Атырау, 20 сәуір 01:05
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

“Әрине, біз сотқа береміз”

2 182 просмотра

№41 Алматы-Атырау жолаушылар пойызында 39 атыраулық баланың уланған фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Біз телефон арқылы хабарласқан Қызылорда көлік прокуратурасының көлік прокуроры Абай ЕРКЕБАЛАНОВТЫҢ айтуынша, қылмыстық іс 5 тамызда ҚР ҚК 267-бабы, 1-тарауында («Адамдардың жаппай улануына әкеп соққан санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді бұзу») қарастырылған қылмыс белгілері бойынша қозғалған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қызылорда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы «Сағынаев» ЖК жалға алып отырған вагон-мейрамханада ыстық судың жоқтығы, ет тағамдарына сертификаттарының болмауы, сондай-ақ, тоңазытқыш құрал-жабдықтарының ақаулығы секілді заң бұзушылықтарды анықтаған болатын. Сараптама шикі еттен және мейрамхана аспазының қолынан алынған шаймадан Е.Coli ішек таяқшасын және  балалардың жаппай улануына басты себепші болған “протеус вульгарис” микробын анықтады.

Дәл осы Е.Coliішек инфекциясы көктемде Германияда болған індеттің тарауына себеп болғанын еске салайын. Германиядан соң артынша барша Еуропада бұл бірнеше ондаған адамның өміріне балта шапты.

Бақытымызға қарай, біздің балаларымыз аман-сау қалды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Дина КАМЕЛОВА Атырауға оралғаннан кейін ол балалардың бірде-біреуінен шағым түспегендігін айтты.

Өз кезегінде Алматы облысының балалар сауықтыру лагерімен қамтамасыз етуші «Камал тур» туристік компаниясының бас директоры Алира НАҒМЕТЖАНОВА «Сағынаев» ЖК-мен соттасуды көздеп отыр.

«Әрине, біз сотқа береміз, өйткені, балалар зардап шекті. Қылмыстық істің қозғалғандығы туралы көлік прокуратурасы бізге хабарлаған жоқ. Оларға хабарласқанымызда, материалдарды жинақтап жатырмыз деген болатын. Тартылған еттегі ішек таяқшасының табылғандығына қатысты кінәсін «Сағынаев» ЖК өкілдері жоққа шығарып отыр. Олар СЭС қызметкерлері тартылған етті алып кеткеннен соң оны 1,5 сағат тоңазытқышқа салмастан пойызда алып келді деп сендіреді. Қазір олар тартылған етті зертханаға қабылдау уақытын СЭС-ның ресми дәлелдеуіне қол жеткізбекші.

- Зардап шеккен балалардың ата-аналары сіздерге хабарласты ма?

- Ата-аналар хабарласқан жоқ. Бізге балаларды демалуға жіберген мекеменің өкілі хабарласып, сотқа беруімізді сұрады. Біз сотқа көлік прокуратурасы қылмыстық іс қозғағандығы туралы ресми түрде хабарлағаннан соң беретін боламыз. Алайда, мен үшін ең бастысы - балалардың амандығы, ал, қалғандары менің ойымша шешімі табылатын мәселелер.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

18 тамыз 2011, 17:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.