Атырау, 19 сәуір 16:35
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Соңғы бекіре ауланғанда...

4 442 просмотра

"Соңғы бекіре ұсталғанда жерде тіршілік те өледі! " деп қайталауды жақсы көреді белгілі журналист, астрахандық менің жерлесім Шалахметов Ғаділбек Минажұлы. Бір жағынан оныкі де дұрыс: Жер тарихы бізге осындай көне тіршілік иесін, мамонттың замандасын сыйлап отыр, ал біз, қазақтар, барлық төрт Каспий маңы елдері алдында тек бізде ғана бекіре тұқымдас балықтар Жайыққа еш кедергісіз өтеді деп мақтанып жатамыз. Олай болса, осы тағдыр сыйын сақтап қалайық! – деді әншейінде сыпайы, өте зиялы, ұстамды Вера ЖАМАЛОВА (суретте) үстінде даусын көтеріп. Ол өзі «жыртқыш аулау» деп атайтын осы тақырыпқа келгенде үнемі сезімге беріледі.

 

«КАРАНДАШТЫ» ОҢАЙ САТЫП АЛУҒА БОЛАДЫ

Даусын көтере сөйлеген сайын кешірім сұрайды, алайда ол Атырауға жылына бір келгенде көргендері туралы ашынбай айта алмайтын сияқты. Ихтиолог-балық өсіруші Жамалова (өзі «балық саласының ардагері» деген атауды қолданғанды қалайды) біраз уақыттан бері зейнеткерлікте, алайда, ауру қалса да, әдет қалмайды дегендей, балық базарына бір барып қайтпаса, отыра алмайды, ал жергілікті туыстарымен, таныстарымен әңгімесінде сол бекірелердің тағдырынан бір шыққан емес.

- Жаным ауырады, - дейді ол жүрегін ұстап. – Базарларда бекіре тұқымдас балық ашық сатылып жатыр: ысталғаны керек пе, балғыны керек пе, кесек-кесек болып жатыр. Жас балық екені көрініп-ақ тұр. Сіздерде бұлар қалай аталушы еді, «карандаш» па? Балық сатып алғың келе ме, еш қиындығы жоқ. Аулаға машинамен келіп, басымен 1000 теңгеден, бассыз, сәл үлкендерін 1500 теңгеден береді. Яғни, жыртқыш варварлық аулау жүріп жатыр. Мұндай «молшылық» және қолжетімдікті көргенде жағамды ұстаймын.

- Мұның несіне таңданасыз? – деймін Вера Жақсанқызына мысқылдап. Мұндай «карандаштар» Атыраудың заңсыз болғанымен көп жасырылмайтын қара базарында толып жатқаны үйреншікті жағдай екенін мойындаймын.

- Рас па? Мен мұны білген жоқпын. Бұл масқара ғой. Мені бәрінен бұрын жергілікті халықтың философиясы дейміз бе, сол қатты таңғалдырады. Барлығы бұл туралы айта береді, қай жерден қалай алуға болатыны туралы да кеңес береді. Бұл сендердің жерлерің емес пе немесе балаларыңыз бен немерелеріңіз осы жерде тұрмай ма? Жергілікті халықтың осы немқұрайлығы мені таңғалдырады.

 

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ, КЕҢЕСШІ, САРАПШЫ

Астрахан рыбвтузының (Мемлекеттік Балық шаруашылығы техникалық университеті) түлегі Жамалова өзінің бар еңбек ғұмырында бекіре тұқымдас балықтарды аулау және өсіру мәселелерімен айналысатын түрлі ведомстволар мен институттарда жұмыс жасады.

- Сіз Алматыда, содан кейін Астанада жұмыс жасадыңыз, қашан да кабинеттерде, министрлердің қасында еңбек еттіңіз, сіз шенеуніксіз ғой.

- Иә, мен өмір бойы мемлекеттік қызметші болдым.

- Кешіріңіз, тірі бекіре көрдіңіз бе? Тартым басында жұмыс жасадыңыз ба, қолыңызбен ұстадыңыз ба?

- Өмір бойы қолыммен ұстап келемін, - деп күледі Вера Жақсанқызы. – Көптеген жылдар бойы сарапшы ретінде Каспий теңізінің биоресурстары бойынша комиссияға қатыстым. Осы Каспий маңы мемлекеттерінің бес тараптық комиссиясы Каспийдің бекіре ресурстарын анықтап, оларды аулау лимиттерін бөлумен айналысты. Төрағалық етуші тарап екі жыл сайын ауысып отырды. Теңізді айнала орналасқан елдер сағат тілі бағытымен – Қазақстан, Түркімения, Иран, Әзірбайжан, Ресей – кезекпен жетекшілік етті.

