Атырау, 20 сәуір 09:29
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Бабалар мекенінен жай тапты

4 234 просмотра

Иштван Қоңыр МАНДОКИ жұбайы ОңайшаменИштван Қоңыр МАНДОКИ жұбайы ОңайшаменҚыркүйек айының аяғында Астанада ХХ ғасырдың кемеңгер түркологы, еуропалық қыпшақтанудың негізін қалаушы Иштван Қоңыр МАНДОКИГЕ арналған халықаралық форум өтті Түркітанушының бай мұрасы»).

Форум жұмысына оның жұбайы Оңайша (Айша) МАНДОКИ қатысты. Ол елімізге күйеуінің 16 мың кітаптан тұратын ерекше кітапханасын тарту етті. Біз Оңайша апаймен оның туған жері - Құлсары қаласына келген сапары кезінде Атырауда кездесіп, әңгімелестік.

Айша Мақсымқызы өткен ғасырдың 80-ші жылдары жұбайымен бірге Венгрияға кеткен, қазір де сол жерде, Будапешт қаласында жалғыз ұлы Атланмен бірге тұрып жатыр. Ол өте белсенді адам, жасы келіп, зейнеткерлікке шықса да, Лакителек Халық Университетінің шығыстану бөлімінде қазақ тілінен сабақ береді, Венгрия депутаттары үйіндегі жұмыстарға араласады, ел Парламентімен бірлесе жұмыс жасайды.

Әрине, Мандоки есімін бұрыннан жақсы білемін, алайда, Айша апамен танысқаннан кейін ғана оның тұлғалық маңыздылығының зор екендігіне көзім жетті. Мандоки өз елі шынайы тәуелсіздікке қол жеткізбестен көп жыл бұрын (Венгрия қырғи қабақ соғыс кезінде Варшава Шарты Ұйымының құрамында болып, шын мәнінде КСРО-ның қол астында болды) өз халқының шыққан түп-төркінін зерттеп, сол кезде сорақы көрінетін түркі халықтарын біріктіру туралы ой туғызған еді.

 

300 МЫҢ ВЕНГР ҚЫПШАҚТАРЫ

-Айша апа, ғаламтордағы ақпарат көздерінен мен венгрлер, тарихи атауы – мажарлар Шығыс Еуропаға Оралдың солтүстік бөлігі мен Батыс Сібірден бірінші мыңжылдықтың аяғында, 9-10 ғасырларда көшіп келгенін, ал, түріктердің екінші ағыны монғол-татар шапқыншылығы кезеңімен тұстас болғанын білдім.

«АЖ» анықтамасы:
Қыпшақ тілі – қазір қолданыста жоқ көне қыпшақтардың тілі. Түркі тілдеріне жатады. ХІІІ ғасырдан бастап Алтын Орданың ұлт аралық әдеби, ресми тілі ретінде қолданылған. Кейіннен ол татар, башқұрт, қазақ, қарашай-балкар, құмық, ноғай, қарақалпақ және басқа тілдердің негізіне айналды. Орта ғасырларда қыпшақ тілінде Орталық Азия, Кавказ және Азов теңізі маңынан келген тұтқын қыпшақтардың тұқымы болып табылатын Мысырдың мәмлүктері сөйлеген.

-Иә, бастапқыда мажарлар бастаған түріктер мен угорлардың одақтық тайпалары Карпат өткелі арқылы Паннонияға – Рим империясының шығыс провинциясына табан тірейді. Екінші үлкен ұлы көш 13-ғасырларда басталды. Сол кезде 14 ірі рудан құралған қыпшақтардың ірі тайпалық бірлестігі Венгрияға қоныстанды. Қоңыр Мандоки - солардың ұрпағы. Екі ұлы көштің арасын 300 жылға жуық уақыт бөліп тұрса да, жаңа көшіп келген халық мажарлардың өздеріне жат халық еместігін білді. Сол кездегі король Төртінші Бэла қыпшақтарды жылы қарсы алып, қоныстанатын жерлерін өздері таңдап алуға мүмкіндік жасады. Қыпшақтар өзара кеңесіп, бай шабындықты жақсы жерлерге қол салмай, мал шаруашылығы үшін өздері тастап кеткен сар далаға ұқсас жерді таңдайды. Алайда, жерге мұрагерлік құқықпен немесе қызметі үшін ие болған венгр князьдары корольдың бұл жомарттығына наразы болып, Қыпшақ ханы Котян моңғол-татарлармен «ауыз жаласқан» деп өсек таратып, оны өлтіреді. Бұл оқиғалардан көңілі қалған қыпшақтар кері елдеріне қайтуға бел буып, жолға шығады. Алайда, оларды Бэла король қуып жетіп, қайтып оралуларын өтінеді. Кейіннен ол өз баласына қыпшақтан қыз алып беріп, осы румен құдандаласады. Бұл жағдай да ақсүйек князьдардың шымбайына батады. Ал, король ешбір жаудан тайсалмайтын жауынгер қыпшақтарды қатты сыйлады. 

