Атырау, 29 наурыз 15:29
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Мұғалімдер “қартайып” барады

2 258 просмотра

Сәрсенбі күні облыстық әкімдікте республикалық «Дипломмен ауылға» бағдарламасының біздің облысымызда қалай жүзеге асып жатқандығы талқыланды.

Біздің аймақта, әсіресе, селолық жерлерде кадрлардың жетіспеушілігі әлі күнге дейін жалғасып келеді. Дәрігерлер мен мұғалімдер, мәдениет және спорт саласының мамандары жетіспейді. Ал, оларды селоға тартудың бірден-бір жолы - тұрғын үймен қамтамасыз ету.  Тұрғын үйді сатып алуға бөлініп отырған мемлекет қаржысының жеткілікті емес екендігі анықталды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Бауыржан ОРЫНҒАЛИЕВТІҢ айтуынша, өткен жылы жас маманға «көшерақы» 98 910 теңге (70 АЕК) көлемінде және тұрғын үй сатып алу үшін несие жылдық 0,01% 15 жылға 890 190 теңге (630 АЕК) мөлшерінде бөлінді. Мұндай ақшаға тұрғын үй сатып алу мүмкін емес, осыған байланысты әкімдік ауылшаруашылығы министрлігіне жеңілдік несиенің жоғарғы шегін көтеру туралы ұсыныс жолдады. Жоғарыдағылар оған құлақ асып, осы жылдың шілде айынан бастап-ақ, несие мөлшері 2,2 млн. теңгеге, ал, «көшерақы» – 106 мың теңгеге дейін өсті.

Орынғалиев өткен жылы селоға жолдамамен жіберілген 98 жас маманның 40-ы Құрманғазы ауданында, 13-і Махамбет ауданында жұмыс істеп жатқандығын хабарлады. Ал, қалған кадрлардың қайда кеткендігі туралы ол ештеңе айтпады, тек шектеулі лимиттің салдарынан тұрғын үй ала алмаған 26 жас маманға жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөлінетіндігін ғана қосып қойды. Биылғы жылы селолық жерге жолдаманы 167 маман алды (116 – педагогтар, 48 дәрігер, 2 спортшы және 1 әлеуметтік қызметкер). Олардың 145-і «көшерақы» алған.

Дәрігерлер мен мұғалімдерге қатысты жеке әңгіме қозғалды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВ биылғы жылы облысымызға 61 дәрігер келгенін хабарлады. Олардың басым көпшілігі Батыс-Қазақстан медициналық университетінен келгендер, оның ішінде, педиатрлар, акушер-гинекологтар, анестизиолог-реаниматологтар, терапевт-дәрігерлер, хирургтер бар. Олардың 45-і жұмыстарына кірісіп кетті. 

Мұғалімдерге келетін болсақ, облыста орыс тілі мен әдебиетінің, математика, физика, химия, биология, дене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық, сондай-ақ, орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері жетіспейді. Қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілінің мұғалімдері аз. Облыстық білім беру басқармасы өкілдерінің айтуынша, қазір бұл пәндерден біздің мектептерімізде зейнеткерлікке шыққан ұстаздар немесе зейнеткерлікке таяп қалғандар оқытуда. Облыс бойынша үстіміздегі оқу жылында бізге 101 педагог-мамандар қажет.

Жастар жалақыны төмен төлейтін және «жүйкені жұқартатын мамандыққа» оқығылары келмейді. Бұрынғысынша, заңгерлік және экономикалық мамандықтарға ұмтылады. Бұдан басқа, Х.Досмұхамбетов атындағы АМУ өкілдерінің сөзінен белгілі болғандай, педагогикалық мамандықтарға гранттар саны шектеулі. Және оны бітірген түлектердің мектепке баратындығына кепілдік те жоқ. 

- Өткен жылы біз ТШО компаниясымен бірлесе отырып, Болашақ кеңейту жобасын жүзеге асыру барысында қажет болатын кадрларға болжам жасаған болатынбыз. Сол кезде біз бізге әрбір кезеңде, әрбір жылда қандай мамандық иелері, қанша қызметкер қажет болатындығын анықтаған едік. Бұл жағдайда қажетті кадрлар дәл бүгінгі күні дайын болып тұруы тиіс,-деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Болат ДАУКЕНОВ. – Мұндай болжам бұл жерде де керек, әйтпесе, жағдай жыл сайын ушыға беретін болады.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

18 тамыз 2011, 16:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.