Атырау, 25 сәуір 02:37
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

«Туған жер өзің дегенде...»

4 279 просмотра

Н. Жантөрин атындағы облыстық филармонияда этно-мәдени орталықтар өкілдері арасында «Мемлекеттік тілді білу - парызың» тақырыбында облыстық фестиваль өтті.

Шараны жазушы Жеңіс АРОНОВТЫҢ жетекшілігімен «Аяз би» ауыл мәдениетін қолдау қоры ұйымдастырды. Фестивальді «Татулық» татар-башқұрт этно-мәдени орталығының осы аттас ансамблі ашты. Олар қазақтың халық әні «Жайдарманды» және Ш. Қалдаяқовтың «Ана» әнін қазақ және башқұрт тілдерінде шырқады.

Корейлік «Тхоньил» ЭМО-ның «Саранг» хоры қазақ тілінде «Аппақ гүлдер» және «Сағындым Алматымды» әндерін орындады. Ал, «Иверия» грузин этно-мәдени орталығының балалар вокал-дық ансамблі «Қазақ жері осындай» әнін шабыттана шырқады. Ал, Ани Цатынян (суретте) Сейдолла Бәйтерековтың әні «Әлияны» әуелетіп, залдың қошеметіне ие болды. Украиндық «Довира» ЭМО-дан келген Павел Салынин (суретте) Абайдың «Көзімнің қарасын» орындады. Бәкір Тәжібаевтың «Туған жер» әнін орындаған «Былина» орыс ЭМО әншісі Сергей Леснюк халықтың ыстық ықыласына бөленді.

Ұйғыр этно-мәдени орталығының өкілі 8 жасар Гүлдария Нодярова Дихан Әбіловтің «Туған елім» өлеңін нақышына келтіріп мәнерлеп оқыды. 

Ал, АМУ студенті Жан Мұрадова Сәуле Шәтенованың «Ана тілім» өлеңін оқып, көрермендерді бір сілкінтіп тастады.

- Фестиваль өте керемет өтті, - деп әсерлерімен бөлісті Жан Мұрадова. – Мен түрік қызымын, алайда қазақ мәдениетін, әсіресе, поэзиясын өте жақсы көремін және осындай фестивальдар жиі өткізіліп тұрса деймін.

Жан ана тілінен басқа қазақ, орыс, әзірбайжан және ағылшын тілдерін еркін меңгерген екен.

Фестиваль жеңімпаз анықта-мастан, тек бір тур бойынша өткізілді. Шара соңында қазылар алқасы мүшелері қатысушыларға мемлекеттік тілді жақсы білетіндіктері үшін алғыс айтты, үлкен сахналарда жетістікке жете берулерін тіледі. Барлық қатысушылар дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Зинат ОРЫНБАСАРОВА

Суретті түсірген автор

4 желтоқсан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.