Кезінде қыпшақтар қоныс тепкен жер қазір Үлкен және Кіші Кумания деп аталады. Өздерін солардың ұрпағымыз деп санайтындардың саны 300 мың адамды құрайды. Алғашқы уақыттарда қыпшақтар өз тектері мен ділдерін сақтау үшін бір-бірінен ғана қыз алып, қыз беріскен, Көк Тәңіріне сыйынған. Алайда, бірнеше ғасырлар өткеннен кейін биліктің қыспағымен христиандықты қабылдауға мәжбүр болды. Алайда, бұл жерде де өз дегендеріне салды. Жаңа дінге мойынсұнса да, католиктік емес, христиандықтың діни рәсімдері аз реформаторлық бағытын қабылдады.

Мандокидің 1992 жылы Қазақ радиосына берген соңғы сұхбатынан: «Мен 1974 жылдан бері жыл сайын Қазақстанға келемін, әр келген сайын өз тілінде сөйлемейтін немесе он сөзінің сегізі маған түсініксіз «бұзылған» тілде сөйлейтін жас жігіттер мен қыздарды көп кездестіремін. Тілі таза емес елдің ой-санасы да таза болмайды. Қазір кейбір жастар әке-шешесін кінәлайды. «Мені әке-шешем қазақ тіліне үйреткен жоқ, орыс мектебіне берді, қазақша қалай сөйлейміз», - дейді. Мен барлық қазақтарға мынадайды айтқым келеді: өз тілдеріңді ұмытпаңдар, сақтаңдар оны. Біз, қыпшақтар, тілден айырылдық. Бұл - адам баласының басына түскен үлкен кесел. Құдай адамды жазалағысы келсе, санасынан айырады деген нақыл сөз бар. Мен мұны басқаша айтайын: Құдай халықты жазалағысы келсе, тілінен айырады».

Дін мен тұрмыс-тіршіліктің ауысуы, өкінішке орай, діл мен тілден айырылуға әкеліп соқты, 17-18 ғасырларда қыпшақтар ана тілін ұмытты. Бұл түсінікті жайт еді. Қаншама ғасырлар өтті. Алайда Венгрияда жер-су аттарының түрік атаулары әлі күнге дейін сақталған. Мәселен, Қоңыр дүниеге келген Карцаг қаласы дала түлкісі - қарсақтың атымен аталған. Кейбір салт-дәстүрлер де сақталған. Мысалы, венгр кундары (венгрлер қыпшақтар ұрпақтарын солай атайды) қадірлі қонаққа қойдың басын тартады, алайда, өкінішке орай, бешбармақ пісірмейді. Есесіне жуа мен қызыл бұрыш салып, қуырдақ пісіреді. Бақытымызға орай, Қоңырдың ғылыми еңбектерінің арқасында қыпшақтардың дұғасы сонау көне замандардан бізге дейін баға жетпес құндылық ретінде жетті. Қыпшақ тілінде «Көктегі әкеміз» (Отче наш) дұғасы былай айтылады: «Біздің атамыз кім-сін көкте – Сентілесің сенің адың – Дүшсің сенің көңлүң – Нечік кім йерде алай көкте – Бізің екмегімізні бер бізге бүт – бүтүн күнде – Ілт бізің міңімізді – Нечік кім біз де ійерміз бізге өтрү келгенге – Ілтме бізні ол йаманға – Қутқар бізні ол йаманнан – Сен барсің бү күчлі бу чын ійгі – Тенри, Амен». Көктегі Әке венгрлік қыпшақтар үшін Көк Тәңірі болды.

- Осы дәуірлердегі қыпшақтардың мәдениетінен көрініс беретін археологиялық жәдігерлер табылған шығар.