 

«ҚОЛТЫҚТАН БАЛЫҚ АУЛАУҒА РҰҚСАТ ЕТУГЕ БОЛМАЙДЫ»

- Балықшылар қазір өзенде балық, тіпті, сыла да мүлдем жоқ екенін айтады. Ал, жас бекіре балықтар жергілікті базарларға қайдан келіп жатыр? Оларды қайдан аулайды деп көп ойландым. Түсіндім де. Жас бекіре балықтарын жыртқыш түрде аулау қолтықтан қара балық аулауға рұқсат алу арқылы жүзеге асады екен. Қара базарды өніммен солар, қара балық аулауға лицензиялары барлар, сондай-ақ, әрине, браконьерлер қамтамасыз етіп отырған шығар. Барлығын да қолтықтан әкеледі. Яғни, балық уылдырық шашпайды деп те айтуға болады. Бұл үшін өзеннің жоғары жағына көтерілуі керек, ал оларға ондай мүмкіндік бермейді. Барлық балық қолтықтан ауланады.

- Яғни, балық аулау кооперативтеріне балық аулау үшін басқа жерлер берілуі керек пе?

-Әрине. Қолтық дегеніміз – теңізден өзенге кіретін «қақпа». Теңізден Жайыққа қарай ағылған бар балық осы жерден өтеді және ауға түседі. Сол жерлерде ау құралы көп жатыр - ресми балықшылардың ба, әлде браконьерлердің бе, оны білмеймін. Дегенмен, олар бір-бірінен қалыспайтын болар. Қолтықтан балық аулау – тез табыс табу және квотаны жеңіл жүзеге асырудың көзі.

Жеке пікірімді айтсам, қолтық кеңістігі теңізден балық аулау аумағынан мүлдем алынып тасталуы тиіс. Ал, соңғы нормативтік құжаттар қолтық кеңістігінен балық аулауға тыйым сала алмайды. Мүмкін сол құжаттарды дайындағанда біреу арамза пиғылын жүзеге асырғысы келді ме, әлде байқамай қалды ма, білмеймін, алайда, оған өте маңызды қорғау мәселелері енгізілмей қалған. Бұрын, кеңес үкіметі кезінде, теңізден балық аулауға тыйым салынды, ал, қолтық теңіз кеңістігіне кіретіндіктен, автоматты түрде сол жерден балық аулауға тыйым салынды. Бекіре тұқымдастарды тек өзеннен аулады, теңіздің жағалау аймағынан тек қара балық аулауға рұқсат етілді. Жайық өзенінің сағасы - қорықтық аймақ. Қазір үкіметтің қаулысымен қолтық кеңістігі мен сағалық су қоймаларынан қара балық аулауға рұқсат беріліп жатыр. Сонымен қатар, бекіре тұқымдастардың саны күрт азайды.

- Балық кооперативтерін қолтықтан қусақ, балық өсімі қалпына келе ме сонда?

- Өкінішке орай, бұл - балықтың азаюының жалғыз себебі емес. Менің пікірімше, бұған үш себеп бар: өндірушілердің саны қысқарды; тірі қалғандарын өзенге кіре берісте жыртқышша аулайды, тіпті, балықтың көлемі мен жасына қарап жатқан адам жоқ; үшіншіден, өзенге кірер жердегі су деңгейі өте таяз, ірі балықтар кіре алмайды – ондаған жыл бойы мелиорация жұмыстары жүрген жоқ. Тазалау үшін әр жыл сайын бірдеңе бөледі, бұл - асфальттың тесігін бітегендей болмашы жұмыс. Тартымдарды иелерінің өзі тазалайды. Бұл да өз кемелері өту үшін, балық уылдырық шашуға кіру үшін ғана жасалады. Алайда, мәселе бұлай шешілмейді, ол мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс. Күрделі мелиорация жұмыстары қажет. Ол жерлерге көп жылдан бері лай тұнбасы мен қоқыс жиналып, бітеліп жатыр. Осыған байланысты балық өзенге кіре алмай, су асты кедергілерден өтемін деп сағада тұрып қалады, ал осы кезде оларды аулап алады. Осының салдарынан тұйық шеңбер туындайды: балық аз болса, табыс та аз, табыс жоқ болса, тиімсіз – мемлекет өзен түбін тазалауға ақша шығарғысы келмейді, бір жіберіп алсаң, бітті...

