі мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. «Ауыз су» бағдарламасы 2001 жылы қабылданса, «Ақ бұлақ» бағдарламасы 2010 жылы қабылданған болатын. Алайда, жүзеге асыруға келгенде мемлекет қазынасынан қыруар қаржы бөлінген қос бағдарлама да үнемі сынға ұшырап отырды, ал, шалғайдағы ауыл халқы үшін ауыз су арман болып қала берді. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысты бүгінгі жағдай қалай?

АҚША ДА ЖОҚ, СУ ДА ЖОҚ

2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 195 млрд теңге жұмсалған. Билік басындағылар «Ауыз су» бағдарламасының нәтижесінде ауылдық жердегі халықтың орталықтандырылған сумен қамту жүйелеріне қолжетімділігі 41 пайызға, ал қалалықтардың қолжетімдігі 72 пайызға артып, суды тасып ішетіндердің саны 4 есеге төмендеді деп мәлімдеме жасады. Ал, Атырау облысында бұл бағдарлама қалай жүзеге асты? Бізде үкіметке ауылдарға ауыз су келіп тұр деген жалған мәліметтер берілген сыңайлы, себебі, ауыл халқына су жеткен жоқ, ал жүргізілген коммуникациялар жарамсыз күйге түскен. Халық «көмегі жоқ көк үйлер» деп атап кеткен ауылдардағы су тазарту қондырғыларының ғимараттары ескерткіш секілді тұр, оларды кезінде дұрыс салмағандықтан ақыры іске қоспады. Олардан су ауылдарға тек су таситын көлік арқылы жеткізіледі. Бұл нысандар ауылдық округ әкімдіктерінің балансында. Мәселен, Елтай оругінің балансындағы су құбыры мен су тазарту қондырғысы 74 млн теңгені құрайды. Соның 29 млн теңгеге бағаланған құбыры мүлдем жарамсыз. Ауыл әкімдерінің бұл нысандардан құтылудың жолын таппай бастары қатуда. Жыл сайын амортизациялық құнын шегергеннің өзінде есептен шығару үшін бақандай50 жыл керек. Алғашқы бағдарламаның «жемісі» осындай. 

 

«АҚ БҰЛАҚ» ЖАРЫЛҚАП ЖАТЫР МА?

«Ақ бұлақ» бағдарламасы екі кезеңнен: біріншісі 2011-2015 жж., екіншісі 2016-2020 жж.-дан тұрды. Бірінші кезең биыл аяқталуы тиіс. Алайда, мердігер «СнабОйлСтрой» ЖШС сенімді ақтамады.

ЖЫЛЫОЙ ауданы бойынша Тұрғызба, Шоқпартоғай, Ақкиізтоғай және Майкөмгенде ауылішілік су желілері мен су тазарту қондырғыларының құрылысын жүргізу жұмыстары 2012 жылдың сәуірінде қолға алынған болатын. Алайда, сол жылдың қазанында бюджеттен қаржыландырудың қысқарып қалуына байланысты жұмыс тоқтап қалды. Тек 2014 жылдан бастап жұмыстар қайтадан жанданды. Ақкиізтоғайға 2012 жылы 7,5 шақырым су желісі жүргізіліп, 43 дана құдық орнатылды. 2014 жылы 2 таза су резервуары мен бір су айдау станциясының құрылысы толық бітті. Майкөмген мен Шоқпартоғайда ауылішілік су құбыры жүргізіліп, су айдау станциясы да дайын тұр. Бірақ нысанды пайдалануға беруге мемлекеттік қабылдау жүргізілген жоқ. Ауыл әкімдері оның себебін қыс айында сынақ жүргізу мүмкін емес деп түсіндірді. Жоспар бойынша бұл ауылдар осы жылы таза су ішіп отыруы керек еді, бірақ су құбырларында ақаулық көп әрі құдықтардың біразы жарамсызданған. Ауыл тұрғындары су таситын көлік арқылы 3 тонна суды 1 700 теңгеге құдықтарына құйғызып алумен шектелуде. Ал, әкімдіктің ақпараты бойынша Тұрғызба ауылында бағдарлама 65 пайызға орындалған, жұмысосыжылы толық бітеді деп жоспарлануда.  

МАҚАТ ауданындағы Доссор кентінде 30 шақырым су құбырын «МұнайҚұрылысСервис ЛТД» ЖШС, ал, қалған73 шақырым жалғасын «АқЖайСервис» ЖШС жүргізген. Алайда 2011-2012 жылдары жасақталған жобалау-сметалық құжаттамаға 150 тұрғын үй енгізілмей қалған. Аталған тұрғын үйлерге шамамен 15 шақырым су құбырын тарту қажет. Ал, қосымша жобалау-сметалық құжаттама жасақтау үшін облыстан 7 млн теңге қаражат сұратылуда.

ИСАТАЙ ауданы Аққыстау селосындағы су тазарту қондырғыларының ғимараттарын қайта салуға және ауылішілік су желісі құрылысы жұмыстарына787 млн 280 мың теңге бөлініп, 39,6 шақырым су құбыры желісі жүргізілді, 2 500 текше метр су тазарту қондырғысы, 3 таза су резервуары және т.б. нысандар құрылысы атқарылған. 508 тұрғын үй ауыз сумен қамтамасыз етілген. Мердігер «АстанаТехҚұрылыс-2007» ЖШС бұл жұмыстарды екі жылда аяқтап отыр. Сондай-ақ, Томан елді мекеніндегі 22, Исатайдағы46, Зинедендегі 146, Жанбайдағы 542, «Өркен» елді мекеніндегі 97, Нарындағы 46 үй жаңа су құбыры желісіне қосылған. «Ақ бұлақ» бағдарламасы жүзеге асқан ауылдардағы су құбыры желілері мен су тазарту қондырғылары ауыл округтері әкімдіктерінің  балансына берілген. Бүгінде бұл нысандарды тендер жеңімпаздарына  сенімгерлік басқаруға беру жұмыстары жүруде.