- Иә, Шенгел деп аталатын жерден 13-ғасырлардағы 30 жастағы жас рыцарьдың мүрдесі табылды. Жанында жылқысы мен сауыт-сайманы қойылған. Венгр тілінде «Шенгел» деген сөз жоқ. Мен бірде археолог Ференц Хорватпен әңгімелескен кезде оған бала күнімнен білетін, қазақтар арасында кең қолданылатын «шеңгел», «шеңгелді» сөздері бар өлең айтып бердім. Ғалым мен айтқан  осы уәжге қатты риза болып, табылған мүрденің қыпшақ жауынгеріне тиесілі екендігіне біржолата сенді. Дегенмен, бұл жерлерді 18-ғасырдан бастап христиандар мекен еткен.

 

«ОЛ ЕШҚАШАН ЕШКІМНЕН ҚОРЫҚҚАН ЕМЕС»

- Қоңырдың өз қыпшақтық тегіне деген қызығушылығы қашан оянды?

- Отбасы ортасында өткізген кештерде, атасы мен әжесінің тізесінде отырып бала Қоңыр алыс шығыс далалығындағы ата-бабаларының атамекені туралы әңгімелерді естіп өскен. Қариялар жастардың туған ана тілін білмейтіндігіне қатты қынжылатын. Бірде Қоңыр мектепке бара жатқан жолда кеңес әскерлері гарнизонының әскери көлігін айдайтын қазақ жауынгерін кездестіреді. Бала онымен дос болып, оған өзінің де қыпшақ екенін айтады. Қоңыр одан қазақ тілін үйреніп, өз тіліне ұқсас көптеген сөздерді кездестіреді. Кезінде, түркі халықтары бөлінбеген кезде бәріміз бір тілде сөйледік қой. Қазір болар бір-бірімізді түсінбейтініміз. Осы өзгешеліктеріміз белгілі бір күштердің халқымызды бөлуге күш салғанының салдары екені құпия емес қой. Қазан төңкерісінен кейін бізді күштеп латын қарпіне, кейін кириллицаға көшірді. Міне нәтижесі: біздер, түріктер, бір-бірімізді әрең түсінеміз. Қоңыр бұдан 30 жыл бұрын, Венгрияда өз тегіңді айту қорқынышты болған кезде қыпшақпын деп мақтанатын. Сол кезде адамдар оған жақындаудан да қорқатын. Ол өзі ешқашан ешкімнен қорыққан емес. «Қорқақ ердің отаны болмайды», - дейтін ол.     

-Қазір Венгрияда өзін қыпшақпын деп айтуға қорықпай ма? Қыпшақ тілінде оқытатын мектептер бар ма?

- Қыпшақ тілінде мектептер жоқ, бірақ мектеп бағдарламасында қыпшақтар тарихы оқытылады. Парламентте бірнеше қыпшақ депутаттар бар. Тегі қыпшақ министрлер де бар. Белгілі түркологтардың көбі – қыпшақтар. Жалпы қыпшақтар Венгрияның қоғамдық және мәдени өмірінде үлкен рөл ойнайды.

 

«ОЛ ҚАРА ЕМЕС ҚОЙ!»

- Айша апа, Қоңыр ағамен қайда, қалай таныстыңыздар?

- Алматыда, Қоңыр ғылыми іссапарға келгенде. Мен ол кезде институтты бітіріп, аспирантурада оқып жатқанмын. Салыстырмалы грамматиканы зерттедім. Сол кездің өзінде ақылгөй анам күйеуге кету туралы ойлануымды ескертіп отыратын. Мен күйеуден гөрі ғылымды көп ойлайтынмын. Бірде дос қызым Әлияның үйлену тойында көзім бізге көп ұқсамайтын адамға түсті. Ол да маған қарады. Бастапқыда бұған мән берген жоқпын. Оны маған Венгриядан келген қонақ деп таныстырды. Сол кезде шетелдік түгілі орыстың бетіне қарауға именетінбіз, тәрбиеміз солай болды. Тойдағы үстелдер арасындағы үзіліс кезінде ол жаныма келіп, қай рудан екенімді сұрады: «Сіз батыс Қазақстаннан емессіз бе? Адайсыз ба? Бұл сіздің өзіңізді еркін ұстауыңыздан көрініп тұр». Мені шетелдіктің қазақтың қай ел екенін айыра білуі қатты таңғалдырды. Таңғалдым және қызығушылығым оянды. Біз осылайша таныстық. Төрт ай кездестік. Біртіндеп достығымыз үлкен сезімге айналды. Қоңыр маған қазақ жігіттері сияқты сөз салды. Менімен ұзақ уақыт бірге өткізіп, сол кезде ауырып жатқан анама да қамқорлық жасады. Біз ауруханаға бірге баратынбыз, ол, тіпті, анама ота жасағанда түнімен көшеде отырды. Есін жиған анам бізге батасын беріп: «Мына адамға күйеуге шық. Ғалым, зиялы адам, біздің тарихымызды біледі, өз халқын сүйеді. Әкеңе бәрін өзім түсіндіремін», - деді ол маған.

