Атырау, 29 наурыз 17:48
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Қаланы Жайық бойымен солтүстікке қарай саламыз

3 188 просмотра

4 қарашада қалалық мәслихаттың кезектен тыс 28-ші сессиясы өтті. Күн тәртібінде тек бір мәселе – Атырау қаласының 2045 жылға дейінгі Бас құрылыс салу жоспарының тұжырымдамасы қаралды.

Өткен жылдың желтоқсанында бұл мәселе облыстық әкімдіктің кеңесінде талқыланған болатын («Атырау Жайық бойымен солтүстікке қарай созылады»). Сол кезде құрылыстың «түзулік» жоспары таңдалып алынды, яғни, қала солтүстік бағытта өзеннің екі жағасын бойлай салынады.

Баяндама жасаушы, «Казгипроград-1» жобалау институтының директоры Валентина БАРКОВА қызықты цифрларды атады. 2014 жылдың 1 қаңтарында қала маңын қосқанда Атырау қаласының тұрғындары 314,5 мың адамды құраған, бұл облыс халқының 55,4 пайызы. 2030 жылға дейін Атырау халқы 350 мыңға дейін, ал 2045-2050 жылдарға қарай 400 мың адамға дейін көбейеді деп болжанып отыр. 2045 жылға қарай қала маңындағы 26 елді мекеннен картада тек 10-ы ғана қалады. Балықшы, Жұмыскер, Рембаз, Ракуш, Ақжайық, Водников, Көкарна, Құрсай, Геолог, Бірлік, Новокирпичный (Береке), Томарлы, Ақсай, Ақжар, Талғайраң, Теңдік теміржол разъезді, Махамбет ауданының Алмалы мен Береке селолары қаламен қосылып кетеді. Осының есебінен қала аумағы үш есеге дерлік үлкейеді (16 мыңнан 45 мың га-ға дейін) және 16 тұрғын аудандарға бөлінетін болады.

Залдан сұрақ қойылды:

Неліктен Бас жоспарды әзірлеу кезінде жобалаушылар Атырау қаласы көп қабатты үйлермен емес, жеке сектордағы 1-2 қабатты үйлермен салынады деп есептеген?

Баркова Атыраудың әлі күнге дейін негізінен жеке сектор есебінен салынып жатқанын айтты. Салынған тұрғын үй массивтерін біртұтас организмге біріктіріп, жетіспейтін инфрақұрылыммен жабдықтау керек.

Біз Атыраудан «үлкен деревня» жасайын деп отырғанымыз жоқ. Бірақ өздеріңіз қараңыздар, бүгінде қалалық әкімдікте жеке құрылыс салуға жер алу үшін кезекте 65 мың адам тұр. Біздің мәліметтерімізге сәйкес, әрбір оныншы атыраулықтың тұрғын алаңы жүз шаршы метрден кем болмайтын мықты үй салып алуға мүмкіндігі бар. Ал әрбір бесінші адам әлеуметтік қорғалмаған топ өкілі болып табылады. Олар үшін коммуналдық баспана салыну керек. Қалғандарының да қарапайымдау жеке үй салуға мүмкіндіктері бар. Бас жоспарға көппәтерлі үйлер аз салынған деп босқа айтып отырсыз. 2045 жылға қарай баспананың 46 пайызы абаттандырылған ықшамаудандардағы пәтерлер болады.

Қалалық мәслихаттың депутаттары Бас жоспардың тұжырымдамасын бірауыздан бекітті. Енді оны облыстық мәслихатта қарау мәселесі тұр.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

4 қараша 2014, 17:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.