МАХАМБЕТ ауданында «Ауыз су» бағдарламасы аясында тартылған су құбырлары бойымен су жүргізу өз жемісін бермей, кейін «Ақ бұлақ» бағдарламасымен басталған жұмыс үш жылға созылған. Бүгінде Сарайшық, Есбол, Ақжайық, Бейбарыс, Талдыкөл, Махамбет, Ескі Сарайшық, Аққайың, Еңбекшіл ауылдары орталықтандырылған су жүйелеріне қосылған. Ал, Ақтоғай, Сарытоғай, Алмалы, Жалғансай, Ортақшыл, Алға, Таңдай ауылдары осы жылы ауыз сумен түгел қамтылады деп жоспарлануда. Аудандағы болашағы жоқ деп есептелген алты елді мекенді қоспағанда, аудан халқының 98 пайызы орталықтандырылған су жүйелеріне қосылған.

Құрылыс нысандарына республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы жыл сайын азайып келеді. Сол себепті ауыз сумен қамтылды деп есептелген Бейбарыс ауылындағы 17, Сарайшықтағы 20 шақты, Махамбеттегі 122 үйге су құбырын тарту сметаға енгізілмей қалған. Ал, бұл жұмыстарды атқаруға бюджеттен 420 млн теңге бөлінуі керек екен. 

ҚҰРМАНҒАЗЫ ауданындағы Балқұдық, Азғыр, Қоңыртерек ауылдарын сумен қамтитын бірінші кезеңдегі Қоянды топтық су құбырын тарту жұмыстары 2006 жылы бітуі керек еді. Бірақ мемлекет қаржысы талан-таражға салынып, ақша ұрланды, ал, әрі қарай бәрі мердігер мекеме «РАСК» ЖШС директорының қашып кетуімен тынды.

Кейінгі жылдары қосымша қаржы бөлініп, Қоянды топтық су құбырының бірінші кезеңі бойынша су құбыры желісі Балқұдық, Азғыр, Қоңыртерек ауылдарына және екінші кезеңі бойынша Жалғызапан, Егінқұдық, Сүйіндік, Батырбек ауылдарына жүргізілген. Енді үйлерге су тарту жүргізілмек, әзірге ауыл тұрғындары ауыз суды су таситын көлік арқылы ішіп отыр. Ал, Асан, Үштаған ауылдарына су құбыры желісін тарту биыл жалғаспақшы.

Аудандағы9 нысан ағымдағы жылдар ішінде пайдаланылуға берілді. Бұлар - ММС, Жаңаауыл, Приморье елдімекендеріндегі су тазарту қондырғылары, Ганюшкин, Дәшін, Нұржау, Орлы, Иманов ауылдарындағы ауылішілік су құбырлары, Ганюшкиндегі су жүйесі мен бірінші көтеру сорғы станциясы. Бұдан бөлек, Д. Нұрпейісова бекетіндегі, Кадырка, Ганюшкин, Жұмекен, Афанасьев, Шортанбай, Шестой, Каспий, Шағырлы, Жасарал, Күйген ауылдары мен елді мекендеріндегі су тазарту қондырғыларын реконструкциялау, су желілерін тарту жұмыстары бітіп тұр.  

ҚЫЗЫЛҚОҒА ауданында «Ақ бұлақ» бағдарламасы негізінде республикалық бюджеттен 504 млн, облыстық бюджеттен 462 млн  теңге бөлініп, 14 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілген. Күні бүгінге дейін11 нысан мемлекеттік қабылдаудан өткен. Аудан халқының 91,6 пайызы таза суды жеке есептегіш арқылы тұтынып отыр. Бағдарламаның екінші кезеңі негізінде ауданды толық қамту үшін 219,7 шақырым су құбырының құрылысы жалғаспақшы. Аққора, Бүйрек, Қосқұлақ, Қоғам, Қоныстану, Айдын, Қоңыраулы, Кенбай, Тасқұдық, Былқылдақ, Соркөл, Сарқұмық елді мекендері таза суға қол жеткізеді деген есеп жасалған.

ИНДЕР ауданында 1 млрд 787 мың теңгенің қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде Жарсуат, Бөдене, Елтай, Өрлік, Көктоғай ауылдары орталықтандырылған су жүйесіне қосылып, таза суға қол жеткізді. Аталмыш нысандар ауылдық округтердің балансына берілген. Су тарифі әлі бекітілген жоқ. Дегенмен, ауданда бірнеше үйге су жүйесі кіргізілмеген. Есбол ауылындағы үйлерді су құбырына қосу үшін 400 млн-нан астам қаржы бөлінген болатын, 832 тұрғын үйдің 350-і су құбырына қосылған, қалғандарын жазға қарай қосу жоспарланып отыр. Тұрғындардың айтуынша, құдықтар жарамсыз болып, қақпақтары ұрланып кеткен. Бұл жұмыстарды «СнабОйлСтрой» ЖШС жүргізген болатын. Енді аудан әкімдігі құдықтардың жұмысын қалпына келтіру үшін қосымша қаржы іздестіруде. 

Бұдан бес жыл бұрын поселкеішілік су құбыры жүргізілген Ынтымақ, Аққала, Құрылыс елді мекендеріндегі су тазарту қондырғыларының құрылысы қаржының жетіспеушілігінен тоқтап тұр. Жұмысты аяқтау үшін 500 млн теңге қажет.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

22 қаңтар 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.