- Сіздердің некелеріңізде Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ қандай рөл ойнады?

- Олжас аға мені қарындасым, Қоңырды досым дейтін. Біз қосылғаннан кейін ол Гурьев облыстық партия комитетіне телефон соғып, біздің келетінімізді ескертті. Гурьевке ұшып келгенде бізді қызыл кілем жол мен бір топ делегация қарсы алды. Қоңыр сол кезде өңірімізге келген бірінші шетелдік болар деп ойлаймын. Құлсарыға екі қара «Чайкамен» келдік, ал үйімізді милиция қоршап тұр. Үйде қадірлі қонақтар – ақсақалдар мен аудандық партия комитетінің мүшелері күтіп отырды. Үйге кіріп келгеніміз сол еді, «Мынау қара емес қой!» деген саңқылдаған дауыс шықты. Менің аңқау жерлестерім венгрді негр деп ойлаған ғой (күледі). Содан кейін Қоңырды төрге шақырды, алайда ол «күйеу баланың орны - тулақ» деп, өз орнын білетінін таза қазақша айтып, отырғандарды тағы бір таңғалдырды. Бір сөзбен айтқанда, барлығын баурап алды, кеш бойы Қоңыр ақсақалдармен сүйсіне әңгімелесті. Кейіннен Олжас Сүлейменов бізге КСРО-дан шығуға көмектесті. Біз шығуға рұқсатты бір жыл күттік, ал ол МҚК-ға телефон соғып, жауапкершілікті өз мойнына алып, бізді жіберуді сұрады.

(Сұхбатымыз кезінде Айша апа Астанада қалған ұлы Атланмен скайп арқылы сөйлесті. Олар біздер сияқты қазақ тілінде қатынас жасайды екен. Туғаннан Венгрияда тәрбиеленген 22 жастағы жас жігіт анасының тілін керемет біледі екен).

Орындалған арман

- Қоңыр аға Қазақстанда жерленген. Бұл оның соңғы тілегі ме еді?

- Иә, ол өзін қайтыс болғаннан кейін ата-баба мекеніне жерлеуді қалады. Сондай-ақ, мен оның өмірінің бар мәні болған сүйікті кітаптары да атамекенге әкелініп, жанымен қауышқанына, қазақтар айтқандай, рухы жай тапқан шығар деп ойлаймын. Мұны түсіндіру өте қиын, алайда дәл осылай екенін сеземін. Басқа да жақсы жаңалықтар бар. Астанада Мандоки есімімен көше және мектеп аталатын болды. Алматыда да Қоңырдың шығармашылығын ұнататын адамдардың бірінің арқасында Мандоки атауы мектептердің біріне берілді. Бұл адамның аты Ернар МАСАЛІМ, алайда Қоңырға берілгені соншалық, достары мен әріптестері оны Ернар Мандоки деп атайды. Ол екі тілде – орыс және қазақ тілдерінде көпшілікті таңғалдырған талай кітаптар жазды. Соның бірі – менің жұбайыма арналған – «Тіспен ауырған Қоңыр бақсы» кітабы (Ернар Масалімнің өзі кезінде Айша апа туралы бар өмірін жұбайының ғылыми мұраларын зерделеуге және оның идеяларын Венгрия мен Қазақстанда насихаттауға жұмсаған лингвист ғалым деп атап өткен болатын – Л.С.).

Мандокидің кітапханасының Түрік Академиясында орналасқаны да бір белгі сияқты. Бір сөзбен айтқанда, Қоңырдың түркілерді біріктіру туралы арманы, Аллаға және Көк Тәңіріне шүкір, орындалып жатыр.

Әңгімелескен Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суреттер Мандоки отбасының мұрағатынан

 

P. S.Үстіміздегі жылдың 16 қазанында Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Түрік академиясын құру туралы келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойды. Түрік академиясының негізгі міндеттеріне түркология саласындағы зерттеулерді реттеу және көмек көрсету, барлық түркі халықтарына ортақ әдеби тіл жасау, түркі тілдеріне ортақ әліппи әзірлеу және тағы басқалар жатады.

30 қазан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.