«МОРАТОРИЙДЕН ЕШҚАНДАЙ ПАЙДА ЖОҚ»
Вера Жақсанқызының министрліктен кеткеніне көп уақыт болғанын, Атырауға да сирек келетінін ескеріп, атыраулықтарға даулы көрінетін кейбір пікірлеріне түсінік беру үшін атыраулық сарапшы «ҚазБШҒЗИ» ЖШС Атырау филиалы директорының орынбасары, биологиялық ғылымдардың докторы Юлия КИМГЕ (суретте) жолықтық.
- Бұл - өте өзекті де шынайы сырттан айтылған пікір. Мен басты назарды сағалық кеңістікте балық аулауға аударар едім: қазір теңізде немесе өзенде балық аулау деген түсінік жоқ. Өзенде балық аулау балық популяциясының уылдырық шашу бөліміне, теңізде балық аулау жайылма бөлігіне негізделуі керек. Алайда, теңіз флотының жоқтығына байланысты бізде барлық балық аулау өзеннің сағалық кеңістігіне шоғырланған. Ал бұл жерлерге уылдырық шашатын балықтар өзенге кірмес бұрын жиналады. Осылайша, 2007 жылдан бері популяцияның уылдырық шашу бөлімі балық аулаудан қос зиян шегіп отыр: балыққа өзенге кіруге мүмкіндік бермейді, табиғи өсімнің көлемі күрт азайды. Егер мұндай жағдай қайталана берсе, біз балық қорын қайта оңалмастай бүлдіреміз. Сондықтан да, менің пікірімше, мұндай «теңізден» балық аулауды жабу керек, оны толыққанды теңіз флотына ие болғаннан кейін ғана кері жандандыру керек.
Қолданыстағы мораторий қағаз жүзіндегі дүние деп ойлаймын. Кез келген мораторий қорғауға, мониторинг жүргізуге, балық санын қалпына келтіруге бағытталған қандайма іс-шаралар өткізуге қомақты қаржы салуды талап етеді. Бізде бекіре тұқымдастарына мораторий жариялады, сонымен болды. Мен бұл үшін браконьерлер алғыс айтып жатқанына сенімдімін, өйткеніе өнеркәсіптік балық аулау сияқты бәсекелесі қазір жоқ. Мұндай мораторийден ешқандай пайда жоқ. Билігі барлардың браконьерліктің жолын кесуге деген ниеттері болса ғой, алайда ешкім мұны жасағысы келмейді, сондықтан да мұның бәрі – бос ауа қармау.

ЖАС ӘРІ ЖАРАЛЫ

- Су қоймаларымыздың су деңгейінің геосаяси мәселелері де бар, әр жыл сайын біздің бассейнімізге көрші Ресейден су аз жіберіледі, дегенмен, балық бұл жағдайда да тірі қалуға тырысады, сондықтан оларға көмектесу қажет. Сөрелерде тұрған балық денелеріне қарасаң, әрі кетсе, 3-4 жылдық жас балық, ол кейде уылдырықты да болып келеді, бұл балық өсімінің ауыр ахуалының тағы бір көрінісі, жалпы шоқыр 6-7 жылдығында ғана жыныстық жағынан жетіледі.

- Ол осылайша тұқымын жалғастырғысы келе ме?

-Иә, менің ойымша, бұл - жаппай қырып-жоюға қарсы биологиялық өсімнің жауабы. Мәселен, сайғақты алайық. Жұттан кейін үйірдегі киіктердің көпшілігі қырылғанда аналық сайғақ өмірге әдеттегіден 2 есе көп ұрпақ әкеледі, осылайша олар өсімді қалпына келтіруге тырысады. Мына 3-4 жылдық бекірелердің уылдырығы бар, яғни, бұлар да өз сандарын қалпына келтіргілері келеді. Бұл - популяцияның өте нашар жағдайда екенін білдіретін табиғи әсер, бұл - тығырықтан шығу жолы.        

- Мұндай уылдырықтан ұрпақ тарай ма?

- Әрине, бұл уылдырықтар уақ болып келеді және әлсіз де ұсақ ұрпақ береді. Алайда балықтың осындай уылдырығымен де ешқайда жете алмау фактісі көз алдымызда, оған ешқандай мүмкіндік бермей жатырмыз.

 

«БАРЛЫҚ ДЕРЕКТЕР БАЗАСЫ АСТРАХАНДА ҚАЛДЫ»

- Каспийдегі бекірелер популяциясының қысқаруы қашан басталды?

- Менің комиссияға қатысқан кезеңім 2006 жылы аяқталды. Мен зейнеткерлікке шықтым және енді менің қолыма құжаттар тимейді. Бұл ахуалдың алғышарттары кеңес кезеңінде басталды деген нұсқа бар, сол кезде балық шамадан тыс көп ауланды, қалпына келтіру жұмыстары да жүріп жатты, алайда Жайықтың бір артықшылығы өзінің табиғи уылдырық шашатын жерлерінде еді. Бізде Еділ өзеніндегідей гидроэлектр станциясы, бөгеттер жоқ. Жайық табиғи уылдырық шашатын орындарға бай болды, күрделі мелиорациялық жұмыстар жүргізілді, балық та көп болды, олар кедергісіз уылдырық шашуға бара алды, өсім пайызы жоғары болды. Сондықтан да бар күш табиғи өсімге салынды, табиғи уылдырық шашатын орындардың тиімділігі жоғары еді. Бәрі қалыпты жүріп жатты, мелиорация жүргізілді. Бүкіл Одақ Каспий балығына мүдделі болды, балықтар тікелей Мәскеуге кетті. Яғни, ахуал мүлдем басқа еді.

