Атырау, 29 наурыз 06:54
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

2015 жылы қазақ мемлекетінің 550 жылдығы тойланады

3 060 просмотра

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы Қазақстанда қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығы мерекеленетінін мәлімдеді.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 22 қазан күні Астана қаласының активімен кездесу барысында Назарбаев қазақ мемлекеттілігінің тарихы Керей мен Жәнібек алғашқы хандықты құрған 1465 жылдан басталатынын айтқан.

«Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз - бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырушыларымыз" деген.

Қазақстан президенті бұған дейін тәуелсіз Қазақстанның қазіргі аумағында 1992 жылға дейін "қазақ мемлекеттілігі мен шекарасы болмағанын" әлденеше рет айтқан.

Президент Назарбаев 2005 жылы: «Қазақстанның, қазақтардың ешқашан шекарасы болмаған. Қазіргі шекараларда мемлекеттіліктің белгісі ешқашан болмаған» деген.

Бұл пікірін  2011 жылы да қайталаған Нұрсұлтан Назарбаев: «Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекеті болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ. Тұңғыш рет қазақтың шекарасын шегелеп, БҰҰ-ға жеткіздік... Ешқашан қазақ өзі таңдап өз астанасын салған жоқ» деп мәлімдеген еді.

"Қазақтарда бұрын мемлекет, мемлекеттілік болмағанын" Ресей президенті Владимир Путин де айтқан. Биыл тамыздың 29-ы күні бүкілресейлік жастар форумында сөйлеген Путин "қазақтарда мемлекет болмағанын", "мемлекетті Назарбаев жасағанын" айтқан.

"Ол (Назарбаев) ерекше нәрсе жасады. Ол ешқашан мемлекет болмаған аумақта мемлекет құрды. Қазақтарда ешқашан мемлекеттілік болмаған" деген еді Ресей президенті сол сөзінде.

Дереккөз: Азаттық радиосы

23 қазан 2014, 17:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.