Атырау, 29 наурыз 17:41
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Тілеген аға әділдіктен түңілді

2 487 просмотра

Сегіз ай жалақысыз, он төрт ай зейнетақы жараналарынсыз және он алты ай сот шешімінің орындалуын күткен зейнеткер Тілеген ЖАНГЕРЕЕВТІҢ соңғы бір жарым жыл өмірінің жеке шежіресі осылай өріледі.

2009 жылдың мамыр айында ол жолы болып, «Мақаткөлік базасы» КМК-на инженер болып жұмысқа орналасады. «Жолы болды» деген сөзді тырнақшаға алудың мәнін ол кейінірек 2010 жылдың қазан айында сырқаттанып, еңбекке жарамсыз күндерін алған кезде кәсіпорын өз қызметкерімен арадағы еңбек шартын  бұзғанда түсінген еді. Бірде-бір жұмыс күнін төлеместен, зейнетақы қорына жарналарды аудармастан, тіпті, жұмыстан шығару жөніндегі хабарламаны жіберген күнінен бастап тиісті мерзімін күтпестен жұмыстан шығарып тастаған.

- Мен Мақат аудандық сотына талап арыз бердім, -дейді Жангереев. Сот «Мақаткөлік базасы» КМК-ның Жангереевпен арадағы  еңбек шартын бұзғандығы туралы бұйрығын заңсыз деп тануды, оны қайта жұмысқа алу, мәжбүрлі түрде жұмыстан қалған күндері үшін жалақы төлеу және моральдық залалды өтеу жөніндегі азаматтық талап арызды қабылдады. Талап арыз барлық тармақтары бойынша қанағаттанарлық болды. Сот «Мақаткөлік» КМК-нан Тілеген Жангереевтің пайдасына еңбекақы бойынша жарты миллион теңге, міндетті зейнеткерлік жарналары үшін 53,4 мың теңге және моральдық залал үшін 5000 теңге өндіріп алу жөнінде шешім шығарды. Алғашқы үш айдың еңбекақысын (ол 230 мың теңгеден асады) кідіртпей төлеуді талап етті.

«Кідіртпей» деген сөз біз үшін, яғни, қарапайым адамдар үшін нені білдіреді? Демек, бұл жедел, шұғыл деген сөз. Алайда, сот орындаушыларында бұл сөздің мағынасы басқаша қолданылады, өйткені, олар әлі күнге дейін сот шешімінің бірде-бір тармағын орындаған жоқ. Неге? Осы сауалды мен облыстық прокуратураға жолдадым.

 

«ОРЫНДАУШЫЛАРЖАУАПКЕРШІЛІККЕТАРТЫЛУЫ ТИІС»

Атырау облыстық прокурорының орынбасары Марат ТӨЛЕУБАЕВ түсінік береді.

«Мақат аудандық сотының шешімімен Т.Жангереевтің пайдасына 521 121 теңге көлеміндегі еңбекақыны және 5000 теңге моральдық залалды өндіріп беруге тиісті еді. Сонымен қатар, сот жауапкерге 53 442 теңге көлеміндегі міндетті зейнеткерлік жарналарын аударуды міндетіне алған.

Сот орындаушысының борышкердің мүлкін анықтау үшін тіркеу органына 26.01.11 жылы сұранысы жіберілгендігі анықталды. Олардың мәліметтеріне сәйкес, борышкердің атына қандай да бір мүліктер тіркелмеген және кәсіпорын таратылу алдында екен. ҚР «Сот орындаушылардың мәртебесі  және атқару өндірісі туралы» заңның 42-бабы, 2-тармағына сәйкес, орындау өндірісі борышкер болып табылатын заңды тұлғалар қайта құру жағдайында тоқтатылуға жатады немесе өндірістің банкроттығы жөнінде заңды тәртіп бойынша белгіленген шешімі қабылдануы керек.

Атырау облысының мамандандырылған экономикалық сотының 1.07.2011 жылғы шешімімен «Мақаткөлік базасы» КМК банкрот болып танылды. Осыған байланысты көрсетілген атқару өндірісін сот орындаушысы 1.08.11 жылы тоқтатты.

Бұдан басқа, ҚР аталмыш заңының 50-бабына сәйкес, атқару құжатын борышкер-заңды тұлғаны тарату комиссиясындағы конкурстық басқарушыға жолдау жөніндегі мәселелер сот орындаушылары арқылы қаралуда. Бұл туралы сот орындаушысы қаулы шығарады және ол аумақтық бөлім басшысының бекітілуіне жатады. Сот орындаушысының бұл қаулысы сотқа қайта қарауға жолдануы мүмкін. 

Тексеру барысында сот орындаушыларының орындау құжатын борышкер-заңды тұлғаны тарату комиссиясына жіберу үшін тиісті шаралар алынбағандығы анықталды.

ҚР «Прокуратура туралы» заңының 25-бабында қарастырылған тәртіп барысында  анықталған заң бұзушылықтар бойынша  облыс прокуратурасы Сот актілерінің орындалуы жөніндегі департаментке заң бұзушылықтарды жою және кінәлі сот орындаушыларды тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде ұйғарым шығарылды.

Бұл оқиғаның бір жарым жылдан бері сағызша созылуы, әлдебір сот орындаушысының құжаттарды мерзімінде жібермеуінің салдарынан орын алып отыр. Ондай сот орындаушыларын қайда жіберуге болады?

Прокурор цитатасында кел-тірілген: «заң бұзушылықтарды жою және кінәлі сот орындаушыларды тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде ұйғарым шығарылды» делінген жолдардан үміт күтуге болады. Әрекетке баратын бағыт бар және Тілеген аға ақыры өзінің маңдай терімен тапқан ақысын қолына алатын болады.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

18 тамыз 2011, 17:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.