Түсінесіздер ме, жасанды балық өсіру жақсылықтан болып жатқан дүние емес, мұны тек табиғи өсімге жағдай жоқ кезде ғана қолға алу керек. Содан кейін, жасанды жағдайлармен өсірілген балықтардың жыныстық жетілу жасына келгенде толыққанды ұрпақ бере алатындығына ешкім зерттеу жүргізген жоқ. Шабақтарға белгілер салынып, олардың әрі қарайғы тағдырларына бақылау жасау керек. Астраханда мұндай жұмыстар жүріп жатыр, алайда бұл Еділ өзені жағдайына құрылған. Ал, бізде бұған ақша бөлмейді.

Егер менің өзімнің жеке зерделеулеріме келсек, 2006 жылы бұрынғыдай болмаса да, балық жеткілікті еді. Үрдіс Жайық тайызданғанда басталды. КСРО тарағаннан кейін қазақстандық ғылымның жеке бөлінуі кезінде мүлдем шиеленісіп кетті. Одақ кезінде жүргізілген Каспий бойынша барлық ғылыми зерттеулер, мониторингтер, көпжылдық қадағалаулар сол жерде жинақталған еді, үлкен деректер базасы жиналды, осылардың барлығы да аумақтық принцип бойынша Ресейде қалды. Осы мықты базаны ресейлік тарап сақтап қалды, бүгінге дейін астрахандық КаспБШҒИ-ға қаржы аударып отыр. Ал бізге нөлден бастауға тура келді, ешкімнің қаржы салғысы келмеді. Теңіз зерттеулері жүргізіліп, ғылыми флот құру керек еді. Аса маңызды емес нәрселерді қаржыландырулар да болды. Ғалымдарымыз бес тарапты комиссия лимитін негіздей алмайтын халге жетті, өйткені, Қазақстан қаржы салмады, өзіміздің балықшаруашылық базамыз болмады. Ақша салмасаң, аулай да алмайсың. Біз ғылыми қызметкерлердің 5 мемлекеттің бүкілкаспийлік түсіріліміне қатысуын әрең дегенде  қамтамасыз еттік. Теңіз бойынша деректер базасы мүлдем жоқ, біздікілер зерттеулерін өзенде жасайды, ал өзенге бекіре кірмейді, міне, ғылым жоқ деген - осы. Бекіре тұқымдастарын аулауға тыйым салынғанына 5 жыл болды, ал біздің ғалымдарымызда деректер жоқ. Қазір олар мұны ұзарту керек деп те айта алмайды. Теңіз зерттеулері жүргізілмейді, кеме жоқ, мораторийдің экономикалық және биологиялық әсерлеріне ешкім баға бере алмайды, тағы да сол – деректер жоқ. Не болып жатыр, балық неге жоқ – нақты ешкім білмейді.

Өйткені, Каспийдің мүдделерін қорғайтын арнайы құзыретті орган болуы керек, ал қазір бұл ведомстводан «балық» деген сөзді де алып тастады (Жамалова жақында болған экология министрлігінің қызметтерін энергетика министрлігіне беру туралы айтып отыр – З.Б.). Яғни, биоресурстарды басқарудың негізгі бассейндік қағидатын алып тастады. Енді өзен-көлдер облыстар бойынша бөлінген, бір балықты әр маусымда әр облыстарда санайтын болады.

Енді балық инспекторлары орманшы болды ғой: олар орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясында жұмыс жасайды. Жайық бар, Каспий бар, бұл енді бассыздық. Балық инспекциясы болғанның өзінде оларда өз флоты, теңіз кемелері, жанармай алатын ақшалары болмады. Ал олар бақылап, қорғаулары керек қой. Енді не болары белгісіз.

- Жағдай соншалықты нашар ма?

- Солай ма деп қорқамын. Біздің қазіргі міндетіміз – жоғалтып алмай, қорғау. Біз тап қазір лимиттерді бөлуге қатысу құқығын жоғалтуға жақынбыз, шындығында, тыйым салатын уақыттары болды. Бұл Қазақстанның Каспий жағалауында отырып, өз құқығын жоғалтуы болып табылады! Жас бекіре балықтарының базар сөрелерінде ашықтан-ашық балғын, ысталған, тұздалған түрлерінің тұруы - қай жерге жеткеніміздің анық көрінісі.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

4 желтоқсан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.